Арам Хачатурян
Балет
Либреттосын жазған Юрий Григорович, Рафаэлло Джованьоли романының оқиғасы мен көне тарих желісі бойынша, Николай Волков сценарийінің қолданылуымен. Тұсаукесері 1968 жылы 9 сәуірде Үлкен театрда өтті (Мәскеу).
3 бөлімді, 12 көріністі, 9 монологы бар балет
«Астана Операда» премьерасы 2014 жылы 6 маусымда өтті
І БӨЛІМ
1 көрініс
Шабуыл. Қолбасшы Красстың басшылық етуіндегі Рим императорының әскері өз жолындағының барлығын қиратып, құйындата шауып келеді. Тұтқындар шынжырына шырмалып, құлға айналғандар қатарында Спартак пен Фригия бар.
Спартак монологы. Ол дәрменсіз күйзелісте. Кеше ғана бостандықта өмір сүрген еркін адам, бүгінде – бұғауға салынған құл.
2 көрініс
Құлдар базары. Құлсатушылар тұтқын ерлер мен әйелдерді бай римдіктерге сату үшін іріктеуде. Спартак Фригиядан айырылады.
Фригия монологы. Оның қайғысы шексіз. Ол басына төнгелі тұрған тағдырдың сынын үреймен сезінеді.
3 көрініс
Красс үйіндегі оргия. Красстың жаңа күңі Фригияны күлкі еткен мимдар мен куртизанкалар келген қонақтардың көңілін көтеруде. Эгина Крассты тынымсыз ерсі биімен еліктіреді. Шарап пен құмарлыққа тойған Красс ойын-сауықтың жалғасуын талап етеді. Бастарына дулыға киген екі гладиатор бір-бірін көрмей шайқасуға тиіс. Жеңімпаздың бас киімі шешіледі. Бұл – Спартак.
Спартак монологы. Ол өз досын өлтіруге мәжбүр болған адам. Жүрегіндегі қасіреті оның ызасы мен наразылығын оятады. Бұдан әрі ол құлдыққа шыдай алмайды. Жалғыз шешім – бостандық.
4 көрініс
Гладиаторлар казармасы. Спартак гладиаторларды көтеріліске шақырады. Олар басшыларына адал болуға ант етіп, бір деммен казармадан еркіндікке ұмтылады.
ІІ БӨЛІМ
5 көрініс
Аппий жолы. Тұтқыннан қашып шыққан спартакшылар Аппий жолына шығып, ондағы бақташыларды көтерілісшілерге қосылуға шақырады. Бақташылар мен халық Спартакты өздерінің көсемі етіп сайлайды.
Спартак монологы. Ол Фригияның тағдырына алаңдаулы. Сүйіктісінің келбеті есінен кетер емес. Спартактың ойы тек қана соған ұмтылған.
6 көрініс
Красс вилласы. Фригияны іздестірген Спартак Красстың вилласына келеді. Бір-бірімен қауышқан ғашықтардың қуанышында шек жоқ. Алайда, Эгина бастаған патрицийлердің шеруі оларды жасырынуға мәжбүр етеді.
Эгина монологы. Ол бұрыннан Крассты еліктіріп, өзіне бағынышты етуді армандап келеді. Эгина, оның жүрегін жаулап алу алқылы римдік ақсүйектер қатарына заңды түрде ілікпек ойда.
7 көрініс
Красс үйіндегі той. Красс өз жеңістерін тойлап жатыр. Патрицийлер оны мадақтауда. Думанның қызған шағында, спартакшылар вилланы қоршап алғандығы туралы суық хабар жетеді. Үрейленген қонақтар қаша бастайды. Қауіптен қорыққан Красс пен Эгина да қашады. Вилла ішіне Спартак басып кіреді.
Спартак монологы. Жеңіс! Енді көтеріліс күшіне деген сенімі одан сайын нығая түседі. Жеңіс!
8 көрініс
Спартактың жеңісі. Спартакшылар Крассты ұстап алып, өлтіруге дайын. Бірақ Спартак оны жазалаудан бас тартып, әділ жекпе-жекке шақырады. Ұрыстың нәтижесінде Красс жеңіліс табады: Спартак оның қолындағы қылышын қағып түсіреді. Өлімге басын тіккен Крассты Спартак тірі қалдырып, босатып жібереді. Оның қарабет болғанын барлығы білуі тиіс. Шаттанған көтерілісшілер Спартактың жеңісін мадақтайды.
ІІІ БӨЛІМ
9 көрініс
Красстың кек алуы. Масқара болған Красс қатты күйінуде. Эгина оны өш алуға шақырады. Оған жетудің жалғыз жолы – көтерілісшілер өлуге тиіс. Легиондарын қайта жинай бастаған Крассқа Эгина жеңіс тілейді.
Эгина монологы. Эгина үшін де Спартак жау саналады. Себебі, Красстың жеңілісі оны да өлім апатына әкелуі мүмкін. Эгина арам ойлы жоспар құрып, Спартак лагеріне алауыздық таратпақ болады.
10 көрініс
Спартак лагері. Спартак пен Фригия бақытты. Күтпеген жерден қолбасшылар Красстың қалың әскері шабуылдағаны туралы хабарлайды. Спартак ұрысты қабылдауды ұсынады, бірақ қорқақтық танытқан кейбір жауынгерлер көсемдерін тастап, қашады.
Спартак монологы. Ол алдағы ұрыстың ауыр болатынын сезеді, бірақ бостандық жолында өз өмірін құрбан етуге дайын. Оған берілген спартакшылар өздерінің жетекшілерімен бірге соғысуға дайын.
11 көрініс
Іріткі салу. Спартактан бөлініп кеткен сатқындар тұрағына Эгина жасырын келіп қосылады. Куртизанкалармен бірге ол қауіпті ұмытқан жауынгерлерді шарап пен азғын билерімен еліктіреді. Торға түскен сатқындар Крассқа табысталады.
Красс монологы. Ол кек алуға дайын. Красстың басынан кешкен қорлығы үшін Спартак өлуге тиіс.
12 көрініс
Соңғы ұрыс. Легионерлер спартакшыларды қоршап алады. Ауыр ұрыста Спартактың сенімді достары өлім құшады. Ол соңғы демі қалғанша қайыспай шайқасады, бірақ жан-жақтан қыспақтаған легионерлер жаралы Спартакты найзаның ұшымен керіп тастайды.
Реквием. Фригия ұрыс даласында қалған Спартактың өлі денесін тауып алады. Ғашығын жоқтаған оның қайғысы шексіз. Қолын аспанға көтеріп, Фригия батырдың мәңгілік өшпес рухына сыйынады…