Мазмұнға өту

Аида

Джузеппе Верди

Опера

Оқиға Мемфис және Фива жерінде перғауындардың кұдіретті заманында өрбиді.

4 бөлімді опера

Либретто авторы Антонио Гисланцони

Тұсаукесері 1871 жылдың 24 желтоқсанында Каирда өтті (Мысыр)

«Астана Операда» премьерасы 2014 жылы 19 қарашада өтті

Итальян тілінде орындалады

(қазақ және орыс тілдеріндегі синхронды аудармамен)

І БӨЛІМ

Мемфистегі перғауын сарайының тақ залы

Жоғарғы абыз Рамфис сарай күзетінің басшысы Радамеске эфиоптардың тұтқиылдан көтеріліс жасағанын, Ніл алқабына кауіп төнгелі тұрғанын хабарлайды. Құдай ана Изида оған Мысыр әскерін басқаратын қолбасшының есімін атайды. Жоғарғы абыз бұл есімді перғауынға жеткізуге асығуда. Жалғыз қалған Радамес құдай ананың өзін таңдағанына үмітті және атақ-даңқ туралы, бәрінен бұрын өзі құмарта сүйетін эфиопиялық күң – Аида жөнінде оймен масаттанады. Оған құпия ғашық әрі қарсыласы барынан қорқатын перғауын қызы Амнерис оның жүзінен көз алмауда. Ал, Аида келгендегі Радамес пен күң екеуінің толқуы Амнеристің күдігін одан сайын күшейтеді. Залға күзет, министрлер мен абыздар кіреді, артынша перғауынның өзі де келеді. Хабаршы эфиоптықтардың басып кіргенін, Амонасро патша бастаған олардың Фиваға шабуыл жасауға дайын екенін баяндайды. Барлығы соғыстың басталуын күтуде және перғауын Изиданың Мысыр әскерінің қолбасшысы етіп Радаместі сайлағанын хабарлайды. Ол қуануда. Амнерис оған жалауды ұсынып, бәрі жаңа қолбасшыға жеңіспен оралуды тілейді. Тек жалғыз Аиданың ғана үміті үзілген: ол халқының талқандалып, әкесі Амонасроның шынжырға байланғанын еш тілемейді және ғашығынан айрылуды да қаламайды.

Мемфистегі Вулкан ғибадатханасы

Рамфис абыздармен бірге мінбер бөктерінде; ғибадатхана ішінен Фта құдайын шақырған абыз әйелдердің діни әні естіледі. Ғибадатханаға Радамес келеді. Абыз әйелдердің киелі биі кезінде бірінші қолбасшының басына жамылғы жабылады және Рамфис оған қасиетті семсермен бірге Мысыр тағдырын табыстайды.

ІІ БӨЛІМ

Амнеристің бөлмесі

Қаранәсілді күңдер билеуде; Амнеристі жеңімпаз Радаместің құрметіне орай салтанатты рәсімге арнап киіндіруде. Аида келеді, ол күйзелуде. Күдікшіл Амнерис оның күйзелісін бөлісіп, эфиоп халқының жеңілісі үшін жаны ауыратындай кейіп танытады. Содан кейін Радамес ұрыс кезінде қайтыс болды деп алдайды. Аиданың қаймығуы Амнеристің махаббаттағы бақталасы осы күң екендігіне сенімін ұлғайтады. Ашынған Амнерис Аиданы қорқытып, оның салтанатты мерекеге қатысуын бұйырады. 

Фива қақпасы

Перғауын нөкерлерімен келіп тағына отырады, олардың қасында күңдерін ерткен Амнерис ханшайым, арасында Аида бар. Халық Мысыр, Изида мен перғауынға мадақ айтуда. Фанфар үні естіліп, перғауынның алдына жеңімпаз әскер шығады; салтанатты шеру соңында – Радамес. Амнерис оның басына гүлден тәж кигізсе, перғауын барлық тілегін орындауға дайын. Осы кезде Аида тұтқындар арасынан қарапайым жауынгер боп киінген өзінің әкесі Амонасроны байқайды. Ол әкесімен құшақтасады, бірақ оның патша екенін білдіртпейді. Амонасро перғауын алдына шығып, өзінің халқы үшін рақымшылық жасауды өтінеді. Мысыр халқы тұтқындарды есіркейді, бірақ абыздарды бастаған Рамфис перғауынды аяушылық жасамауға шақырады. Осы кезде Радамес араласып, жеңілген эфиоптарға өмір мен еркіндік беруін сұрайды. Перғауын оның тілегіне келіседі, тек Рамфис ескерген бір шартты орындауды талап етеді: бейбіт өмір ақысы ретінде Аида әкесімен бірге аманатқа осында қалулары керек. Арықарай перғауын Амнеристің қолын Радамеске сыйлап, оның Мысыр тағына ие болып қалатынын болжайды.

