Мазмұнға өту

Біржан – Сара

Мұқан Төлебаев

Опера

Либретто авторы – Қажым Жұмалиев.

ЖАҢА МУЗЫКАЛЫҚ САХНАЛЫҚ РЕДАКЦИЯ 

2 бөлімді опера 

Қазақ тілінде орындалады 

(орыс және ағылшын тілдеріндегі синхронды аудармамен) 

І БӨЛІМ

Бірінші көрініс

Қазақтың Қоянды елді мекенінде дүбірлі той – жәрмеңке ашылды! Мұндағы сатылатын ғажайып тауарлардың молдығы көз сүріндіреді: жауған қардай ақ киіздегі өрнектер және қайталанбас суретпен көмкерілген әшекейлі күміс бұйымдар, бай ою-өрнекті әрі жібек шашақты қалы кілемдер… Небір халық өнерпаздары, шебер-қолөнершілері, әккі саудагерлер, бүркітшілер мен әртістер еңселі еңбек етуде! 

Міне, күймеде күмбірлетіп, болыс Жанбота өзінің сүйікті інісі Жиенқұлмен бірге жәрмеңкеге келеді. Ол халық қошеметін қабылдап, думанды жалғастыруға рұқсат береді де, айтыс жеңімпазына арнайы сыйлық тағайындағанын жеткізеді! Ал өзі інісіне сый ретінде қымбат мылтық сатып алады. Жәрмеңке жұрты шуласып, көңіл көтеруде.

Бүгінгі жыр жарысында атақты ақындар Біржан мен Сараның айтысатыны жайлы хабар қалың жұртқа жайылып кетеді! Олардың әндері мен ғажайып өнерін бұл өңірде еңбектеген сәбиден еңкейген қартқа дейін жақсы біледі! Бәрінің көкейінде бір сауал: кім жеңер екен?

Біржанның келгені туралы қуанышты хабарды жеткізген жас жігіт Естай әзіл-қалжыңымен көпшілік көңілін көтере отырып, «Ей, жігіттер, әнге бас!» – деп жар салады. 

Бір кезде, шаттыққа толы бидің үстінде Көкшенің Оқжетпесін, орман-тоғайы мен шатқал-құздарын, айдын көлдерін әнге қосқан Біржанның асқақ дауысы естіледі… 

Халық сонау Жетісу өңірінен келген сұлу Сараны зор қошеметпен қарсы алады!

Өзара ілтипат көрсеткен қос ақын бірден айтысқа кірісіп кетеді. Тапқырлығы мен ұтқырлығы жағынан айтыскерлер бір-бірінен кем түсер емес!

Сараның көңілі Біржанға қатты құлағанымен, ол болыс Жанботаның інісі Жиенқұлға еріксіз тоқалдыққа айттырылғанын ұмытпайды. Сондықтан Сараның үнін біртіндеп мұң басып, жанары жасқа толады…

Сайысқа қатты берілген Біржан өнері аспан кезген ұшқыр қызға күйеу жігіті Жиенқұлды еске салып, намысына тиеді… Бірақ, әп-сәтте Сараның әні айқын әрі жайдары шырқала бастайды. Олардың дауыстары мен әуендеріне рух бітіп, екі жанның ынтық үндері бір арнаға қосыла, көңілдері нәзік сезіммен тербеледі… 

Бұл сайыстың жеңімпазы жоқ! Ардақты ақындарының өнеріне тәнті болған халық оларды қошеметке бөлейді. Аспандағы Күн мен Айдай қос өнерпаз көпшіліктің батасын алып, бір-біріне жан жылуын төге түседі… 

Бұл жаппай қуаныш Жанботаның келуімен су сепкендей басылады. Ол ашулы: оның қызы Алтынай Біржанға ғашық екен, ал жаңа ғана оған бас иген жұрт енді оның інісі – Сараның күйеу жігітін келемеждеуде! Болыстың қатігездігін халық аяусыз әшкере етіп, Біржан салған «Жанбота» әніне бірден қосыла кетеді.

Жанботаның қаһарлы сөздері айналасына дүре салғаннан да ауыр естіледі. Ашуға булыққан ол нөкерлеріне Біржанды ұстауға әмір береді, бірақ халық ақынға жақтасып, шыға келеді. Күлкіге қалған Жанбота жәрмеңкеден кетуге мәжбүр. Халық ән мерекесін одан әрі жалғастырады…

Екінші көрініс

Сарқырама баурайындағы туған ауылында, өз киіз үйінде әнші Біржан терең ой үстінде отыр. Бар мұңы – Сара жайлы. Біржанды уайымдаған Аналық, сүйікті ұлының көңілін көтеруге барын салады.

Билік тарапынан жанжал қаупін ескеріп, билердің сөзіне қатты мән берген Біржанның әкесі Қожағұл мазасыз күй кешуде… 

Жанботаны әшкерелеп, лайықсыз қылық танытқан баласының әрекеттерін жазғырған әке сөздері назарсыз қалады. Біржанды мұндай ескерту қорқыта алмайды. Ол жалғыз емес: қолдаушы халқы мен достары бар…

Сара айттырылғанына қарамастан, дәстүрден аттап, Біржанның ауылына келеді де өз махаббатының белгісі ретінде оған орамалын сыйлайды.

