Мазмұнға өту

Манон

Жюль Массне

Балет

Либреттосын жазған Кеннет Макмиллан, Аббат Превоның «Кавалер де Грие мен Манон Леско оқиғасы» романы бойынша. Хореография авторы – Кеннет Макмиллан.

3 бөлімді балет 

Премьерасы 1974 жылы 7 наурызда лондондық Ковент-Гарден театрында өтті

«Астана Опера» театрындағы тұсаукесері – 2017 жылғы 28, 29 сәуірде 

І БӨЛІМ

1 көрініс: Амьендегі қонақ үй (Париж маңы)

Қонақ үй алаңындағы қарбалас: әртістер, жас жігіттер, жеңіл жүрісті ханымдар, кедейлер. Бұл жердің жиі қонағы Леско да осында, ол монастырға бара жатқан қарындасы Манонды күтіп алу үшін келген. Г.М. мырза мен Мадам отырған күйме келіп тоқтайды. Қолынан кітап тастамайтын сымбатты келген болашақ дін маманы де Грие көрінеді. Күймеде Манон мен Қарт мырза келеді. Ол сұлуға сөзсіз құмартқан, ал Манон болса онымен тек әзілдесуде. Мұны байқаған Леско Қарт мырзаны қарындасына қатысты мәміле жасау үшін қонақ үйге қарай алып кетеді. Күтпеген жерден Манон де Гриемен кездесіп қалады. Манон бір ұялып, бір қысылып, де Гриеге ғашық болады. Олар Манонның Қарт мырзадан алған ақшасын пайдаланып, Парижге қашуды ұйғарады. Қарт мырза Лескомен бірге қонақ үйден шыққан кезде Манонның жоқ болып кеткені анықталады. Г.М. мырза да Лескоға қарындасының ұнайтынын айтып, оған ақша ұсынады. Леско, Г.М. мырзаға Манонды табуға және оның тілегін қабылдайтындай етуге уәде береді.

2 көрініс: Париждегі де Гриенің пәтері

Жас жігіт әкесінен ақша сұрап, хат жазады. Манон оның ойын өзіне аударып, құштарлық сезіміне бөлейді. Де Грие хатты алып поштаға кетеді. Леско мен Г.М. мырза кіріп келіп, Манонды сыйлықтың астына қалдырады. Манон оларға қуанып, жылы қарсы алады. Қарындасы мен Г.М. мырзаның тіл табысқанын байқағаннан кейін, Леско қызметі үшін тиесілі ақысын алады. Манон, бақытқа бөленген бөлмемен әзер қоштасып, Г.М. мырзамен кетеді. Де Грие қайтып оралады. Леско жас жігітке, егер Манон мен бай Г.М. мырзаның қарым-қатынасына бөгет болмаса, ақшасымен бөлісуге уәде береді. Қаражатсыз қалған де Грие оған келіседі.

ІІ БӨЛІМ

1 көрініс: Мадамның салтанатты үйіндегі мереке (Париж)

Барынша жасанған бикештер ер жігіттердің көңілін табуда. Аздап қызулы Леско залға де Гриені ертіп келеді. Манон мен Г.М. мырза көрінеді. Манон, де Гриемен күтпеген кездесуден ұялғанын қойып, өзіне ынтық жандармен билейді. Өздерінің оңаша қалуын күткен де Грие Манонды өзімен бірге кетуге шақырады. Манон оны алдымен Г.М. мырзадан үлкен сомада ақша ұтып алуға көндіреді. Ойын басталады. Де Грие алаяқтықпен ұсталады. Дау-дамай қызған шақта ғашықтар қашып кетеді.

2 көрініс: Де Гриенің пәтері

Манон мен де Грие бір-біріне деген сүйіспеншілік сезімдерін білдіруде. Г.М. мырзаның Манонға сыйлаған білезігі жас жігітті ашуландырып, олардың арасында ұрыс-керіс тудырады. Г.М. мырза полициямен бірге келеді. Бұғауға кісенделген Лесконы кіргізеді. Манонды жезөкше ретінде тұтқындайды. Шиеленіскен төбелесте Леско оқтан қаза болады. 

ІІІ БӨЛІМ

1 көрініс: Жаңа Орлеандағы порт 

Кемежайға күзетшілер мен жергілікті тұрғындар жиналып, тұтқындардың түсуін бақылауда. Жезөкшелігі үшін жер аударылған әйелдер ішінде Манон да бар. Оны тану қиын: ол жүдеген, сүйкімді ажарынан айырылған. Оның соңынан, өзін Манонның күйеуі ретінде таныстырған де Грие еріп келеді. Манонды ұнатып қалған Қарауыл басшысы күзетшіге сұлуды жеке алып кетуге бұйрық береді. 

2 көрініс: Қарауыл басшысының кабинеті 

Сарбаздар Манонды алып келеді. Қарауыл басшысы оған ұсыныс жасайды: егер Манон жылы шырайын көрсете білсе, оған қамқорлық жасалынады. Бірақ ол еш ықылас танытпайды. Сол кезде Қарауылшы Манонға зорлық көрсетіп, қолына білезік кигізеді де, оны құшақтай жөнеледі. Ашу қысқан де Грие кабинетке баса-көктеп кіріп келіп, Қарауыл басшысына қанжар салады. Манон мен де Грие қашып кетеді.

3 көрініс: Луизиана батпағы 

Мұнда әбден азып-тозған қашқындар тығылып жатыр. Сандырақтаған жас қыз өзінің өткенін есіне алады: оның көз алдына сол сәттер елестейді. Манон енді байлық пен сән-салтанатқа ұмтылмайды, ол махаббатты таңдайды. Алайда, өзінің соңғы күшін жоғалтқан ол де Гриенің қолында көз жұмады. 

Published in Репертуар каз