Мазмұнға өту

Дон Карлос

Джузеппе Верди

Опера

Либретто авторлары Жозеф Мери және Камиль дю Локль, Фридрих Шиллердің аттас драмасының желісімен. Әлемдік премьерасы: 1867 жылдың 11 наурызы, Париж операсы. «Астана Опера» театрындағы премьерасы – 2019 жылғы 11, 13 қазан.

4 бөлімді опера

Ноталық материал ұсынған G. RlCORDl & CO., Bühnen- und Musikverlag GmbH, Берлин қ.

Итальян тілінде орындалады 

(қазақ және орыс тілдеріндегі синхронды аудармамен) 

ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ

Император V Карлдан кейін 1556 жылы Испания тәжі оның ұлы II Филиппке өтеді. Испанияның көне жауы – Франциямен байланысты нығайту үшін Филипп өзінің туған ұлы Дон Карлостың қалыңдығы, француз ханшайымы Елизавета Валуаға үйленеді.

І БӨЛІМ

Сан-Юстедегі монастырь

V Карлдың моласы алдында монах сыйынуда. Таңданған Карлос өзінің атасы – императордың дауысын таниды.

Карлостың досы маркиз Родриго Поза келеді. Инфанттың (испан тағының мұрагері) шағымын тыңдап болған соң, Поза оған ақылын айтып, жоғалған махаббатты іздеуден гөрі Фландрияны азат ету бойынша игі іске күш жұмсауына кеңес береді. Достар мына жалғанда бірге болуға ант етеді.

Сан-Юстедегі монастырь жанындағы бақша

Дәрежесі патшайымнан төмен әйелдерге монастырға кіруге тыйым салынған, сондықтан сарай маңындағы қыз-келіншектер ханымды сыртта күтеді. Ханшайым Эболи оларға ән салуда. Іштен Елизавета шығады, соңынан Поза көрінеді. Патшайымның анасынан хат ала келген Маркиз оны Елизаветаға ұсына отырып, Карлостан жазбахатты жасырын табыс етеді. Поза мен Эболи ақсүйектерше әңгіме құрған сәтте Елизавета қолындағы Карлостың хатын оқып, маркизге сенуге болатынына көзі жетеді. Поза патшайымды Карлоспен кездесуге көндіруде; ал Эболи болса, Карлос тарапынан романтикалық сезімге деген зор үмітінен сыр шертеді. Елизавета Позаның өтінішін мақұлдап, ақсүйек қыздарды жөнелтеді.

Әдеп сақтауға тырысқан Карлос Фландрияға кетуге деген ниетінің барын білдіреді; патшаның келісімін алу үшін оған тек Елизавета ғана көмектесе алады. Сезіміне ерік берген инфант соңында есінен танады. Есін жиған соң, еш ойланбастан өгей шешесіне махаббат сезімін білдіреді. Елизавета қатал түрде Карлостың бетін қайтарады. Рухы түскен Карлос кете барады; соңынан бақшаға нөкерлерін ертіп Филипп келеді. Ол өзінің бұйрығына қарамастан, патшайымның жалғыз жүргендігіне наразы, сөйтіп, ол бұған жол берген фрейлинаны Испаниядан қуып жібереді.

Ақсүйектер жан-жаққа тарап кетеді, ал Филипп Позаға қалуды бұйырады. Ол маркизді патшаға қызметі үшін марапаттағысы келеді, алайда Поза сонша құрметтің өзіне емес, өзгелерге көрсетілгенін қалайды. Пікірін айтуға рұқсат алған соң, Поза кезінде гүлденген Фландрияның қазіргі сұмдық жағдайын сипаттайды. Филипп «бейбітшілік пен тыныштықтың бағасы осындай» деп жауап береді, алайда Позаның айтуынша, бұл тыныштықтың арты апатқа әкеп соқтыруы мүмкін. Ол патшаға жалбарынып, адамдарға бостандық беруін сұрайды. Жігіттің бойынан осынау батылдық пен адалдықты көрген Филипп ашық әңгімеге көшеді: ол Позаға әйелі мен ұлына қатысты күмәні бар екенін жайып салады. Бұдан былай Поза – патшаның кеңесшісі. Әйтсе де, патша маркизге бұдан әрі Ұлы инквизитордан сақ болу керектігін ескертеді.

II БӨЛІМ

Патшайым саябағы

Карлос көрінеді. Ол түн ортасында фонтан жанында кездесу белгіленген хатты қайта оқиды. Карлос өзін Елизавета күтіп тұрады деп ойлайды, алайда оның орнына кездесуге Эболи келеді. Жігітке хат жазған сол болатын. Ханшайымның жүзі жасырулы, сондықтан Карлос оны патшайым деп ойлап, барлық сырын білдіреді. Өтіріктің беті ашылады – енді Эболи Карлостың Елизаветаға деген сезімінен хабардар. Поза келеді. Ол Эболиге айбат көрсетіп, құпияны сақтауға мәжбүрлеуге тырысады, алайда беті қайтарылған қыз өзінің бар қаһарын инфантқа қарсы қоюды көздейді. Поза Карлосты әшкерелейтін қағаздарды өзінде сақтауды ұсынады. Карлос патшаның кеңесшісіне айналған маркизге сенер-сенбесін білмей, біраз қобалжиды, дегенмен, ақыр соңында бар күдікті достық жеңеді.

