Опера сахнасының аңызы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Күләш Байсейітованың 110 жылдығына орай 29 қазанда «Астана Операда» «Қазақстанның вокалистер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Күләштің әні» вокалдық музыка кеші өтеді. Концерт аясында Күләш Байсейітованың шығармашылығын насихаттап жүрген орындаушыларды салтанатты марапаттау рәсімі болады.
Айта кету керек, биыл «Қазақстанның вокалистер одағының» құрылғанына 5 жыл толады. Оның төрағасы – «Астана Опера» опера труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзовтың бастамасымен одақ еліміздің түкпір-түкпіріндегі орындаушылардың басын біріктіріп, вокал өнерін насихаттауға септігін тигізуде.
– «Вокалистер одағы» республикалық ұйым болғанымен, оның географиясы уақыт өте келе кеңейіп, ол халықаралық бірлестік деңгейіне көтерілді деуге болады. Қазіргі таңда оған 100-ден астам адам мүше. Олардың барлығы кәсіби білікті вокалистер. Мен де осы бірлестіктің құрамындамын, онда аға буын мен жас музыканттар да жемісті еңбек етуде, жас буын бізбен кеңесіп, осылайша тәжірибе алмасамыз. Бірнеше рет «Вокалистер одағының» концертін өткіздік, осы ретте бірлестік төрағасы Азамат Жылтыркөзовтың елеулі еңбегін атап өткім келеді. 2020 жылдан бастап «Вокалистер одағы» айтулы даталарға орай дарынды әншілерді Күләш Байсейітова атындағы медальмен марапаттауды қолға алды. Мұндағы негізгі мақсат қазақ операсының негізін қалаған Күләш Байсейітованың есімін дәріптеу болып табылады. Бұл шынымен жоғары марапат деп санаймын, – деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, пианист Раушан Бескембирова.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Вокалистер одағы» Бибігүл Төлегенова, Хорлан Қалиламбекова, Қанат Омарбаев, Шахимардан Әбілов, Барсег Туманян, Ева Мартон секілді атақты қазақстандық және шетелдік опера әншілерін осы медальмен марапаттаған болатын. Олардың барлығы осы қоғамдық бірлестіктің мүшесі болып табылады. Сондай-ақ Үлкен театр солисі, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Павел Черных пен басқа да танымал шетелдік әртістер одақ мүшелері атанғанын айта кеткеніміз жөн.
Концертте театр солистері, Astana Opera Халықаралық опера академиясының тыңдаушылары және облыстық филармониялардың шақырылған әртістері, атап айтсақ Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаева (Көкшетау қ.), Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, мәдениет қызметкері Нұрияш Оспанова (Атырау қ.) өнер көрсетеді. Сондай-ақ бұл кеште сахнаға маэстро Марат Әйтімов (Ақтөбе қ.) және тағы басқалары шығады. Жарқын бағдарламада көрермендердің назарына Күләш Байсейітованың репертуарынан әсем де әуезді әндер ұсынылады.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова концертте Қазақстанның «Шығыс бұлбұлы» атанған ең лауазымды әртісінің репертуарынан сирек орындалатын шығарманы ұсынатынын атап өтті.
– Мен үшін бұл концерттің маңызы өте зор, оған асқан жауапкершілікпен дайындалудамыз. Өзімнің шығармашылық жолымда Күләш Байсейітованың репертуарындағы «Қыз Жібек» операсындағы әйгілі партиясынан бастап барлық әндерді айтып шықтым, сондай-ақ аңызға айналған әнші бірнеше мәрте шырқаған поляктың халық әнін Польшада таныстырдым. Бұл музыкалық шығармалардың барлығы маған өте қымбат, себебі жаныма ыстық естеліктер солармен байланысты.
Концерт қатысушыларын еліміздің өнерін дамытуға қосқан елеулі үлестері үшін салтанатты марапаттау рәсімі кештің мерекелік бөлігі болмақ.
Концерт Күләш Байсейітова атындағы камералық залда сағат 18.00-де басталады.