ІІІ БӨЛІМ

Ніл жағалауы

Изида ғибадатханасынан оның құрметіне діни әуен орындалуда. Жағалауға қайық тоқтайды, одан Амнерис, Рамфис, жамылғы киген әйелдер мен күзет түседі. Аида келеді, ол мұнда Радамеспен кездесуді күтуде. Сүйіктісін күткен Аида өзінің үзілген махаббаты мен енді қайтып көрмейтін алыс атамекені туралы ойға батады. Оның алдынан Амонасро шығады. Қызының Радаместі сүйетінін түсінген әкесі, оның Отанына оралып, махабатта бақытты өмір сүретінін болжайды. Бірақ алдымен мысырлықтарды талқандау керек, ол үшін Радаместен әскердің қай жолмен жасырын түрде жүретінін білу қажет. Бастапқыда Аида келіспейді, бірақ артынша, оны перғауындар күңі деп айыптаған және қызынан бас тартпақ боп қорқытқан Амонасроның қысымынан кейін өз келісімін береді. Амонасро көзден таса болып, жасырынады. Радамес келіп, ішкі жан-дүниесін ақтарып салады: ол жаңа жеңіске жетіп, перғауыннан сыйақы ретінде Аиданың қолын сұрамақшы. Ал Аида оған Эфиопияға қашып, сонда бақытты өмір сүруді ұсынады. Бастапқыда көп ойланған Радамес, күмәнін жеңіп, қашуға дайындала бастайды. Аида Радаместен әскерге жолықпас үшін қалай жүру керегін сұрайды, ол Напата сайлары ертеңге дейін бос болатынын айтады. Мұны естіген Амонасро жасырынған жерінен шығып, өзінің Эфиопия патшасы екенін хабарлайды. Радамес қатты толқуда, ол отанын сатқанын түсінеді. Осы кезде ғибадатханадан шыққан Амнериске ұмтылған Амонасро оны өлтірмек болады, бірақ Радамес оған бөгет жасайды. Содан кейін ол Аида мен оның әкесіне қашуға көмектесіп, өзі Рамфиске беріледі.

IV БӨЛІМ

Перғауын сарайындағы зал

Амнерис қаймығуда: Радаместі отанын сатқаны үшін соттайтын болды. Ол оны бұрынғысынша сүйеді және құтқару жолында бәріне дайын. Амнерис айыпталушыны алдыруды бұйырып, одан өз-өзін ақтап шығуды жалбарынады, бірақ өзін кінәсіз санайтын және арын таза есептейтін ол ақталудан бас тартады, оның үстіне Аиданы жоғалтқаннан соң оған өлім артық көрінеді. Амнерис қыздың тірі және бостандықта екенін айтады және ол одан бас тартса өмір сыйлайтынына уәде береді. Бірақ, Радамес түпкілікті өлім құшуды шешеді. Амнерис зынданға абыздардың кіріп келе жатқанын көреді, қазір олар үкімді жария етеді. Отанын сатқаны үшін, соғыс майданынан қашты және перғауынның сенімін ақтамады деп айыпталған Радамес қорғанудан бас тартады; оны тірідей жерлеуге үкім шығарылады. Қайғыдан есінен адасқан Амнерис абыздарды қарғап-сілейді. 

Жоғарыда – Вулкан ғибадатханасы, төменде – зындан

Екі абыз Радамес отырған зындан есігін таспен жабады. Ол қараңғыда ыңырсыған дауысты естіп, өзіне қарай келе жатқан адамды байқайды: бұл Аида, ол ғашығының құшағында өлу үшін зынданға жасырын кірген. Өлім періштесінің жақындап келе жатқанын көрген Радамес пен Аида жер бетіндегі өмірмен қоштасып, аспанға ұмтылады. Ал ғибадатханада қаралы киінген Амнерис Радамес жаны үшін дұға оқуда. 

Published in Репертуар каз