Адольф Адан
Балет
Либретто авторлары: Вернуа де Сен-Жорж және Жозеф Мазилье, Юрий Слонимский мен Петр Гусевтің редакциясында, Дж.Байронның аттас поэмасы бойынша. Мариус Петипаның хореографиясы, Алтынай Асылмұратованың редакциясы (Петр Гусевтің хореографиясы қолданылған).
Прологы мен Эпилогы бар 2 бөлімді балет
Ц.Пуни, Л.Делиб, Р.Дриго, П.Ольденбургский музыкасы қолданылған
Премьера: 1856 жылғы 23 қаңтар, Grand Opera, Париж
«Астана Опера» театрындағы премьерасы – 2018 жылғы 25, 26 мамыр
ПРОЛОГ
Дауыл. Кеме апаты
Желкенді кемедегі үш батыл жігіт теңіз апатымен күресуде. Желкенді басқарушы қаза табады…
БІРІНШІ БӨЛІМ
Бірінші көрініс
Шағын мүйіс
Жағаға соғылып қираған кеме жанында – аман қалған үш жас жігіт. Оларды грек қыздары тауып алады. Медораға жігіттердің ішінен Конрад ерекше ұнайды. Ол өзін таныстырып, достары Али мен Бирбанто жайлы әңгімелейді. Өздерінің теңіз қарақшылары – корсарлар екенін мойындайды.
Қыздар түрік сарбаздарының жақындап қалғанын хабарлайды. Медора мен Гюльнара корсарларды жасырып, өздері тұтқынға түседі.
Қыздардың ізіне түсіп, жасақты ертіп келген құл сатушы Исаак Ланкедем дән риза. Ол жомарттық танытып, офицерге ақысын төлейді.
Дәл қазір корсарлар грек қыздарына көмектесе алмағанымен, оларды құтқаруға уәде береді.
Екінші көрініс
Базар
Ланкедем базарға жиналған көпестерге өзінің күңдерін көрсетуде. Гареміне жас аруларды алғысы келетін Сеид-паша мәртебелі орынға жайғасады. Назары Гюльнараға ауған ол қызды сатып алады.
Құл сатушы Медораны көрсетеді. Қыздың асқан сұлулығына көзі жеткен Сеид-паша оны кез-келген бағаға сатып алуға дайын. Осы сәтте кемеден ірі саудагер түседі. Медора оның кейпінен Конрадты таниды. Қызға танығанын білдірмеуді ыммен ескерткен «Саудагер» бұрын-соңды болмаған жоғары бағаны белгілейді де, саудаласа бастайды. Таңданған Сеид-паша бейтаныс саудагердің кім екенін білгісі келеді. Сәнді киімдерін шешкен «Саудагер» мен оның нөкерлері аң-таң болған Сеид-пашаның алдында қаруланған корсарларға айналады. Медора мен тұтқын қыздарды ала қашқан олар өздерімен бірге Ланкедемді де ертіп, теңізге жол тартады. Түрік қарауылы қашқындарды тоқтатуға дәрменсіз. Сеид-пашаны ашу кернейді.
Үшінші көрініс
Корсарлардың үңгірі
Корсарлар көпестерден тартып алынған мол қазынаға риза. Олар құтқарылған сұлу қыздардың құрметіне мереке ұйымдастырады. Қыздар корсарлардың билерін сүйсіне тамашалайды. Жігіттің көңілін қайтармаған Медора Конрадпен билеуге келіседі. Оларға Али де қосылады. Корсарлар өз қолбасшысының таңдаған жұбына тамсана қарайды.
Қыздар Медораға жалбарынып, оларды үйлеріне жіберу үшін Конрадты көндіруін өтінеді. Конрад келіседі, бірақ Бирбанто мен өзге корсарлар қарсылық танытады. Олар қыздарды аралда қалдыруды талап етеді. Дау-дамай басталады. Конрад та өз айтқанынан қайтар емес. Ол Медорамен бірге қыздарды жағалауға шығарып салуға кетеді.
Корсарларға Ланкедем жасырын келеді. Егер ол босатылса, Конрадтан кек алуға көмектесуге дайын. Келісе кеткен корсарларға Ланкедем ұйықтататын у береді. Қуанған Бирбанто уланған гүл шоғын Ланкедемге беріп, Конрадқа апаруды бұйырады. Қу Ланкедем гүлдерді Медораға табыстайды, ал қыз болса оларды құрбыларын құтқарғаны үшін алғыс ретінде Конрадқа сыйлайды.
Конрад ұйқыға кетеді, ал корсарлар Медораны алып қашады.
Есін жиып, сүйіктісінің жоғалғанын байқаған Конрад, оны тұтқыннан босатуға уәде береді.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Төртінші көрініс
Сеид-пашаның гаремі
Сеид-паша Гюльнараның сұлулығына тәнті болып, ерке қылығына көнуде. Олардың көңілін күңдер сергітеді. Ланкедем Медораны алып кіреді. Сеид-паша жаңадан келген тұтқын қызға шаттанып, оны сатып алады. Пашаның құрметіне Медора мен Гюльнара керемет «Жанданған бақ» жасап, би билейді.
Діндарлар кейпіне енген корсарлар сарайға келеді. Паша оларды кешкі ғибадатқа шақырады, ал Медора олардың арасынан Конрадты таниды. Еппен сәтін тауып, корсарлар қыздарды босатып алады.
ЭПИЛОГ
Бесінші көрініс
Теңіз
Асып-тасыған теңізде барлық желкендері керілген ерікті кемеде – Конрад, Медора және олардың достары жаңа саяхаттарға беттеуде…