Евгений Брусиловский
Опера
Либреттосын жазған Ғабит Мүсірепов, аттас қазақ халық дастанының желісі бойынша. Премьерасы 1934 жылы 7 қарашада Абай атындағы опера және балет театрында өтті. «Астана Опера» театрындағы тұсаукесері – 2017 жылғы 10, 11 ақпанда.
Эпилогы бар 2 бөлімді опера
Қазақ тілінде орындалады
(орыс және ағылшын тілдеріндегі синхронды аудармамен)
І БӨЛІМ
1 көрініс
Көктем. Ымырт. Ұзақ жол жүрген керуен сәл тынығу үшін аялдайды. Бекежан батыр, сұлулығы мен ақылы аңызға айналған Жібекке махаббат сезімін білдіреді. Тек өзі сүйген жанға тұрмысқа шығуға табанды түрде шешім қабылдаған Қыз Жібек, Бекежанның ұсынысынан сыпайы түрде бас тартады.
Алыстан ат арылтып келе жатқан сәнді топ көшке жақындайды. Көшке ат басын тіреген жандар, Жібектің таңғажайып сұлулығына қанық Базарбайдың ұлы – Төлеген мен оның досы – ақын Шеге еді. Ақын Шеге Жібектің сұлу бейнесін жырға қосып, әнмен өрнектейді. Әкесінің сарқылмас байлығының мұрагері Төлегенді таныстырады.
Төлегенмен болған кездесуден кейін Жібектің бойында махаббат сезімі оянады. Жібектің уәдесін естіген күйеу жігіт әкесінің батасын алуға еліне аттанады.
Кеудесін қызғаныш оты кернеген Бекежан өз-өзіне қайтсе де Жібектің жүрегін жаулауға серт береді. Ол кек қайтаруды ойлап, Төлегеннің соңынан ереді.
2 көрініс
Жаз. Базарбайдың сарайы. Әкесі Төлегеннің Жібекке үйлену хақындағы тілегін құптамайды. Шеге мен қарындасы Қарлығаш Төлегенді әкесінің алдына қайтадан барып, батасын сұрауға көндіреді.
3 көрініс
Базарбай өз сарайында садақ жебесін нысанаға көздеп жаттығып, жамбы атып жатқан болашақ батырларды ту сыртынан бақылап тұр. Күтпеген жерден Бекежан батыр нысанаға жебесін дәл тигізеді. Ол қарсыласымен бітім жасасуға келген. Бірақ, Төлеген таңдау еркін Жібекке қалдыруды ұсынады.
Әкесі Базарбай, Төлеген мен Жібектің бас қосуына қарсы екендігін тағы бір мәрте хабарлайды. Ол көршілес ру басының қызына құда түсуді жөн көрген.
Алайда, анасы Қамқаның батасын алған Төлеген әкесінің қарсылығына қарамастан, алыс жолға өзі жалғыз аттанады.
ІІ БӨЛІМ
1 көрініс
Кең жазира далада Төлегеннің алдынан Бекежан шығады. Ол қарсыласын өлтіремін деген райынан қайтып, оған дос болуды ұсынады. Өзара тіл табысқан олар Жібектің еліне бірге аттанады. Кеудесін қуаныш кернеген Төлеген сүйіктісімен өткеретін бақытты күндердің жақын қалғанын әнге қосады. Мұны естіген Бекежанның бойын қызғаныштың қызыл оты өртеп, Төлегенді тасадан жебесімен атып өлтіреді.
2 көрініс
Бекежан, қайғылы оқиғаға әкеп соқтырған бір сәттік әлсіздігі үшін өз-өзін кешіре алмай, ұзақ уақыт дала кезумен күн кешеді. Ішкі жан дүниесіндегі қайғыны бұдан әрі көтере алмасын біліп, Жібекке сүйіктісінің өлімі жайлы айтуға бел буады.
Күз. Төлегенді тағатсыздана күткен Жібек тойға дайындық үстінде. Бірақ, ол бір түс көріп, түсінде жаман іс көреді. Көп ұзамай ұзақ қаңғырудан шаршап-шалдыққан Бекежан келіп, Жібекке қайғылы хабарды естіртеді. Халық Бекежанды қарғап-сілеп елден қуады.
Эпилог
Керуен қыстаққа бет алады. Аспанда адал да мәңгілік махаббаттың белгісіндей аққулар қалықтайды.
Қыс. Жерді аққудың мамығындай аппақ қар басады.