Аточтағы Құдай ана базиликасының алаңы

Алаңға жиналған халық Филипп патшаға мадақ айтып, дін жауларын отпен жазалау рәсімін (аутодафе) күтуде. Монахтар инквизициямен сотталған дінбұзарларды өртеу орнына жетектеп келеді. Шіркеуден шыққан Филипп Құдайға қарсылық білдіргендерді аяусыз жазалауға салтанатты түрде ант береді. Кенет ортаға бірнеше адам шығып, патша алдында бастарын иеді. Бұлар – Фландриядан келген елшілер, оларды осы жерге дон Карлос ертіп әкелген. Фламандықтар патшадан өздерінің азап шеккен өлкелеріне қайырымдылық танытуын өтінеді, бірақ Филипп айтқанынан қайтар емес: олар Құдай мен өздерінің монахтарына опасыздық жасаған. Фламандықтармен бірге жиналған жұрт та рақымшылық тілейді, тек монахтар ғана Филиппті мақұлдауда.

Ақырында Карлос әкесіне адуынмен үн қатып, өзін Фландрияның билеуші етіп тағайындауын сұрайды. Филипп ұлына осындай билікті сеніп тапсырудан бас тартады, Карлос семсерін қынабынан суырып алып шығады. Мырзалар мен күзетшілердің онымен шайқасуға батылдары жетпейді, бірақ инфант одан қаруын тастауын сұраған Позаны ғана тыңдайды. Филипп марапат ретінде Позаға герцог титулын береді. Мереке жалғасуда, жиналған жұрт дінбұзарларды жазалау рәсімін қадағалайды.

IIІ БӨЛІМ

Патшаның кабинеті

Филипп өз өмірі туралы күйінішпен ойлануда: оны ешкім сүймейді әрі басына түскен қиын ауыртпашылықтарды өзі ғана көтеруде. Оның шақыртуымен Ұлы инквизитор келеді. Филипп онымен Карлосқа шығарылатын үкім жайлы кеңеседі. Инквизитор елдегі тыныштық үшін ұлын өлімге қиған патшаның күнәсін кешіруге дайын. Ал өзі болса инквизиция сотына Позаны беруді талап еді. Филипп бас тартқан кезде, инквизитор шіркеу сотымен қорқытады.

Инквизитор кеткен соң, кабинетке асыл заттары бар қобдишасы жоғалғанына шағымданып Елизавета жүгіріп кіреді. Бұл қобдиша Филиппте еді, оның ішінен дон Карлостың суреті табылады. Елизавета күйеуіне инфанттың әуелде өзінің жігіті болғандығын ескертеді, бірақ Филипп оны опасыздығы үшін кінәлайды. Елизавета есінен айырылады. Көмек сұраған Филиппке Поза мен Эболи келеді. Филипп өзінің күдігіне күйінеді, Эболи патшайымның қобдишасын ұрлап алғаны үшін өкінеді, ал Поза кідіртпей әрекет етуге бел буады. Есін жиған Елизавета енді қайтып келмеске кеткен Франциядағы бұрынғы бақытты өмірі туралы мұңға батады.

Патша мен Поза кетеді. Эболи Елизаветаға Карлосты қызғанып, патшаның алдында жала жапқанын және өзі Филипптің көңілдесі болғанын мойындайды. Елизавета кетер алдында Эболиге ертеңге дейін бір шешім қабылдауына мүмкіндік береді: ол не қуғында болады, не дін жолына түсу жазасын таңдайды. Эболи болса өзіне тек қайғы әкелген сұлулығына лағынет айтады. Карлосты есіне түсіріп, жаза қабылдамас бұрын оны құтқарып қалуды ойлайды.

Дон Карлостың абақтысы

Тұтқындалған Карлосқа Поза келеді. Карлосты әшкерелейтін қағаздарды өзінікі деп мойындаған Поза енді өлім жазасына кесілді, сондықтан досымен қоштасып, оған Фландрияны құтқаруды аманат етеді. Оқ атылады. Өлімші болып жараланған Поза Карлосқа Елизаветаның Сан-Юстедегі монастырда күтетінін айтып үлгереді де, оның Испанияға жарқын болашақ сыйлайтынына сенім білдіріп, көз жұмады. Карлосқа қару-жарақ пен бостандығын қайтару үшін Филипп келеді. Дабыл үні естіліп, жиналған топ түрмеге лап қояды да, инфантты талап етеді. Ұлы инквизитордың келуімен бүлікшілер тоқтап, халық патша алдында тізе бүгеді.

IV БӨЛІМ

Сан-Юстедегі монастырь

Елизавета жалғыз қалып, император V Карлдың моласы алдында ғибадат етуде; енді өмірде ол үшін еш жұбаныш қалмады. Елизаветаның жанына келген Карлос бұдан былай өз өмірін Фландрияны құтқаруға арнайтынын айтады. Жақсы күндерде жолығуға сенім арта отырып, Елизавета мен Карлос қош айтысады. Олардың қоштасуын күзет ертіп келген Филипп пен Ұлы инквизитор бұзады. Филипп ұлын инквизицияға ұстап береді. Осы сәтте табыт ашылып, ішінен монах шығады. Ол Карлосты жамылғысымен жауып, өзімен бірге ала кетеді. Жиналғандардың бәрі монахтың Карл V екендігін біледі. 

Карл V – ең жоғарғы жаратылыс пен күш-қуат белгісі, бұл – адамгершілік пен шындықтың үні.

Published in Репертуар каз