Мазмұнға өту

Астанада Umai ұлттық сыйлығы мүсіншесінің таныстырылымы өтті

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тағайындаған еліміздегі алғашқы Umai ұлттық сыйлығы – бұл театрлық «Оскардың» аналогы. Үш ай бойы Қазақстанның атақты суретшілері Umai сыйлығы мүсіншесі сызбасының авторы болу құқығы үшін таласты. Сыйлықты өткізу алаңына айналған «Астана Опера» театрының көркемдік кеңесі үздіктердің үздігін анықтады, ол өнер әлемінде сұранысқа ие суретші – Армат Бектас. Оның жұмысы байқауда таныстырылған басқа жұмыстардың ішінен таңдап алынды. 

Суретші Оралдың тумасы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы монументалды кескіндеме бөлімінің түлегі. Қазіргі таңда Қазақ ұлттық өнер университетінің кескіндеме және мүсін кафедрасының оқытушысы, «Sal-Seri» арт-галереясының жетекшісі болып табылады. Оның еңбектері тек ел ішінде ғана емес, сонымен қатар халықаралық галереяларда қойылды, оның ішінде Дубайда (БАӘ) өткен ЭКСПО-2020 көрмесінде Қазақстанды таныстырды. 

– Менің шығармашылық қызметім рәміздермен және белгілермен байланысты, мен өнерді пішін жағынан ұлттық және мағынасы жағынан жалпы адамзаттық етуге тырысамын, сондықтан осы жобаға қатысу өте қызықты болды, – деп атап өтті шебер. 

Автордың ойынша, мүсінше бұл жай ғана кәдесый емес, сол себепті онда ұлттық пішінді жоғары өнермен біріктіру қажет болды. Ұмайдың пішінінде бір уақытта әйел бейнесін, дәстүрлі қолданбалы өнер элементтеріне, киіз үйдің суретіне ұқсас дүниелерді байқауға болады. Тастармен бедерленген жасыл пластинадан жасалған іргетаста латын қарпінде және көне түркі тілінде сыйлықтың атауы жазылды.

– Алдыма қойылған міндетті орындадым деп ойлаймын, байқау қатысушылары үшін осы сыйлық пен оны бейнелейтін мүсіншенің иегері атану нағыз жетістік болмақ. Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен қолға алынған сыйлық өнер мен мәдениет қайраткерлері үшін ынта әрі маңызды бағдар болады, шығармашылық пен жасампаздыққа қоғамның белсенділігін оятады деп сенемін, – деп атап өтті Армат Бектас. – Қазақстанда ұлттық идеяны қалыптастыру қажеттігі туралы пікірлер жиі айтылады, бұл орайда мен аталған салада осы іспеттес жобалар өте қажет деп санаймын. «Umai» сыйлығы ұлттық идея секілді ауқымды ұғымды әбден қалыптастыра алады. Бұл шығармашылық байқаудың табысты болатынына және әрі қарай жалғасатынына сенімдімін. 

Еске сала кетейік, өнер саласындағы «Umai» сыйлығы «Театр өнері», «Хореографиялық өнер», «Музыкалық-орындаушылық өнер», «Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер» секілді номинацияларда ұсынылған. 2022 жылы ол шығармашылық ұжымдарға, жеке орындаушыларға, Қазақстанның өнер қайраткерлеріне елеулі шығармашылық табыстары мен үздік кәсіби жетістіктері үшін беріледі. Байқауға өтінімдерді қабылдау 9 желтоқсанға дейін жалғасады, ал жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі «Астана Опера» театрының Үлкен залында 2022 жылы 23 желтоқсанда өтеді. 

Published in Жаңалықтар