Күздің соңғы айында «Астана Опера» театрында елорда тұрғындары мен қонақтарын «Романтиктер мен замандастар» ұмытылмас музыкалық кеші күтеді. 25 қарашада елордалық сахнаға жас болса да, отандық және шетелдік көрермендерге жақсы таныс орындаушылар шығады.
Жарқын аспапшылар – П.Чайковский атындағы Халықаралық жасөспірімдер байқауының лауреаты, скрипкашы Ақбике Алғи мен халықаралық байқаулардың лауреаты, пианист Ілияс Узбековтың нәзік интерпретациясында Сезар Франктың Скрипка мен фортепианоға арналған сонатасы, ля мажор дыбысталады. С.Франктың әйгілі шығармасы музыкант-скрипкашылар және пианистердің концерттік репертуарының көпшілік мойындаған нұсқасы болып табылады әрі камералық-аспаптық әдебиеттің ерекше рухты туындыларына жатады.
Өздерінің әріптестері, халықаралық байқаулардың лауреаттары – альтшы Леонид Мысовский мен виолончелші Талғар Толқынұлымен бірге дарынды әртістер Иоганнес Брамстың Фортепианоға арналған № 1 квартетін, соль минор ұсынады.
Фортепиано квартеті жанрының әр алуан әсершіл сезімдерге толы ең тамаша шығармаларында сезімнің қарқынды екпіні мен үнсіз ұяңдық, үрей, трагедиялық реңк пен мұңсыз қуаныш бар. И.Брамстың романтикалық музыка жауһарында бірегей түрде ауқымдылық шеберлікпен, жабырқау албырттықпен, ал тақырыптық-бейнелі сан алуандылық музыкалық ойдың тұтастығымен үйлеседі.
К.Байсейітова атындағы Камералық залдың қарашаға арналған репертуарына вокалдық және аспаптық жанрлардың керемет әртістерінің орындауындағы басқа да қызықты концерттер енгенін атап өткен жөн. Мәселен 3 қарашада атақты қазақстандық музыканттар – «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің бірінші скрипкасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов, Еркебұлан Сапарбаев (скрипка), Дархан Сәдуақасов (альт), Ермек Құрманаев (виолончель) Kazakh Quartet көрнекті ұжымының құрамында «Квартетке арналған музыка маусымы» топтамасынан концерттер сериясын ашады, ол мерейтойлық маусым бойы өтеді. «Дәуір данышпандары: Бетховен. Шостакович» деп аталатын кеште әртістер Л.ван Бетховеннің № 10 ішекті аспаптар квартеті (Арфалық), ми-бемоль мажор мен Дмитрий Шостаковичтің № 3 ішекті аспаптар квартетін, фа мажор орындайды. Топтама аясында Л.ван Бетховен мен Д. Шостаковичтің классиканы бағалайтын жандар ерекше жақсы көретін барлық ішекті аспаптар квартеттері ұсынылатынын айта кету керек.
Композитор Тілеуғазы Бейсембектің 80 жылдығына орай 5-6 қарашада ең кішкентай театр сүйер қауымның назарына опера солистері, миманс пен «Астана Опера» балалар студиясының жас әртістерінің орындауында қазақ тіліндегі «Самұрық келген таң» атты балалар операсы ұсынылатын болады. Жарқын туынды VII Республикалық «Тәуелсіздік толғауы» байқауының «Балаларға арналған драмалық шығарма» номинациясы бойынша I жүлдеге лайық деп танылды. Қоюшы режиссер – Еренбақ Тойкенов, балалар хорының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова.
11 қарашада Қазақстан Композиторлар одағы отандық композиторлар Бақытжан Байқадамовтың 105, Ғазиза Жұбанова мен Кенжебек Күмісбековтің 95, Еркеғали Рахмадиевтің 90, Мыңжасар Маңғытаевтың 85, Тілеуғазы Бейсембектің 80, Владимир Стригоцкий-Пак пен Айтқали Жайымның 75, Донеділ Қажымовтың 70, Серікжан Әбдінұровтың 60 жылдық мерейтойларына орай «Арнау» вокалдық музыка концертін тарту етпек. Театрдың опера труппасы солистері мен басқа да әртістердің интерпретациясында опералардан ариялар мен дуэттер, қазақстандық авторлардың әндері, романстары мен аспаптық шығармалары шырқалады.
Қазақстандағы Балалар жылы аясында 18 қарашада К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында «Жастық пен шабыт» концерті өтеді. Классикалық музыканттардың өскелең ұрпақтары – қазақстандық скрипкашылар, Қазақ ұлттық өнер университеті мектебінің түлектері Әмина Ахметжанова, Василиса Соколова, Дәния Әбілханова, Елдана Көпбай және олардың шетелдік достары Кореядан келген флейташы Чаён Ким мен виолончелші Юнсо Чо, түркиялық флейташы Мерхаба Раиса өздерінің орындаушылық дарындарын паш етеді. Олардың барлығы халықаралық байқаулардың лауреаттары болып табылады және өз елдері мен одан тыс жерлерде сәтті өнер көрсетіп келеді. Жас аспапшылар «Құрмет» орденінің кавалері, дирижер Руслан Баймурзиннің жетекшілігінде «Астана Опера» Камералық оркестрімен бірге өнер көрсету мәртебесіне ие болады. Жұртшылыққа В.А.Моцарт, Ф.Девьен, Ё.Хубаи, Г.Венявский, П.Чайковский, А.Хачатурян, П.Сарасатенің шығармалары ұсынылады.
22 қарашада Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаевтың жетекшілігімен «Дворжак. Шостакович. Құрманғазы» концертін ұсынады. Музыканттардың Франциядан келген атақты пианист, Париждегі жоғары музыка мектебінің профессоры, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Людмила Берлинскаямен бірге өнер көрсетуі кештің сәні болмақ. Әртістер А.Дворжактың №2 фортепиано квинтетін, ля мажор, Д.Шостаковичтің Фортепиано квинтетін, соль минор және көрнекті халық композиторы Құрманғазының атақты «Балбырауын» күйінің А.Жайымның фортепиано квинтетіне арнап өңделген нұсқасын орындайтын болады.