Джоаккино Россини
Опера
Либретто авторы Дж. Фоппа, П. Гавоның аттас операсы (1808) үшін жазылған Ф. Планардың либреттосы негізінде. Премьерасы 1812 жылғы 9 мамырда Венецияның Сан-Моизе театрында өткен. «Астана Опера» театрындағы премьерасы – 2019 жылғы 6, 7 сәуір.
КАМЕРАЛЫҚ «PICCOLO» ТЕАТРЫ
Бір актілі опера-фарс
Итальян тілінде орындалады
(Қазақ және орыс тілдеріндегі синхронды аудармамен)
1822 жылы Бетховен, Дж.Россинидің даңқы шарықтап тұрған кезде кездестіріп, былай деген: «Ешбір жағдайда опера-буффадан басқа ештеңе жазуға тырыспаңыз, одан басқа стиль Сіздің табиғатыңызға жат».
Осыдан көп жыл бұрын 20 жастағы композитор, болашақ «Севильдік шаштараздың» авторы, венециялық Сан-Моизе театрына арнап, Дж. М.Фоппаның либреттосына «Жібек саты» атты бір актілі күлдіргі опера-фарсын жазады. «Жібек сатыда» жарқын әзіл-сықақ және оқиғалар желісіндегі әртістердің жанды суырып-салма мәнері Россиниге тән дарынды вокалдық және аспаптық партиялармен тамаша үйлеседі. Россини бастапқыда қарым-қатынастары құпия болып қалуы тиіс жас ғашықтардың сезімталдығын, жалыны мен жасампаздығын мадақтайды.
Оқиғалар желісі ХVIII ғасырда өрбиді және өзінің сүйіктісі Дорвильге жасырын тұрмысқа шыққан Джулия жайында әңгімелейді. Заңды күйеуі әйеліне терезеден лақтырылған жібек саты арқылы көтеріледі. Джулияның қамқоршысы кәрі Дормонт неке туралы білместен оны Бланзакқа тұрмысқа бермекші болады. Үнемі түсініспеушіліктер мен ыңғайсыз жағдайлар артып, соңында бақытты шешім табылады.
ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ
Джулияның қамқоршысы Дормонт оны Бланзакқа күйеуге бермекші, алайда ол қыздың Дорвильмен құпия түрде некелескенінен бейхабар. Дорвиль болса, әр түн сайын жібек сатымен жұбайының бөлмесіне өрмелеп шығып жүр.
Бланзакқа Джулияның бөлесі Лючилла ғашық. Ақкөңіл қызметші Джермано Джулияның түнде күйеуін күтетінін естиді де, бұл жаңалықты Бланзакқа арналған деп ойлап, оған жібек сатының түсірілетінін хабарлауға асығады. Бұл туралы білген Лючилла не болса да бөлесінің күйеу жігітін тартып алуға бекінеді. Осылай, қызыққұмар Джермано екеуі сырттай бақылауға кіріседі.
Келісілген уақытта өз орнынан табылған Дорвильдің артынан бөлмеге Бланзак та кіреді. Дорвиль тығылып қалады. Терезеден салбырап тұрған сатыны байқаған қамқоршы тәрбиеленушісіне асығып, қыздың бөлмесінен Бланзакты, Лючилла мен Джерманоны көреді. Ол күнәдан арылудың жалғыз амалы – Джулия мен Бланзакты тезірек некелестіру деп шешеді, алайда жасырынған жерінен шыққан Дорвиль бар шындықты айтып, жағдайды түсіндіреді. Дормонттың Бланзак пен Лючилла жұбына бата беруден басқа еш шарасы қалмайды.