Мазмұнға өту

Бақшасарай бұрқағы

Борис Асафьев

Балет

Либреттосын жазған Николай Волков, А. Пушкин поэмасының желісі бойынша. Хореография авторы Ростислав Захаров. Тұсаукесері 1934 жылы 28 қыркүйекте С.М.Киров атындағы МАОБТ өтті (Ленинград).

Прологы мен Эпилогы бар 2 бөлімді балет 

«Астана Операда» премьерасы 2015 жылы 11 сәуірде өтті

ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ 

Оқиға Польша мен Бақшасарайда XVIII-XIX ғасырлар аралығында өрбиді 

КІРІСПЕ

Бақшасарай қамалындағы оңаша жатын бөлме. «Қайғылы Марияға» арнап салынған мәрмәр бұрқақ алдында Керей хан бас июде.

I БӨЛІМ

Бірінші көрініс 

Ескі қамалда белгілі поляк шонжарының қызы Марияның туған күні тойлануда.

Князь қызы Мария қонақтарды қалдырып, өзінің болашақ күйеуі Вацлавпен кездеседі. 

Күтпеген жерден қараңғыдан Керей хан әскерінің барлаушысы пайда болады. Ол саябақтың қалың тоғайына жасырынып үлгерген сәтте, оны аңдыған поляк күзеті келеді.

Бұл уақытта мереке өзінің жалғасын тауып жатты. Салтанатты полонез билеген қонақтар саябаққа шығады. Топ алдында әкесімен билеген Марияның жұбы. Полонез әуені мазуркамен алмасып, би биге ұласады.

Сауық-сайранға жаралы күзет бастығы келіп, татар шапқыншылығы туралы суыт хабар жеткізеді. Князь Адам Потоцкий ер-азаматтарды соғысқа шақырады. Әйелдер қамалға жасырынады.

Поляктар қылыштарын суырып, жауға тойтарыс беруге дайын.

Татарлар өртеген қамал от құшағында. Оның қорғаушылары жаумен қанқұйлы шайқаста өлім құшуда. Аман қалған Мария мен Вацлав өрт жалыны мен қантөгіс алаңынан қашады, алайда олардың жолына жорық басшысы – Қырым ханы Керей тосқауыл болады. Керейге қарсы шыққан Вацлав, оның қанжарынан жан тапсырады. Марияның жамылғысын жұлып алған хан оның сұлулығына таңданып, тұрып қалады. 

II БӨЛІМ

Екінші көрініс 

Бақшасарай қамалындағы Керей ханның гаремі. Көптеген күң қыздардың ішінде – Керейдің сүйікті әйелі Зарема бар. 

Әскери кернейлер үні естіледі. Гарем өзінің қожайынын қарсы алуға дайындалуда. Татарлар үлкен олжамен оралды. Тұтқындағы Марияны абайлап алып келеді. 

Ойға батқан Керей гаремге кіреді. Зарема ханның көңілін ауламақ болғанымен, ол оны аңғармайды. Керейдің жүзінен қуаныш сезімі байқалады, сонда Зарема залдың арғы жағынан қызметшінің жаңа күң – поляк ханшайымын алып келгенін көреді. Зарема Керейдің махаббатынан айрылғанын түсінеді.

Гарем әйелдері өз қожайынының көңілін көтеруге тырысады, Зарема да оның махаббатын қайтаруға үмітті, бірақ бәрі бекер. Хан Зареманы шеттеп, шығып кетеді. Зареманың үміті үзіледі. 

Үшінші көрініс

Сәнді ұйықтайтын бөлме. Мұнда, қарт қызметші әйелдің күзетуіндегі ханның сұлу күңі зарығуда. Тек лютня аспабы ғана Марияға бұрынғы еркін өмірі мен бақытты кездерін қайта еске салады. Ол туған үйі мен Вацлав туралы терең ойға батады. 

Марияның қиялын Керейдің келуі бұзады. Ол қызға жалбарынып, өз махаббатымен бірге барлық байлығын ұсынады. Алайда, сүйіктісімен қоса туғандары мен достарын өлтірген Керейге Марияның жүрегінде тек қорқыныш пен жек көру сезімдері бар. Керей қарсы келместен шығып кетеді. 

Зарема түн мезгілінде князь қызының жатын бөлмесіне кіреді. Ол Марияға арызданып келіп, Керейді өзінен бездіруді талап етеді. 

Мария Зареманың қызбалы сөздерін түсінбей, одан жасқанады.

Зарема, Керейдің Марияға келгенде ұмытып кеткен тақиясын байқап қалады. Ханның осында болғанын ұғады. Бойын қызғаныш билеген Зарема Марияға қанжарын ала жүгіреді.

Керей кіреді, бірақ тым кеш: Зарема Марияны мерт қылған. 

Төртінші көрініс

Керей хан сарайының ауласы. Барлығы оның алдында құлдық ұрып, үнсіз бастарын июде. Алайда, ханды ешнәрсе қуантар емес: татарлардың жаңа шайқастан келгені де, сұлу тұтқын қыздар да оған маңызсыз.

Зареманы өлім жазасына әкеледі. Керейдің нұсқауымен оны құздан лақтырады.

Керейдің қолбасшысы Нұралы қожайынын қайғылы ойлардан алыстатуға тырысады. Бірақ, жауынгерлер биі еш нәтиже бермейді.

ЭПИЛОГ

Керей «Көз жасы бұрқағының» алдында. 

Жанында түрлі ойлар кезектесіп, Марияның әсем бейнесін қайта жандандырады. 

Published in Репертуар каз