Біржанның анасы ғашықтарға бата береді. Қос ақынның жүрегі әнмен тоғысады. Жастар Біржан мен Сараның бақытына қуанады. Ойын-сауық басталады. 

Нөкерлерін ерткен Жанбота мен Біржанға көзсіз ғашық Алтынайдың келуі көпшіліктің шаттығын сап тияды. Алтынай әншіге байлық пен құрметті уәде етіп, еліктірмек болады.

Егер Біржан ежелгі ата заңын аяқасты етіп, өзінің қайсар әндерімен жастарды қайрауын тоқтатпаса, Жанбота оған күш көрсетемін деп қорқытады. Жанботаның нөкерлері Сараны күшпен алып кетеді. Біржанның достары оларға қарсы тұруға тырысады, мұның арты төбелеске ұласады. 

Алтынай мен Жиенқұлды қасына ертіп Жанбота да кете барады. Нөкерлер ауаға оқ атып, халықты қуады. Қорлық пен зомбылыққа ұшыраған Біржан жалғыз қалады.

ІІ БӨЛІМ 

Үшінші көрініс

Сараны күйеу жігіттің ауылына алып келіп, киіз үйге кіргізеді. Жиенқұлмен болатын үйлену тойына дайындық басталады. Бірақ көздің жауын алар той көйлегі қалыңдықтың көңіліне қуаныш сыйлай алар емес… Біржанмен некелесуден үмітін үзбеген Алтынай, қалыңдыққа той киімін киіндіруге көмектесуде.

Кенеттен «Масқара!» деп айғаймен жүгіре келген Серік Біржанның есінен айырылып, домбырасымен тау-тасты жаралы жолбарыстай кезіп жүргендігін айтады…

Бұл хабардан Сараның жүрегі қарс айырылады. Табалау, жылмысқы сөзімен Алтынай Сараға көңіл айтады. Той көркі – «Жар-жар» әні басталады. Қонақтар көңілденіп, той биін билейді…

Өз дегеніне жеткен Жиенқұл зор салтанат үстінде! Дегенмен, қалыптасқан өмір заңы Сараның асыл арманына үстемдік ете алмайды: енді ол Жиенқұлдың жары, бірақ оның жүрегі тек Біржан деп соғады!

Отауында қалған жас жұбайлар тартысты айқай-шу естиді. Қауіп-қатерден еш қаймықпаған Біржан, сүйіктісін құтқару үшін баса-көктеп үйге кіріп келеді. Жиенқұл көмек шақыруға сыртқа шығады.

Екі жас табысып, оңаша қалған кезде, Біржан сүйіктісіне шалғайдағы еліне қашу туралы ұсыныс жасайды: қос ғашыққа Көкше таулары пана болып, достарының көмекке келерін айтады…

Алайда Жиенқұл мен Жанбота қашқындардың жолын бөгейді.

Нөкерлер Біржанды қолға түсіріп, аяусыз ұрып-соғады.

Төртінші көрініс

Күн ұясына қонған шақта Көкшенің таулары да тас-түнекпен тұтасып, айнала қараңғылыққа батады. Қатты азап шеккен, әлсіреген Біржан өлімінің жақындап қалғанын, бұл дүниемен қоштасарын сезінеді.

Қарауылшы Серік айналасындағы достарымен көңіл көтеруде. Күзеттің жоқтығын пайдаланған Сара ауыр азаптағы Біржанға келеді. Ол сүйіктісінің санаулы сағаттары қалғанын түсінеді. Қол-аяғы маталған дәрменсіз Біржан енді Жиенқұлға ешқандай қауіп келтіре алмайды. Жиенқұл келіп, тез арада Біржанға ауыр үкім шығарылуын талап етеді. Жасырынған Сара сотсыз үкімге куә болады. 

Сот көрінісі

Ортаға молдалар мен Жанбота шығады. Шариғат заңын бұзушыға лайықты жалғыз үкім – өлім! Жанбота мен молдалар кетеді.

Біржанның туыстары – анасы, әкесі, достары келеді; оларға Сара қосылады. Сараны көрген Алтынай Жиенқұлды шақырып келеді, ашу кернеген ол Біржанға оқ атады. Алайда Сара ғашығын өз денесімен жауып үлгеріп, көз жұмады. 

Біржан сүйіктісінің жансыз тәнін құшақтап, онымен және жақындары – Аналық, Қожағұл, Естаймен, достарымен, туған жерімен қоштасады… Ақынның дарынына құрмет көрсете, оның соңғы әніне Жанбота да, Жиенқұл да, Алтынай да, қарауыл да куә болады…

Финал

Біржанның анасы зар илеп, қоштасу жыры – жан сырқыратар жоқтауын айтады…

Бірақ қайғы жұтқан Аналықтың көзіне елестер байқалып, дауыстар естіледі… Онда той киімін киген бақытты жас жұп пен шаттанған балалар көрінеді.

Ал биік шыңдағы сарқырама бастауында – Біржан мен Сара тұр. Бірге болу олардың маңдайына жазылмаған. Бірақ олардың махаббат хикаясы халықтың жадында мәңгілік сақталып қалды, Біржанның әндерін ғашықтардың жаңа ұрпақтары шырқап келеді. 

Published in Репертуар каз