Мазмұнға өту

Щелкунчик

Петр Чайковский

Балет

Либретто авторы Юрий Григорович, Эрнст Теодор Амадей Гофманның ертегісі бойынша (Мариус Петипа сценарийінің қолданылуымен). Тұсаукесері 1966 жылы 12 наурызда Ресейдің Үлкен театрында өтті. «Астана Операда» премьерасы 2014 жылы 25 желтоқсанда өтті.

2 бөлімді балет

І БӨЛІМ

Штальбаумдар үйіне жаңажылдық мерекеге қонақтар жиналуда. Олардың ішінде Штальбаумдардың балалары – Мари мен Фрицтің кіндік әкесі – Дроссельмейер бар. Ол балаларға ерекше сый-сияпат – қызықты Щелкунчикті сыйға дайындаған. Балалар шырша мен мерекелік сыйлықтарды көруге асығуда. Көптен күткен сәт те келіп жетті: барлығының көз алдына әдемі шырша шығарылады.

Күтпеген жерден сиқыршы киімінде балаларға танылмаған Дроссельмейер келеді. Бейтаныс қонақтың ойыншықтарға жан бітіруі балаларға қуаныш әкелгенімен, құпияға толы сиқыр еріксіз қорқыныш тудырады. Балалардың қорқынышын тарқату үшін Дроссельмейер бетпердесін шешіп тастайды, сол кезде олар өздерінің сүйікті кіндік әкелерін таниды. Мари жан біткен керемет қуыршақтармен ойнағысы келеді, бірақ… оларды алып кеткен. Дроссельмейер Мариді жұбату үшін Щелкунчикті тарту етеді. Епсіз, күлкілі қуыршақ оған қатты ұнайды. Маридің тентек інісі Фриц абайсызда ойыншықты сындырып алады. Мари өзінің зақымданған сүйікті ойыншығын жұбатып, аялап тербетеді. Фриц достарымен бірге тышқандардың бетперделерін киіп алып, қайғылы Мариді ашуландырады. Көрші бөлмеден қонақтар келеді. Соңғы салтанатты гроссфатер биінен соң барлығы тарқайды. 

Түн. Шырша тұрған бөлме ай жарығымен көмкерілген. Ол жасырын, сиқырлы құпияға толы сияқты көрінеді. Қорыққанына қарамастан Мари мұнда келіп, «науқас» Щелкунчикті көрмекші. Оны құшақтап, жұбатады. 

Осы мезетте Дроссельмейер келеді. Қазір ол мейірімді кіндік әке емес, нағыз сиқыршы. Оның қолдарын сілтеп жасаған әмірінен маңайдың бәрі өзгере бастайды: қабырғалар жан-жаққа қозғалып, шырша өсе түседі. Онымен бірге ойыншықтарға да жан бітіп, өседі. Бір кезде еден астынан Тышқан патшасы бастаған тышқандар шыға бастайды. Қуыршақтардың зәресі ұшып, абыржуда. Тек, Щелкунчиктің тапқырлығы мен ерлігі оларды құтқарады: қаздай тізілген ойыншық сарбаздарды ол тышқандар әскеріне қарсы ұрысқа батыл бастап шығады.

Алайда, олардың күштері тең емес. Щелкунчик Тышқан патшасы мен оның барлық нөкерлеріне қарсы жалғыз қалады. Мари қобалжуда: оның сүйікті ойыншығына қауіп төнді. Ол Дроссельмейерден алған отты шамды тышқандарға лақтырады, олар үрейленіп жан-жаққа шашырай қаша жөнеледі. Ұрыс алаңы енді бос. Тек жалғыз Щелкунчик қозғалыссыз жерде жатыр. Мари қуыршақтармен бірге көмекке асығуда. 

Осы кезде ғажайып жағдай орын алады… Маридің алдында – сұлу жасөспірім Щелкунчик-Ханзада тұр. Ол оған жақындай бастайды. Үй қабырғалары жоғалып, Мари мен оның достары жұлдызды аспан күмбезінің астында, таңғажайып шырша жанында қалады. Ақ ұлпа қар бүршіктері сиқырлы би билеуде. Мари мен Щелкунчик-Ханзаданы шырша төбесінде жалт-жұлт еткен жұлдыз өзіне арбап, тамаша армандай еліктіреді. Қуыршақтар олардың артынан ілеседі.

ІІ БӨЛІМ

Мари және Щелкунчик-Ханзада шырша әлемінің бойымен сиқырлы қайықта жүзуде. Олармен бірге достары – қуыршақтар бар. Олар жарқыраған жұлдызға жақындай түсуде, міне, таңғажайып шыршаның төбесіне де жетіп қалды… 

Бірақ, олардың арттарынан Тышқан патшасымен бірге тышқандар жасырынып келіп, тұтқиылдан шабуыл жасайды. Щелкунчик-Ханзада тағы да батыл тойтарысқа шығады. Мари мен қуыршақтар үрейленіп ұрысты бақылауда. Щелкунчик-Ханзада жауды жеңеді. 

Барлығы қуанышпен жеңісті тойлайды. Қуыршақтар би билеуде. Шамдар жарқырап, шырша оттары қайта жанады. Зұлым тышқандар жеңіліс тапқан! Мари мен Щелкунчик-Ханзада бақытты – олар арман әлеміне жетті!

Бірақ… мұның бәрі – тек қана түс… Жаңажылдық түн өтіп кетті, онымен бірге тамаша қиялдар да ғайып болды… Ертегі арманының лебін сезінген Мари үйінде, өз шыршасының жанында отыр, оның тізесінде қуыршақ – Щелкунчик.

Published in Репертуар каз