Джакомо Пуччини
Опера
Либреттосын жазған Луиджи Иллика мен Джузеппе Джакоза, Давид Беласконың «Гейша» драмасы бойынша. Тұсаукесері 1904 жылы 17 ақпанда Ла Скалада өтті. «Астана Опера» театрында тұсаукесері 2016 жылы 15, 16 сәуірде өтті.
2 бөлімді опера
Итальян тілінде орындалады
(қазақ және орыс тілдеріндегі синхронды аудармамен)
I БӨЛІМ
ХХ ғасырдың басы. Американдық теңіз флотының лейтенанты Пинкертон кәсіпқой құдаластыру қызметін көрсетуші Гороның арқасында «қол жеткізген» он бес жасар гейша Чио-Чио-санмен үйлену тойына дайындалуда.
Пинкертон еркін мінезімен мақтанып, американдық консул Шарплеске бойжеткен қыз туралы әңгімелейді. Сұлудың өзіне тиесілі екендігін және оған жапон заңы бойынша үйленетінін, яғни қай кезде болса да одан бас тартып, «нағыз» американдық қалыңдықпен некесін қия алатынын мысқылдап жеткізеді.
Чио-Чио-сан Пинкертонға ессіз ғашық, сол үшін де оны ата-баба жолы мен дінінен безуші деп кінәлаған ағасы Бонзаға да төзуде. Үйлену той рәсімдері. Құмарлыққа салынған Пинкертон, барлығы Мадам Баттерфляй деп атап кеткен Чио-Чио-санмен некеге отырады.
II БӨЛІМ
Пинкертон көктемде қайтып келетініне сендіріп, еліне кете барады. Қызметші Сузуки оның сөзіне сенбейді, ал Баттерфляй болса еш күмәнсіз ғашығын күтіп қала береді.
Осы уақытта Пинкертон Америкада үйленген жұбайы Кэтпен бірге күншығыс еліне қайта оралмақ болады және Шарплеске хат жазып, Чио-Чио-санды ащы шындыққа даяр етіп қоюын тапсырады.
Бұл кезде Горо Баттерфляйға күйеу болуға лайық басқа да азаматтарды таныстыра бастайды, солардың ішінде бай ақсүйек Ямадори бар, алайда ару олардың бетін қайтарып, Пинкертонға адал жар болып қала береді. Консул мырзаға американдық лейтенантпен некедегі ұлын көрсетеді.
Американдық кеме портқа келіп кіреді, Баттерфляй кемені алыстан көріп, қуанышпен өзінің күйеуін қарсы алуға даяр. Ол қымбатты қонағын қарсы алу үшін Сузукиге үйді гүлмен көмкеруді тапсырып, өзі болса үйлену той көйлегін киіп жұбайын тағатсыздана күтеді.
IІI БӨЛІМ
Баттерфляйдың күйеуін түні бойы күткені құр бекершілік болды. Пинкертон Кэтпен бірге келіп, баланы алып кететінін айтады. Кезінде Чио-Чио-санмен бірге тұрған үйді аралап шығып, кетіп бара жатқан жігіттің жан дүниесінде нәзіктік, өкініш пен ашу сезімдері ұшқындайды. Шарплес Чио-Чио-санға баланы Пинкертондарға беруіне ақыл айтады, көзі жасқа толған қыз амалсыздан көнеді. Көңілі құлазыған ол одан әрі өмір сүрудің мәні жоқтығын біліп, қоштасу сәтінде баласын құшағына алып, өзіне қанжар сұғып алады. Пинкертон Чио-Чио-санды көру үшін қайтып оралады, алайда тым кеш еді.