Мазмұнға өту

Аттила

Джузеппе Верди

Опера

Пролог оқиғасы Римнің Аквилея қаласы мен Адриатика мүйісінде басталады, ал басқа бөлімдер көрінісі Рим маңында өрбиді (452-453 жж.).

Прологы бар 3 бөлімді лирикалық драма

Либреттосын жазған Темистокле Солера және Франческо Пиаве 

Захариас Вернердің «Ғұн патшасы – Аттила» трагедиясы бойынша 

Италия тілінде орындалады 

(қазақ және орыс тілдеріндегі синхронды аудармамен) 

ПРОЛОГ

Бірінші көрініс 

Аквилеядағы алаң 

Ғұндар басып алған қаланың қараңғы түні шырақ отының нұрына бөленген. Ғұндар мен олардың одақтастары өздерінің патшасы Аттиланы қарсы алады. Патша атқосшысы Ульдино, өз әкелері мен бауырларына көмектескен тұтқын қыздарды әкеледі. Олардың бірі – Одабелла. Ол әкесінің қаза болғанын өз көзімен көрген және ғашығы Форестоның да мерт болғанына сенімді. Қыздың асқан сұлулығына қайран қалған Аттила оған қолындағы семсерін сыйлап, өз әскеріне қосылуды ұсынады. Семсерді алған Одабелла іштей өзіне одан кек алуға ант етеді. Тұтқындарды әкетеді. Рим әскерін басқарушы Эцио келеді, ол Аттиламен бейбіт келісім жасауға ниетті және Италияның өз иелігінде қалғанын қалайды. Егер ғұн патшасы достық келісімге келмесе, екеуінің қас жауға айналатынын хабарлайды. Бірақ Аттила оған келіспейді. Ол Рим және бүкіл Италияны Эционың көмегінсіз жаулап аларына сенімді. 

Екінші көрініс 

Рио-Альбо қалашығы. Адриатика мүйісі 

Жағалауда күн күркіреп, найзағай ойнайды. Жаңбыр басылғаннан соң біртіндеп өз лашықтарынан дуаналар шығады. Жағаға желкенді кемемен соғыстан аман қалған сарбаздар мен Аквилея тұрғындары келіп тоқтайды. Олардың ішінде Одабелланың ғашығы – Форесто бар. Ол қатты күйзелуде, себебі оның қалыңдығы Аттиланың тұтқынында. Халық қолдауы оған күш береді. Жас жігіт көпшілікті Аквилея қаласы қайта қалпына келтіріліп, бұрынғыдан да әдемі болатынына сендіреді.

I БӨЛІМ

Бірінші көрініс 

Рим маңындағы орманда орналасқан Аттиланың лагері

Түн. Көз жасын төккен Одабелла әкесі мен ғашығын еске алады. Аяқасты оның алдында пайда болған Форесто қалыңдығын сатқындық жасадың деп айыптайды. Одабелла мұндай шешімге тек әкесінің өлімі үшін кек алуға келгенін айтып, сендіруге тырысады. Форесто мен Одабелла махаббаттарын мәңгі сақтауға ант береді.

Екінші көрініс 

Аттиланың шатыры 

Аттила қалың ұйқы құшағында. Қасында Ульдино күзетуде. Әбсәтте Аттила үрейлі түсінен шошып оянады. Түсінде әлдебір бейтаныс қария Римге жол тартқан Аттила әскерінің жолын бөгейді. Алыстан діни әуеннің үні естіледі. Алдынан жақында ғана түсінде көрген қария – Леоне шығады. Ғұн патшасының денесін қорқыныш пен үрей билейді. Ол Леоненің алдында басын иіп, Римді жаулап алу ойынан арылады.

II БӨЛІМ

Бірінші көрініс 

Римге жақын орналасқан Эционың лагері 

Рим императоры III Валентиниан қолбасшысын елордаға шақыртып бұйрық хат жазады, бұған Эцио қатты ашулы. Ақиқатында Эцио жас әрі тәжірибесіз императорды биліктен тайдырып, Мәңгі қаланың бұрынғы атақ-абыройын қайтару үшін Римді өзі басқаруға мүдделі. Аттила тұрағынан келген ғұндар Эционы татуластық бітіміне арналған той-думанға шақырады. Ғұндармен бірге өзінің кім екенін жасырып Форесто келеді. Эциомен көзбе-көз қалған соң ол Аттилаға қастандық жасамақ ойы бар екенін айтып, ғұн көсемі өлтірілген соң көмекке сарбаздар жібертуді сұрайды. Форесто кетеді, ал Эцио қуануда.

Екінші көрініс 

Аттила лагері. Тойға дайындық 

Жауынгерлер мен қонақтар көңіл көтеруде. Аттила Эциомен сәлемдесіп, бітімге келуді ұсынады. Абыздар патшаға кауіп төніп тұрғанын ескертсе де, Аттила оларға құлақ аспай, тойды жалғастырады. Кенеттен соққан желден шырақтар оты сөніп қалады. Қонақтар үрей үстінде. Ғұндардың бүкіл лагері қараңғылыққа батады. Көп ұзамай Аттила шырақтарды қайта жағып, дүбірлі тойды жалғастыруды бұйырады. Форесто Аттилланың шарабына у қосылғанын Одабеллаға ескертеді. Ульдино улы шарапты Аттилаға ұсынған сәтте Одабелла патшаны тоқтатады. Одабелла өзінің кек қайтару мүмкіндігін ешкімге бермек емес. Қаһарына мінген Аттила қастандық ойлаған адамды жазаламақ болады. Одабелла патшаның Форестоға кешірімділік танытуын өтінеді. Сезімі шынайы Аттила қыздың көңілін қайтармайды. Өзін өлімнен құтқарған сұлуға көңілі толған Аттила Одабелланың оған жар атанатынын айтып, Римді шабатынын хабарлайды. Одабелла Форестоға махаббатының берік екендігіне сенуді жалбарына сұрайды. 

III БӨЛІМ

Аттила мен Эцио тұрақтарының арасындағы орман 

Өз патшасын сатқан Ульдино, Форестоға үйлену тойының рәсіміне сай Одабелланың Аттила шатырына апарылғанын жеткізеді. Форесто Ульдинодан Рим әскерінің шабуылға дайын болуды ескертуін сұрайды. Алыстан салтанатты той әндерінің үні естіледі. Ашуға булыққан Форесто өз сүйгеніне лағнет айтады. Эцио болса, оны сабыр сақтап, бекер қызғаншақ болмауға шақырады. Одабелла римдіктер жағына өтіп, ғышығынан өзіне сенуді өтінеді. Бұған Форесто мүлде көнер емес. Ойда жоқта Аттила келіп Эцио, Форесто және Одабелланың үстерінен түседі. Ол қаһарына мініп, қастандық жасаушылардан кек алуға ант береді. Кенеттен Одабелла Аттиланы семсерімен өлімше етіп жаралайды. Осылай ол әкесінің кегін алды. 

Published in Репертуар каз