Мазмұнға өту

Аққу көлі

Петр Чайковский

Балет

Либреттосын жазған Владимир Бегичев пен Василий Гельцер. Хореография авторлары Мариус Петипа мен Лев Иванов.

2 бөлімді, 4 көріністі балет

Премьерасы 1895 жылы 15 қаңтарда Мариин театрында (Санкт-Петербор) өткен 

«Астана Опера» театрындағы премьерасы – 2018 жылдың 8 наурызы

I ПЕРДЕ

Бірінші көрініс

Патша сарайының саябағы 

Зигфрид ханзада достарымен өзінің кәмелеттік жасқа толғанын тойлау үстінде. Қонақтар Зигфридтің құрметіне тостағандарын көтеріп, би билеп, сайран салып жатыр. Сайқымазақ меймандардың көңілін аулауда. Қызметшілер Зигфридтің анасы – билік етуші ханшайымның келгенін хабарлайды. Ол ұлына арбалет сыйлайды. Зигфридті құттықтай келген Ханшайым оған балалық шағының артта қалғанын айтып, енді үйлену жайын ойлауды есіне салады. Ертеңгі бал кешінде ханзада өзіне қалыңдық таңдауға тиісті. 

Қараңғы түсуде. Қонақтар тарап, Зигфрид жалғыз қалады. Оның жаны жайсыз күйде… Көлге қарай ұшқан ақ қанатты аққуларды көре сала, ханзада құстардың соңынан ереді.

Екінші көрініс

Қалың ормандағы көл 

Аққулар жағаға шыға бере жас қыздарға айналады, олардың патшайымы Одеттаның сұлулығына таңданған Зигфрид арбалетін төмен түсіреді. Ару қыз аққу-құрбыларымен бірге зұлым сиқыршы Ротбарттың арбауында екенін әңгімелейді, тек шексіз махаббаттың құдіреті ғана сиқырдың күшін жоя алады. 

Зигфрид қызға сезімінің адал әрі мәңгі боларына ант етеді. Одетта жігітке алдын-ала ескерту жасайды: егер ол өз сөзінде тұрмаса, аққу-қыздарға ешкім де көмектесе алмайды. Таң рауаны біліне бастайды. Көл бетінде қайтадан аққулар пайда болды. Одетта Зигфридпен қоштасады.

II ПЕРДЕ

Үшінші көрініс

Патша сарайындағы бал кеші 

Ханзадаға арулар бірінен соң бірі таныстырылуда, алайда ешқайсысы оның назарын жаулай алар емес. Зигфридтің жүрегі тек Одетта деп соғады.

Керней дыбысы жаңа қонақтардың келгенін хабарлайды. Ақсүйек рыцарь кейпінде сиқыршы Ротбарт келеді, жанында – қызы Одиллия бар. Зигфрид абыржулы: бұл ару Одеттаға қатты ұқсайды! Одиллия ханзаданың есін жиюға мұрша бермей, өзіне тартып, баурайды… еліккен ханзада қызға махаббат сезімін білдіреді.

Бұдан былай қыз оның қалыңдығы!

Ротбарт жеңісін тойлауда: Зигфрид Одеттаға берген антын бұзды – махаббат та, адалдық та жоқ, оның өктемдігіне қарсы тұрар күш қалмады. 

Зигфридтің көз алдына Одеттаның елесі көрінеді, өзінің алданғанын түсінген жігіт көлге, Одеттаға асығады.

Төртінші көрініс

Түн. Көл жағасы 

Одетта құрбыларына Ротбарттың зұлымдығы мен Зигфридтің жасаған опасыздығы туралы баяндайды. Ханзада келіп, жалына кешірім сұрайды. Ротбарттың жіберген қара қанатты аққулары ғашықтарды бір-бірінен айырмақшы болады. Дегенмен Зигфрид сиқыршыға тойтарыс беріп, жеңіске жетеді.

Қаһарлы залымның әмірі жойылып, ұясынан шыққан күннің нұры өмір, махаббат және бақыт әкеледі… 

Published in Репертуар каз