Мазмұнға өту

Севильдік шаштараз

Джоаккино Россини

Опера

Либретто авторы Чезаре Стербини, Пьер Бомаршенің аттас комедиясы бойынша.

2 бөлімді комедиялық опера 

Итальян тілінде орындалады 

(қазақ және орыс тілдеріндегі синхронды аудармамен) 

І АКТ

Испандық ақсүйек жігіт Граф Альмавива дәрігер Бартолоның бай-ауқатты тәрбиеленушісі Розинаға ғашық, ал қарт дәрігер болса оған өзі үйленуге дәмелі. Альмавива Розинаның ізіне түсіп, кедей студент Линдороның кейпінде Мадридтен Севильяға жол тартады.

Альмавива дәрігер Бартолоның үйі маңында Розинаға арнап серенада айтады, оған әртістер мен музыканттар қолдау көрсетеді. Өкінішке орай, Розинаның жауабынан үміті үзілген Альмавива, қалада аты мәшһүр әрі қиын істерді шешуде қолы жеңіл шаштараз Фигародан көмек сұрайды. Олар бұрын кездескендіктен, Альмавива Севильяға неліктен жасырын келгенін ашып айтады. Ол Фигароның Бартолоға жақын екендігіне қуанышты, себебі шаштараз сол үйдің шаруасын жүргізеді. Екеуінің әңгімелесуі барысында балконға шыққан Розинаның қолында үйлеріне келіп жүрген көрікті студентке арналған хаты бар. Кенеттен келіп қалған Бартолоға қарамастан, Розинаның терезеден лақтырып үлгерген хаты Графтың қолына түседі. Альмавиваның Розинаға қызығушылық танытып жүргенін естіген Бартоло, уақыт жоғалтпастан тәрбиеленуші қызға үйленуге бел буады. Бартоло қызметшілеріне үйде өзі болмаған кезде ешкімді кірбізбеуді бұйырады.

Фигаро Альмавиваны Розинаның хатына тағы бір серенадамен жауап беруге көндіреді, алайда, ару үн қатпастан, оның әні доғарылады. Ақша берем деген уәдеге шаттанған Фигаро Альмавива мен Розинаның кездесуін жоспарлайды: граф дәрігер Бартолоның үйіне уақытша тұруға жіберілген мас сарбаз кейпінде келуі тиіс.

Салынған тыйымды бұзған Фигаро дәрігер Бартолоның үйіне барады. Көп ұзамай Бартоло кіреді де, Фигароның өзіне деген тиісті сый-құрметтен жұрдай екенін айтып, бетіне басады. Розина мен Фигароның не туралы сөйлескенін біліп алған ол қызметшілерін де сұрақтың астына алады. Розинаға ән сабағын беруге келген ұстазы Дон Базилиоға Бартоло барлық жағдайды жайып салады. Олардың әңгімелерін естіген Фигаро, Линдороға жоспар әзірлей бастайды, алайда ширақ Розинаның оны басып озғанын түсінеді.

Бартоло болса Линдороға хат жазды деп Розинадан күдіктене бастайды, ал тәрбиеленуші қыз еш кінәсі жоқтығын айтып ақталады. Отпен ойнамауын сұраған кәрі дәрігер оған шындыққа жанасатын басқа дәлел табуға кеңес береді.

Енді сарбаз кейпіне енген Альмавива Бартолоның үйіне «жайғасуға» келеді. Бұл құпия ғашығының дәл өзі екеніне көзі жеткен Розинаның қуанышында шек жоқ. Мас Альмавиваның іс-әрекетіне қатты ашуланған Бартоло айғай-шу шығарып, көршілері тәртіп сақшыларын шақыруға мәжбүр болады. Бірақ Бартолоның өкінішіне орай, Граф күтпеген жерден тұтқындалудан аман қалады.

ІІ АКТ 

Тағы да киім ауыстырып, алдауға кіріскен Альмавива өзін музыка ұстазы Дон Алонсо деп атап, Бартолоның үйіне келеді. Розинаның бұрынғы ұстазы Дон Базилионың сырқаттанып қалуына байланысты, оның орнына өзінің музыкадан сабақ беруге келгенін түсіндіреді. Бартолоның сеніміне кіру үшін Дон Алонсо қолындағы Альмавиваның Розинаға жазған хатын көрсетеді. Бартоло Розинаны сабаққа ертіп келеді. Ол ұйқыға кеткен кезде, Розина мен «Линдоро» бір-біріне махаббат сезімдерін білдіріп, осы түні қашуды жоспарлайды. 

Бартолоның сақал-мұртын қыру үшін Фигаро келеді. Ол сәті келгенде Розинаның балконын ашатын кілтті ұрлап алады да, ыдыстарды әдейі сындырып, музыка бөлмесінде отырған Бартолоны бері шығуға мәжбүрлейді. Бәрі жоспар бойынша жүзеге асуда, алайда күтпеген жерден Дон Базилио келеді. Бірақ Фигароның парасына сатылған ол кете барады. Фигаро Бартолоны қырындыруын жалғастырып, Розинаға ғашықтардың қашып кетуіне мүмкіндік беретін жоспарын ашады. Дегенмен, алдана қоймаған Бартоло жасырын жанның Альмавива екенін түсініп қояды. Уақытша болса да, ғашықтар үшін ойын аяқталады. 

Өкінішті күйде отырған Бартолоның қызметшісі Берта жас қыздарға үйленгісі келетін қарттардың ақымақтығы туралы ойын жеткізеді. Базилионың Алонсо жайында мүлдем естімегенін білген Бартоло көп күттірмей Розинаға үйлену жөнінде шешім қабылдайды. Розинаның Линдороға жазған хатын бетіне басқан Бартоло Линдороның еш күмәнсіз Альмавива атынан әрекет ететінін айтады.

Розина ашулы. «Қатты дауылдан» кейін Фигаро мен Альмавива ашық терезе арқылы баспалдақпен үйге кіреді. Олар Розинамен бетпе-бет кездеседі, қыз болса «оны пайдаланғаны үшін» Линдороға ренжулі. Шын мәнісінде оның Альмавива екенін білген кезде, Розина жігіттің құшағына енеді. Фигаро ғашықтардың қашып кетуін әзірлеуде, алайда олар кенеттен жолдың кесілгенін байқайды, себебі Бартоло баспалдақты алып тастаған.

Базилио Розина мен оның қамқоршысының некесін тіркеуге дайын нотариуспен оралады, бірақ пара мен күш көрсетудің нәтижесінде Базилио Розина мен Альмавиваның некелесуіне куәлік етеді. Бартоло мен судья тым кешікті, кәрі дәрігер Розинадан айырылғанын мойындауға мәжбүр. 

Published in Репертуар каз