Мазмұнға өту

Опера академиясының тыңдаушылары айрықша концертте өнер көрсетеді

13 қарашада Халықаралық опера академиясының шәкірттері батыс еуропа композиторларының шығармаларынан құрылған «GRANDE OPERA» жаңа бірегей бағдарламасын ұсынады. Солистерді концертке дайындауға атақты орындаушы, «Геликон-опера» театры (Мәскеу) жастар бағдарламасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Марина Мещерякова қатысады.

Әнші Мәскеу консерваториясын бітіріп, Үлкен театрда еңбек еткен, тамаша әлемдік  мансабын жасап, Ла Скала, Метрополитен-опера, Ковент-Гарден Корольдік театры, Париж операсы, Вена мемлекеттік операсы, Стокгольмдегі Корольдік опера  мен басқа да көптеген сахналарда ән шырқады. Марина Мещерякова беделді Зальцбург фестиваліне қатысты. Телекөрермендер оны қазылар алқасының құрамында «Культура» арнасында «Большая опера» тележобасында көре алды. Ол көрнекті дирижерлермен жұмыс істеді, олардың қатарында К.Аббадо, Л.Мазель, А.Паппано, В.Гергиев, Ю.Темирканов, Б.Хайтинк, В.Федосеев, Ж.Претр, Ф.Луизи,  С.Озава, М.Плетнёв, З.Мета бар.

Марина Мещерякованың айтуынша, опера академиясы – бұл жас әншілерді оқытудың ең маңызды кезеңдерінің бірі, және осы бағдарламаға үздіктердің үздігі енді. 

– Халықаралық опера академиясы түрлі дәуірлердің стилистикасына, техниканы дамытуға, тілдерді меңгеруге, әуенділікке үйретіп қана қоймайды, ең бастысы жас әншілердің тікелей театрда түрлі партияларды сомдап көре алуында, сахнаға шығып, концерттерге қатысуында жатыр. Осының барлығы, әлбетте, орындаушының қалыптасуы үшін қисапсыз тәсілдер береді. Осы іске қатысып, әншілік мансабымда жинаған зор тәжірибем мен білімімді бөлісе алатыныма қуаныштымын, – деді оқытушы. – Адамдар театрға әсер алу үшін келеді, олар бізбен бірге уайымдап, көздеріне жас алады, қуанышымызды бөліседі – бұл қазіргі сәттің тұтастығы және Өнердің нақ өзі. Мұның артында зор еңбек, дағдылану, талғам мен мамандыққа деген шексіз әрі шынайы махаббат тұр. 

Академия қатысушыларына есімдері әлемге әйгілі опера оқытушыларынан білім алу мүмкіндігі берілген, олар мұны жоғары бағалайды.

– Олардың әрқайсысы маңызды кәсіби дағдыларды ғана емес, жандарының бір бөлшегін берді, музыканы одан сайын жақсы көруді және сезінуді үйретті. Алған білімді түсініп, жан дүниемізден өткізу және оларды шығармашылық мансабымызда табысты қолдану біздің міндетіміз, – деді академия шәкірті Әсем Әубәкірова. 

– Опера академиясындағы екінші оқу жылының алғашқы айы өте мазмұнды болды. Бізге италиялық коуч Анна Ванди сабақ берді, қазір біз әлемдік опера жұлдызы Марина Мещеряковамен жұмыс істеудеміз, жақын күндері Үлкен театрдан оқытушы Дмитрий Вдовиннің шеберлік сабағын күтудеміз. Бұл нағыз тағдырдың сыйы және аңсаған арманды жүзеге асыруға маңызды қадам, – деп атап өтті академия тыңдаушысы Ержан Саипов. 

Жас опера орындаушыларына деген сұраныс күннен күнге артуда. Жуырда академия шәкірттері «Жан сыры» бағдарламасымен табысты өнер көрсетті, сонымен қатар олардың үшеуі «Астана Операның» репертуарлық спектаклі Дж.Вердидің «Травиатасында» дебют жасады. Аннина партиясында алғаш рет сахнаға Ұлпан Әубәкірова шықты, маркиз д’Обиньи рөлінде – Валерий Селиванов, доктор Гренвильдің партиясын Жандарбек Еркінбаев орындады. 

Қорытынды оқу жылының жас әншілерге шығармашылық әлеуеттерін ашуға бұдан да зор мүмкіндіктер беріп, осылайша опералық ән айту өнерін бағалайтындарға жарқын әсер сыйлайтыны сөзсіз. 

Published in Жаңалықтар