Л.Минкустың «Дон Кихот» балеті дегенде, театр сүйер қауымның ойына Барселонаның жылуы мен күн шуағы келеді. Осынау қызықты спектакль «Жібек жолы» халықаралық фестивалі аясында 15-16 қарашада «Астана Опера» сахнасында өтеді. Елорда тұрғындары мен қонақтарын шытырманға толы оқиға желісі, жалындаған музыка, танымал қазақстандық әртістер мен Беларусь Үлкен театры жұлдыздарының шебер орындауындағы екпінді испан билері, сондай-ақ Эцио Фриджерионың қанық әрі мәнерлі декорациялары күтеді.
Оның жұмыстары XVIII ғасырдағы сәулет өнерінің ерекшеліктерін бейнелейтін айрықша сценографиясымен қызықты. Әлбетте, желдің есуінен қозғалысқа енетін диірмен де болады, ал ғажайып орманда алып өрмекші жүреді. Спектакльге арнап костюмдерді «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино жасады.
Хореографиялық редакция «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратоваға тиесілі. Романы либреттоға негіз болған Сервантес өз заманында испан билері жайлы былай деп жазған еді: «Қуаныш өзі жүгіріп, Шаттық өзі шауып жүргендей көрінді». Және Алтынай Асылмұратованың қойылымында осынау қуаныш пен шаттық іскерлікпен жүзеге асырылған, ол театр репертуарына ұзаққа енген жарқын мерекелік спектакль жасады.
Дон Кихоттың тағдыры қиял мен елеске толы болғаны бәріміздің жадымызда. Алайда оның өмірі балетте бірге болуды армандайтын Китри есімді жас қыз бен жасөспірім шаштараз Базильдің махаббаты аясында баяндалатын жағдайда өтеді. Бірақ трактир иесі, бойжеткеннің әкесі олардың қосылуына түбегейлі қарсылық білдіреді.
16 қарашада басты партияларды Беларусь Үлкен театры сахнасының шеберлері – Дмитрий Уксусников пен Людмила Хитрова таныстырады.
– Мен Қазақстанда дүниеге келдім және, әлбетте, бұл елге ерекше тебіреніспен қараймын. Балалық шағымда менің отбасым жыл сайын бүкіл жазды Қарағандыда өткізетін. Ал қазір мен өз Отаныма әртіс ретінде келемін. Және мен үшін бұл зор құрмет әрі маңызға ие. «Астана Опера» сахнасында шамамен 7 жыл бұрын алғаш рет билеген болатынмын. Ол кезде («Жібек жолы» фестивалі аясында) Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» спектаклі ұсынылды. Бұл мен үшін естен кетпес әрі өте қуанышты оқиға болды, сондықтан мен сүйікті театрмен алда болатын кездесуді асыға күтемін. Бұл жолы біз «Дон Кихотты» орындайтын боламыз. Мен аталмыш балетке ерекше сүйіспеншілікпен қараймын. Бұл театрымыздың репертуарындағы ең жағымды әрі көңілді спектакльдердің бірі және оны қуана әрі шабыттана билейміз. Китридің партиясы техникалық тұрғыда өте күрделі, алайда бұл спектакльден алатын рақатқа баға жетпейді. Мен үшін «Дон Кихот» – әркез мереке, әсерлердің отшашуы, және мен бұл мерекені сахнадағы әріптестеріммен, және, әлбетте, барша көрермендермен қуана бөлісемін, – деді Людмила Хитрова.
15 қарашада Китридің бейнесін «Астана Операның» жетекші солисі Мәдина Басбаева сомдаса, Базильдің партиясын әлемдік балет жұлдызы Бақтияр Адамжан орындайды.
Мәңгілік жиһанкез Дон Кихотты Жәнібек Иманқұлов таныстырса, оның адал атқосшысы Санчо Пансаның партиясында Бостан Қожабеков пен Ұлан Бейсенбаев өнер көрсетеді. Эспада – Жәнібек Ахмедиев, Ғалымжан Нұрмұхамет. Көше бишісі – Анастасия Заклинская, Аделина Төлепова. «Астана Опера» Симфониялық оркестріне Руслан Баймурзин дирижерлік етеді.
Жарқын спектакль «Астана Операның» ең үздік балет труппасына өзін барлық айбынымен көрсетуге тамаша мүмкіндік береді, спектакльдің басталуы 19:00-де.