Джакомо Пуччини
Опера
Оқиға Римде, 1800 жылдың 17 маусымында өрбиді.
Үш бөлімді опера
Либреттосын жазған Джузеппе Джакоза мен Луиджи Иллика
Викторьен Сардудың аттас драмасы бойынша
Тұсаукесері 1900 жылы 14 қаңтарда Teatro Costanzi сахнасында өтті (Рим)
«Астана Операда» премьерасы 2014 жылы 9 мамырда өтті
Итальян тілінде орындалады
(Қазақ және орыс тілдеріндегі синхронды аудармамен)
I БӨЛІМ
Римдегі Сант-Андреа шіркеуі
1800 жылғы монархиялық Италия. Түрмеден қашып шыққан саяси тұтқын Чезаре Анджелотти шіркеуге жасырын тығылады. Мұнда, Чезаренің туысы маркиза Аттавантидің отбасылық капелласында, оның қашып шығуы үшін ауыстырып киетін әйел киімі жасырынған.
Шіркеуде суретші Марио Каварадосси Мария Магдалина бейнесін салуда, оған шіркеу қызметкері көмектесуде. Ол портреттің кеше ғана шіркеуге құлшылық етуге келген маркиза Аттавантимен ұқсастығына таңқалады. Жалғыз қалған Каварадосси шіркеуде жасырынған Анджелоттиді көреді. Ол қашқынға көмектесуге дайын, бірақ осы кезде шіркеуге оның ғашығы, әйгілі әнші Флория Тоска келеді. Каварадоссидің алаңғасарлығы Тосканың қызғанышын тудырады, ал Марио суретінің маркиза Аттавантиге ұқсастығы оның күдігін еселетеді. Суретші Тосканы әрең сабырға шақырып, шығарып салады.
Анджелоттиге оралған Каварадосси оған өз үйіне жасырынуды ұсынады, ал егер қуғыншы іздесе бақша маңындағы құдыққа тығылуға болатынын ескертеді. Түрме зеңбірегі атылады – бұл Анджелоттидің қашқанын жариялайтын белгі. Каварадосси қашқынды тез шіркеуді тастап, өз үйінде тығылуға асықтырады.
Салтанатты діни қызметке дайындық басталуда. Шіркеуге түрмеден қашқан тұтқынды іздестірген полиция бастығы Скарпиа тыңшыларымен бірге келеді. Капелладан табылған маркиза Аттавантидің желпуіші мен тамақ салатын бос себет Скарпиаға ой тастайды.
Шіркеуге қайтып келген Тоска қызғаныш азабында. Скарпиа әншінің күдігін өз пайдасына асырмақ: оған Аттавантидің мөрі бар желпуішті көрсетіп, суретшінің маркизамен кеткенін тұспалдайды. Рухы түскен Тоска Марионың үйіне асығады, ал Скарпиа оның артынан тыңшыларын жібереді. Ойламаған жерден Тоска қауіпті ойын қатысушысына айналады, оның нәтижесінде Скарпиа тек қашқынды ұстап қана қоймай, құпия құштарлығына айналған Тосканы өзінің еркіне бағындырмақ…
Шіркеу капелла әншілері мен қала тұрғындарына толып, Құдайға құлшылық ету рәсімі басталады. Діни қауым мүшелері «Te Deum» мадақ ұранын шырқауда.
II БӨЛІМ
Фарнезе сарайы
Скарпиа өз кеңсесінде хабар күтуде. Барон Тоскаға, итальян әскерінің Наполеонды жеңу құрметіне арналған салтанатты кантатаны орындай салысымен, өзіне келуге шақыру жібереді. Агент Сполетта Каварадоссидің үйінде қылмыскер Анджелоттидің табылмағанын, алайда полиция суретшінің өзін тұтқындағанын хабарлайды.
Каварадоссиден жауап алу әрекеті еш нәтиже бермейді. Кіріп келген Тоскаға Каварадосси тіс жармауды бұйырады. Скарпиа тұтқынды жазалаушының қолына береді. Ол жылы сөздермен Тоскадан шындықты білуге қанша тырысқанымен, әнші қыз өзіне берік. Тек азапталушының ащы дауысынан шошынған Тоска, қашқынның жасырынған жерін ашады. Скарпиа Сполеттаны Анджелоттиге жібереді. Бірақ, осы кезде Шарроне келіп, жеңісті тойлаудың ертерек екенін ескертеді: Маренго маңындағы ұрыс кезінде итальяндық монархистер Наполеон әскерлерінен аямай жеңіліс тапқан. Каварадосси өз қуанышын жасырмайды. Ашулы Скарпиа суретшіні түрмеге қамауды бұйырады.
Тоска бароннан Каварадоссиді босатуын өтінеді. Егер Тоска оның көңілдесі болса, Скарпиа суретшіге рақымшылық жасауға дайын. Тоска үшін сүйіктісін құтқару – ең маңызды мәселе, сол себепті ол келісімін береді.
Скарпиа ату жазасы бос оқтармен жүргізіледі деп уәде етеді. Тосканың талабы бойынша Скарпиа қаладан бөгетсіз шығуға рұқсат қағазын жазады. Скарпиа қызды құшамын деп ұмтылған кезде, Тоска пышақты оның кеудесіне сұғады.
Қолындағы хатымен Тоска Каварадоссиге құстай ұшады.
III БӨЛІМ
Сант-Анджело түрмесі
Бұл жерде Каварадосси ату жазасын күтуде. Бір сағаттан соң үкім орындалады. Марио Тоскаға қоштасу хатын жазуда.
Жүгіріп келген Тоска, Скарпианың өлімі жөнінде және оның ату жазасының жалған болатынын айтады. Ол тек өтірік ату жазасына қатысу керек, ал сарбаздар кеткеннен кейін олар қашып кете алады.
Сарбаздар келеді. Мылтық дауысы гүрс етеді. Жерге құлаған сүйіктісіне ұмтылған Тоска, оның мерт болғанын ұғады. Скарпианың бос оқтармен ату бұйрығы жалған болып шықты.
Түрме ауласына тыңшылар тез жетеді. Скарпиа өлімі мәлім болғанын ұққан Тоска, өзін қанішерлер қолына бермеуге шешім қабылдайды. Ол қамал қабырғасынан секіреді…