Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди
Опера
Либреттосын жазған Мұхтар Әуезов. Премьерасы 1944 жылы 24 желтоқсанда Абай атындағы МАОБТ өтті. «Астана Опера» театрында тұсаукесері 2015 жылы 25 қыркүйекте өтті.
4 бөлімді, 5 көріністі опера
Қазақ тілінде орындалады
(орыс және ағылшын тілдеріндегі синхронды аудармамен)
І БӨЛІМ
Бірінші көрініс
Түн. Сахнаға Ажар жүгіріп шығады. Ол өзінің ғашығы Айдармен бірге Нарымбеттің ашулы туыстарынан жасырынуда. (Сұлу Ажар жастайынан атастырылған болатын, алайда болашақ күйеуі қайтыс болып, ескі салт бойынша оның інісі Нарымбетке күйеуге шығуы тиіс). Айдар күйінішпен атының өліп қалғанын және Абай ауылына жақын қалғанымен, қуғыншылардан құтылу мүмкін еместігін хабарлайды.
Ажар Айдардан жалғыз қашып кетуін өтінгенімен, ол бұл ұсыныстан бас тартып: «Өмір бойы масқара болып жүру үшін бе?! Одан да өлгенім артық!», – дейді. Олар ескі бұзылған мазарда жасырынуға тырысады. Осы кезде арттарынан: «Ұр! Ұста! Байла!» деп айғайлап қуғыншылар да жетеді. Олар екі жасқа арқан лақтырып, ат құйрығына байламақшы, сосын атты дала кездіріп, азаптап өлтірмек болады. Ажар мен Айдар бір-бірімен қоштаса бастайды. Жанкешті жағдайдағы Айдар өзінің ұстазы Абайды шақырады.
Абаймен бірге Айдардың достары – Көкбай, Абайдың туысы әрі ақсүйек өкілі Әзім және басқалары келеді. Абай Көкбайға арқанды кесуді бұйырады. Нарымбеттің туысқандары ру басы Жиреншенің басқаруымен ата-баба заңына жүгінгенді сұрайды. Абай болса халық сотын талап етеді. Істің немен аяқталатынына сенімді Жиренше өз адамдарына Айдар мен Ажарды босатып жіберуге рұқсат береді де, Абайға бәрібір айтқаның болмайды деп кіжінеді.
Екінші көрініс
Әзім оңашада Айдар соншалықты кінәлі ме деген ойға шомған. Жиренше келіп, Ажарды ауылға қайтаруға Әзімнен көмек сұрайды. Өйткені, оның ауылға қайтуы барлығына тыныштық әкеледі. Жиренше: «Саған Абай жақын шығар, бірақ халық – сенің досың. Егер де Абай елдің аяусыз ашуына қалатын болса, онда сені ешкім жазаламайды!» – дейді. Ол Әзімді терең ойда қалдырып кетеді.
Айдарды мақтап жатқан тұста күтпеген жерден келген Әзімнің іштарлығы мен қызғанышы оянады. Әзімге Айдардың әндері жауларды ызаландыра түсетіндей көрінеді де, ол қарсыласын елді жауластырғаны үшін кінәлайды. Дегенмен, Абай «үнсіздік ән тудырмайды – күрес қызуы ойды қозғауға мәжбүрлейді» деп есептейді.
Ашуға булыққан Әзім шығып кетеді.
Ажарды тыңдау үшін мәртебелі би Сырттан келеді, себебі Ажар сотта өзін қорғап сөйлеуге құқылы емес. Ажар өзінің қапас өмірі, бойын билеген Айдарға деген кіршіксіз сезімдері туралы баяндайды. Оның шын көңілден шыққан, жан тебірентер сөздерін естіген соң Сырттан ертеңгі тыңдаудан кейін өз үкімін шығаратынын айтып кетеді.
Жалғыз қалған Абай жастарды соңына дейін қорғап шығу туралы шешімге келеді.
