Мазмұнға өту

Жизель

Адольф Адан

Балет

Либретто авторлары Вернуа де Сен-Жорж, Теофиль Готье, Жан Коралли. Хореография авторлары Жан Коралли, Жюль Перро, Мариус Петипа.

Екі бөлімді балет 

Әлемдік премьерасы – 1841 жылғы 28 маусым, Корольдік музыка академиясы, Париж (Гранд-опера)

Мариус Петипа редакциясындағы премьерасы – 1884 жылғы 5 ақпан, Үлкен (Тас) театр, Санкт-Петербург

«Астана Опера» театрындағы премьерасы – 2019 жылғы 14, 15 маусым 

I БӨЛІМ

Күн шуағы төгілген шағын тыныш ауыл. Кішкентай бір үйде жас шаруа қыз Жизель анасымен бірге тұрады. Ол ғашық әрі өмірге құштар.

Жас граф Альберт келіп, жақын маңда тұрған лашыққа асыға жасырынады. Шаруалардың киімін киген Альберт Вильфридті ертіп, үйден шығады. Жизельге ессіз ғашық жігіт «өтіріктің арты бір тұтам» деп ескерткен атқосшысының сөзіне құлақ аспайды. Альберт ашуланып, Вильфридке жалғыз қалдыруды бұйырады да, Жизельдің есігін қағады. 

Кездесулеріне қуанған Альберт пен Жизель билей бастайды. Алайда олардың биі орманшы Ганстың келуімен сап тыйылады. Жизельді бұрыннан жақсы көретін ол қызды ақсүйек мінезді бейтаныс жігіттен қызғанады. Ұрыс-керіс туындайды. Шаруаның киімін кигенін ұмытып кеткен жігіт ашу үстінде әдетінше семсерін суырып алып шығып, графқа тән белгілерін көрсетіп қояды. Бұл қылығымен Ганстың күдігін тудырған Альберт ашуға беріліп, қарсыласын қуып шығады.

Жизельдің құрбылары келіп, онымен бірге көңілді би билейді. Жизельдің денсаулығына мазаланып, қызының жүрек дертін уайымдаған анасы биді тоқтататып әлек. 

Аңшы кернейінің үні естіледі. Альберт танылып қалам ба деп қорқып, жасырынады. Осында келген орманшының бар ойы – бейтаныс жанның құпиясы. Аңшылардың жақындап қалғанын құлағы шалған Ганс терезе арқылы Альберт жасырынған шағын үйге кіреді.

Альберттің әкесі – Герцог пен графтың қалыңдығы Батильда басқарған сән-салтанаты жарасқан атты әскер көрінеді. Жизель анасымен бірге қонақтарды қуана қарсы алады. Батильда болса, Жизельдің өз киім-кешегіне таңданғанын байқап, қыздың немен айналысатынына қызығушылық танытады. Әдеттегі үй шаруаларынан бөлек, Жизель би билегенді ұнататынын айтады. Күйеу жігітінің бар-жоғын сұрастырған Батильдаға қыз «бар» деп жауап береді. Жизельдің сыпайылығы мен момындығы Герцог пен Батильданы тамсандырады да, соңғысы қыздың үйлену тойына орай қымбат әшекей сыйлайды. Мәртебелі меймандар Жизельдің үйінде демалу үшін кіріп кетеді де, Герцог қажет болған жағдайда дауыс беру үшін аңшылық кернейін қалдырады. Барлығы тарайды. Мазасы кеткен Ганс келеді. Енді бейтаныс жанның құпиясы мәлім: оның қолында қарсыласының ақсүйек екенін растайтын таңбалы семсер бар! Міне, байғұс қызды алдаған осы! Ганс Альберттен кек алуға серт береді. 

Ауыл тұрғындары егін мерекесіне жиналады. Жизель мен Альберт көпшілік ойын-сауығына қосылады. 

Альберттің арбауына көнген Жизельдің сенгіш махаббатына ашуланған Ганс ойын-сауықты тоқтатады да, бәріне графтың семсеріндегі таңбаны көрсетіп, жігітті әшкерелейді. Жизель Гансқа сенбейді. Сол кезде Ганс қалдырған кернейді тартады. Нөкерлерін ертіп, абыржыған Герцог пен Батильда шығады. Барлығы басқаша киінген Альберттің жас граф екенін бірден таниды. Алданғанына көзі жеткен Жизель Альберттің қалыңдығы – Батильда екенін түсінеді. Жаны күйзелген Жизель әшекейін үзіп алып, қалыңдықтың аяқ астына лақтырады. Осылай, қыздың есі ауысады. Ол тіпті жақындаған анасын да танымайды. Бақытсыз жанның көз алдына тылсым дүние елестеп, бал ашу, серт беру мен Альбертпен билегені көрінеді… Әлі кеткен қыз ессіз күйде құлап түседі де, жан тапсырады. 

IІ БӨЛІМ

Түн. Зират басы. Жизельдің қабіріне орманшы Ганс келеді. Ол аруды жоқтап, өз кінәсін сезінуде.

Түн ортасы. Үйлену той қарсаңында күйеу жігіттерінің сатқындығынан қайтыс болған орман перілерінің шығу сәті туады. Енді олар түні бойы орманды шарлап, жолаушыларды арбауға және өле-өлгенше шыр айналдырып билетуге мәжбүр. Ай сәулесімен нұрланған перілер әміршісі Мирта көрінеді. Ол өз құрбыларын шақырады. Миртаның белгі беруімен қабірден Жизельдің елес бейнесі көтеріледі. Бұйрыққа бағынған Жизель шыр айналып билей бастайды.

Өкініштен өзегі өртенген Альберт Жизельдің қабіріне келеді, жанына атқосшысын ерткен. Ол графқа орман перілерімен кездесудің қауіпті екенін ескерткенімен, сақтықты ұмытқан Альберт Жизельдің естен кетпес бейнесін көз алдына елестетіп, жалғыз қалады. 

Ганстың ізіне түскен перілерді байқаған Альберт тығылып қалады. Олар Гансты жан тапсырып құлағанша шыр айналдырып, билетеді. Альбертті де осындай тағдыр күтіп тұр, ол Миртадан аяушылық етуін сұрап жалбарынады. Сүйіктісін құтқаруға Жизель келеді. Ашуға булыққан Мирта Жизельге билеуді бұйырады. 

Орман перілері рақымсыз: қауқарсыз Альберт сергелдеңге түсіп құлайды, қайта тұрып, биін жалғастырады. Бірақ, оның жанынан табылған сүйіктісі Жизель, Альбертке таңға дейін шыдауға көмектеседі. Кенеттен, таң атқанын білдіретін қоңырау үні естіледі. Алғашқы күн сәулесімен бірге перілер өз күшін жоғалтып, ғайып болады. 

Жизельдің нәзік елесі де жоқ болады, алайда ол өлімнен де күшті құдіретті сезім – жоғалған махаббат туралы мәңгілік өкініш ретінде Альберттің жадында әрдайым өмір сүретін болады. 

Published in Репертуар каз