«Астана Опера» балет труппасының Кремль сарайы сахнасындағы өнер көрсетуіне Мәскеу «Бәрекелді» деп ду қол шапалақтап, зор қошемет көрсетті! Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығы аясында қазақстандық труппа ұсынған «Бақшасарай бұрқағы» театр сүйер қауым мен музыкалық сыншылардың жоғары пікірлеріне ие болды.
Әйгілі сахнада көрермендерді Гирей хан туралы, нәзік те әсем Мария, құштарлыққа толы әрі қызғаншақ Зарема туралы аңыздар орын алған уақытқа жетелеген жарқын көрініс ашылды. Қазақстандық труппаның кәсібилігі арқасында Ресейдің Халық әртісі, балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың қойылымындағы балеттік-драмалық спектакль жаңа реңкке ие болды. Ол классикалық балет дәстүрінде жасалған, алайда қызықсыз әрі көрнекі емес, керісінше шиеленіскен драматизм мен түрлі эмоционалдық палитраны керемет үйлестірген қойылым болып шықты.
Басты кейіпкерлердің шеберлігі театр сүйер қауымның әсерін күшейте түсті: «Астана Опера» жетекші солисі Мәдина Басбаеваның орындауындағы Мария өте сенімді шықты, керемет техникалық жұмыс, актерлік ойын ең жоғары мақтауға лайық. Анастасия Заклинскаяның Заремасы есте қаларлықтай болды, оның әрбір жекелеген биі аяқталған оймен түйінделді, сюжет желісінің жалғасы іспетті толыққанды монолог болды. Данияр Жұматаев пен Қуат Кәрібаевтың Вацлав пен Нұрали бейнелерін сомдауы нағыз жеңіске айналды, әртістер өз кейіпкерлерін тереңнен сезініп, олардың мінез-құлқын дәл әрі сан қырлы жеткізді. Ал әртістер үшін Гирейдің партиясын орындау – мықты актерлік жұмысқа маңызды мәлімдеме, оны Тұрлыхан Тойған шүбәсіз еңсере алды. Ол Гирейдің жазықсыз құрбанның құнымен пайда болған «асау жанының қайта тууын» көрсетті. Спектакльдің көркемдік безендірілуіне келсек, оны сипаттайтын негізгі сөз орамы – асқақ өнер туындысы дер едік. Ал оны жасаған көрнекті италиялық сценограф Эцио Фриджерио, «Оскар» сыйлығының иегері, костюмдер бойынша суретші Франка Скуарчапино, сонымен бірге жарық және проекциялар бойынша суретшілер – Виничо Кели мен Серджио Металли.
– Соңғы 10 жылда Ресейде, атап айтқанда, Мәскеуде, Санкт-Петерборда, провинцияларда репертуарға драмалық балет спектакльдерін қайтаруға ұмтылыс бар, алайда өкінішке қарай олар үнемі нәтижесіз болып көрінеді, мұндай эстетика құрдымға батып, келмеске кеткендей әсер беретін. Әртістер оны сезіне алмайтын, ал спектакль жекелеген билер мен мизансценаларға ажырап кететіндей күйде болатын. «Астана Операның» қойылымында мен алғаш рет драмалық балет спектаклінің әбден жанды болғанын көрдім, жақында ғана осы әртістерге арнап қойылғандай, ол әртістермен шектескендей, оларға осы спектакльдің ішінде болу қызықты. Іс жүзінде барлық бишілер тамаша қабілеттерге, үздік техникаға ие, мінсіз мектептен өткені көрінеді. Хореография жоғары деңгейде екені байқалады, ұлттық сипаттағы билердің керемет екенін ерекше атап өткім келеді. Бұл ретте Татар биі ғана емес, оны негізінен барлығы жақсы билейді, ал поляк биі Мариин театрының өзінде тиісті деңгейде көрінбейтін, ал сіздерде Поляк актісі және дене, қол қимылдарымен барлық поляк билері өте жанды шыққан және бұл ретте аяқтар қалыс қалмайды.
Кремль сарайының сахнасы өте күрделі, оны «бағындыру» аса қиын. «Бақшасарай бұрқағы» бұл сахнада тамаша шықты, сахнаға әбден үйлесті. Әртістер үшін сахна мен залдың ара қатынасында табиғи заңдылықтан тысқарылықтың болмауы таңғалдырады, әдетте ешкім толтыра алмайтын осы кеңістікті олар толықтырды, – деді өнер көрсетуге өз бағасын берген ресейлік жетекші балет сыншысы Анна Галайда.
– Асыра айтқандық емес, Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» спектаклі Ресей астанасының мәдени өміріндегі оқиғаға айналды. Классикалық би жанкүйерлері Мәскеуде көптеген он жылдықтар бойы қойылмай жүрген Р.Захаровтың жауһарын тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Оның үстіне, Алтынай Асылмұратованың байыпты жолмен қалпына келтірген түпнұсқа нұсқасын тамашалады. Әлбетте, труппаның жалпы дайындық деңгейі де, әлемдік ауқымдағы бишілер деп атауға болатын жетекші партияларды орындаушылардың шеберлігі де шынымен таңдай қақтырды. Мәдина Басбаеваның орындауындағы Мария – тамаша әсерлі, рухты, балерина биі сондай нәзік, ол құдды бір қалықтап жүргендей сезіледі. Оның Вацлавпен дуэті (Данияр Жұматаев) керемет әсемдігімен, сезімталдығымен таңдандырды және кейбір сәттерде деміңді ішке тартып, қатып қалуға мәжбүр етеді – бишілер ең қиын би қимыл-қозғалыстарын соншалықты шебер әрі талғампаз түрде орындады. Анастасия Заклинская (Зарема) – би техникасын жақсы игерген балерина және сонымен бірге нағыз қайғылы бейнені жасайтын керемет актриса. Тұрлыхан Тойған (Гирей хан) да актерлік шеберлікті жақсы меңгерген. Қуат Кәрібаевқа (Нұралы) келетін болсақ, бұл биші өзінің мәнерімен, қарқынымен, жігерімен, ғажап техникалық қабілеттерімен қайран қалдырады.
«Астана Опера» театры ұсынған «Бақшасарай бұрқағы» – жоғары деңгейде танылған нағыз классикалық балет театры, мұнда спектакль режиссерлік жағынан да, хореографиялық жағынан да барлық ұсақ-түйегіне дейін жақсы ойластырылған – солистер шын мәнінде ғажайып, ал көпшілік қатысатын билер орындалуы бойынша мінсіз. Сондай-ақ сценографиясы да ең жоғары көрсеткіштерге жауап береді, – деп қорытындылады балет сыншысы Марина Долганова.
Гастрольдер үлкен шығармашылық ұжымның күшімен қол жеткізілген ортақ табысқа ие болды. Спектакль сәтті өтті, оны Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Ермек Көшербаев және басқа да көптеген танымал тұлғалар тамашалады. Ал шаттанған, риза көрермен қауым «Астана Опера» труппасымен қайта қауышуға үмітті екенін білдірді.