ІІ БӨЛІМ
Үшінші көрініс
Сот. Жиналған халық Ажар мен Айдардың тағдыры үшін қобалжып, қауіптене күтуде. Өзінің бастапқы сөзінде Сырттан бұрынғы заңдардың күрделілігін талқылауға шақырады. Жиренше дала тыныштығын сақтауға мүмкіндік беретін бабалар салтын басшылыққа алуды жақтайды. Оған Әзім қарсы шығады. Ол адам сезімінің басымдығын жария етеді, Жібек, Баян, Ләйлә мен Джульеттаны мысалға ала отырып, махаббат сезімі туралы айтады. Жастардың махаббаты руаралық қақтығысқа алып келмес үшін Айдарға кешірім жасауды сұрайды. Ал Жиренше, егер Ажар өз ауылына қайтатын болса кешірім беруге дайын, бірақ болашақта дала заңдарын бұзуды болдырмас үшін Айдарды өлім жазасына кескісі келеді. Ол бұрынғы замандағы Еңлік пен Кебекке өлім жазасын кескен Кеңгірбай биді мысалға келтіреді. Жиренше заң бұзушыларды қолдаған Абайды да кінәлайды. Абай сөз сұрап, баршаға сол сұмдық үкімнен кейін халықтың Кеңгірбайдан алыстағанын ескертті. Ол қан төкпеуге шақырады, себебі халық есінде олар масқара жендет болып қалмақ.
Қарт Сырттан жастардың кінәсін мойындайды, бірақ олар өлім жазасына кесілмейді. Абай жауапкер ретінде айып төлеуі тиіс, сол кезде ғана сот Ажар мен Айдардың кінәсін алып тастайды. Қуанышы қойнына сыймаған халық Абайды, оның шәкірттерін және келген Ажар мен Айдарды құттықтайды. Бәрі тарап кетеді. Сол жерде қалған Жиренше, Нарымбет және Мес өздерінің жеңіліс табуының басты себепшісі Абай деп есептеп, оны өлтірмекке серт береді. Нарымбет Жиреншеге у табыстайды.
ІІІ БӨЛІМ
Төртінші көрініс
Той алдындағы қарбалас. Көкбай Қарлығаштың көңілін табуға тырысуда, бірақ шын ниетіне күдік келтірген бойжеткен оның сөздерін қалжыңға айналдырады. Абай, Айдар мен Әзім кіреді. Абай жолы болмаған жігітке күліп, Көкбай мен Қарлығашты үйлену тойы салтанатында өнер көрсетуге дайындалуға жібереді. Айдардың ән салуын сұраған халықтың дауыстары естіледі. Әзім жаңа толқулар басталуынан сескеніп, Айдардан Еңлік туралы ән айтпауын сұрайды. Бірақ Айдар оны тыңдамайды. Әзімнің жүрегі іштарлық пен кекке толы, Өйткені, Айдарды халық жақсы көреді, бәрінен де оны Абай құрметтейді. Ол жас талантты ақынды өлтіруге бел буады. Ол Айдардың дұрыс жолмен жүрмегендігін алға тартып, тіпті Абайды да еліктіріп алды деп өзін ақтайды. Әзім бабалар заңының әділдігіне сенеді.
Той басталады. Абай бақытты. Мерекелік би биленіп, одан кейін – қадірлі туыстары мен қонақтарға сәлем салатын келіннің бетін ашу салтанаты басталады. Осы сәтті пайдаланған Әзім Жиреншеден алдын ала алған у құйылған ыдысты Айдарға береді. Би жалғасып, «Қарлығаш» лирикалық әні айтылады.
Айдардан тағы ән сұрайды. Ол «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін шырқайды, бірақ күтпеген жерден құлап түседі.
ІV БӨЛІМ
Бесінші көрініс
Айдар өлім үстінде. Ол Ажармен қоштасып, аз ғана уақыт бірге болғанына өкінішін білдіруде. Абай мен Ажар ауыр қайғы үстінде. Айдар: «Адам қарғыстан өлуі мүмкін бе?», – деп сұрайды. Абай мұны жоққа шығарады. Сонда Айдар, өз кеудесін көрсетіп: «Мынау не ауру сонда?», – деп сұрайды. Бәрі таң қалады – оның денесі қарайып кеткен. Айдардың өзі: «Маған у берген!», – деп жауап береді. Абай Көкбайға халықты жинауды тапсырып, болған жайды қайғыра хабарлайды. Халық ашуға мініп, у берген адамды табуды талап етеді. Көкбай елдің көзінше Жиреншені нұсқайды. Халық ашу үстінде оның мойындауын күтеді, бірақ Жиренше кінәлі еместігі туралы Сырттан бидің алдында ғана серт беретінін айтады. Ол сертін қабылдайды. Сол сәтте Жиренше Әзімнің де серт беруін сұрайды. Бірақ, ол бас тартады. Оның артынан қарғыс айтылады және аттың құйрығына байланып, жазаланады. Айдар жан тәсілім етеді. Ажардың қаралы жоқтауы.
Абай осы түнектің ішінде жалғыз, бірақ оның күш-қуаты мұқалмақ емес, жүрегінен шыққан отты жырлары Мәңгілік Ел ұлы жолына сәулесін шашып, туған халқына жөн сілтеуде.