Джакомо Пуччини
Опера
Либретто авторлары Джузеппе Адами және Ренато Симони, Карло Гоццидың аттас ертегісінің желісімен. Алғашқы қойылым 1926 жылдың 25 сәуірінде Миланда өтті. «Астана Опера» театрындағы премьерасы – 2018 жылғы 22-23 маусым.
3 бөлімді опера
Итальян тілінде орындалады
(қазақ және орыс тілдеріндегі синхронды аудармамен)
БІРІНШІ БӨЛІМ
Қараңғы түнде Бейжіңдегі император сарайының маңына жұрт жинала бастайды. Мандарин (шенеунік) патша жарлығын жария етеді: кімде-кім Турандоттың жасырған үш жұмбағына жауап тапса, ханшайым оның өмірлік жары атанады. Ал қателікке бір рет жол берген үміткер басынан айырылады – осылай тасжүрек ханшайымның кесірінен көптеген жан өмірімен қош айтысқан. Жендеттің айбалтасы үш жұмбақтың сырын аша алмаған жас парсы ханзадасын күтуде – таңсәріде ол да жазаланады.
Абыр-сабыр болған көпшіліктің арасынан тағынан айырылған қарт татар ханы Тимур мен оның адал күңі Лиу шығады. Жиналған топ екеуін таптап кете жаздайды, алайда оларға сымбаты келіскен жас жігіт көмекке келеді: осылайша Тимур өлі деп санап жүрген ұлы Калафты кездестіреді. Олар қуанышпен қауышып, сағыныштарын басады, ал бақытқа кенелген Лиу жас ханзаданы құрметпен қарсы алады: күң бұрыннан Калафқа жауапсыз ғашық.
Жұрт таңның атуы мен одан кейін орын алатын қанды көріністі күтуде. Жендеттер құрбан атанған парсы ханзадасын ортаға алып шығады. Сарай маңында жалынып-жалбарынған жандардың дауыстары естілсе, жоғарыдан махаббат деген сезімнен жұрдай сұлу Турандот көрінеді. Қыздың көркіне тәнті болған Калафтың жүрегінде арман оты алаулап, тағдырдың сынағына түсуге бел буады. Оның көзінше парсы ханзадасының басы алынады. Тимур ессіз құштарлыққа берілген ұлынан тура жолдан таймай, басын қатерге тікпеуін өтінеді. Патша министрлері Пинг, Панг және Понг Калафты қауіпті қадам жасаудан тоқтатқысы келеді, оларға жиналған топ та қосылады. Бірақ бәрі де бекер – оны ешкім көндіре алмас. Калаф алып гонгты тарс соққанда, патша сарайының қақпасы айқара ашылады.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Бірінші көрініс
Пинг, Панг және Понг мазасыз түн кешірді. Олар қаншама жыл бойы жалғасып келе жатқан қантөгісті қалай тоқтатуға боларын ойлап, толғанады. Қытай елінің бейбіт күндері аяқталып, күш-қуаты таусылып қалғанын сезген үш министр қайғыға душар болды. Олар өз елі мен халқының тағдырына уайымдауда.
Екінші көрініс
Патша сарайының алдына халық жиналады. Император Альтоум бейтаныс ханзаданы кеш болмай тұрғанда сынақтан бас тартуға көндіруге тырысады. Алайда бәрі бекер, ханзада айтқанынан қайтар емес. Мандарин қатал сынақтың шарттарын қайталайды. Турандот келеді: оның тұла бойын ерлер қауымына деген жеккөрініш билеген. Ханшайым қатарынан жасырған үш жұмбақтың бәріне бейтаныс ханзада жауап береді. Алғашқысын оп-оңай, екіншісін біраз ойланып шешеді, ал үшіншісінің сырын табарда әбден бейнетке түсіп, өмір мен өлімнің арасында болады. Құты қашып сасқалақтаған Турандот әкесіне жалбарынып, үкімін қайтаруын әрі оны ерлерден құтқаруын сұрайды. Бірақ император өз сөзіне берік: Турандот үш жұмбақтың түйінін шешкен адамға тұрмысқа шығуы тиіс. Бейтаныс ханзада ханшайымды мәжбүрлегісі келмей, жаңа сынақ ұсынады: егер Турандот күн ұясынан шыққанға дейін жігіттің есімін тапса, қыз жеңіске жетіп, ханзаданың басы алынады. Император бұл шартты қабылдайды.
ҮШІНШІ БӨЛІМ
Бірінші көрініс
Ұйқысыз түн кешкен Бейжің тұрғындары Турандотқа бостандық сыйлайтын құпияның шешімін іздеуде, алайда бейтаныс ханзаданың есімін ешкім білмейді. Патша бағында Пинг, Панг және Понг Калафпен кездесіп, қала тұрғындарын қауіп пен азаптан құтқару үшін оның Бейжіңнен кетуін өтініп, жалынады. Бұл кезде Тимур мен Лиу тұтқынға түскен, себебі белгісіз жанның есімі екеуіне мәлім еді. Егер олар оның кім екенін айтпаса, өлімге кесіледі. Лиу ханзаданың есімін білетінін мойындағанымен, ешқандай азап оны атауға мәжбүрлей алмайды. Қорлыққа бұдан артық шыдай алмаған Лиу өзіне қанжар сұғып алады. Турандот күңнің осыншама қайсарлығына қайран қалады. Кезекті жерлеу рәсімі қатыгез Турандоттың жаңа құрбанын о дүниеге шығарып салады.
Жалын атқан сөздерімен, албырт сезімімен Турандоттың жүрегін жібітіп, махаббат отын жаққан Калаф өз есімін атайды.
Екінші көрініс
Жиналған жұрт император сарайына қарай беттеуде. Бақытқа кенелген Турандот пен Калаф Императорға қарай жақындайды. Турандот әкесіне бейтаныс жанның есімі – Махаббат деп жариялайды! Мәз-мейрам болған халық ханшайымның сөзін құптайды: сынақ пен қантөгіс тоқтатылды.