«Жібек жолы» халықаралық музыкалық фестивалі «Астана Опера» сахнасында шақырылған әлемдік сахна жұлдыздарының басын қосуды жалғастыруда. «Астана Опера» театры балет әртістерінің және танымал әлемдік әртістердің орындауындағы заманауи отандық әрі шетелдік хореографтардың миниатюралары, классикалық балеттерден па-де-де 29 қарашада өтетін Гала-балеттің премьералық бағдарламасының сәнін келтіреді, сондай-ақ көрермендерге театр репертуарындағы бірегей балет – В.А.Моцарттың музыкасына И.Килианның «Алты биі» ұсынылады.
Көпшілікті Дортмунд балетінің этуальдары Дарья Сузи, Хавьер Качейро Алеманмен кездесу күтеді, сондай-ақ қазақстандық көрерменге өз өнерін Леонид Якобсон атындағы Балет театрының (Санкт-Петербор) жұлдыздары Анастасия Мильяченко мен Андрей Сорокин ұсынады.
– Мен Қазақстанда бұрын-соңды болып көрмегем, сондықтан «Жібек жолы» фестиваліне алғаш рет қатысамын. Бидегі жұбым екеуміз Дж.Россинидің музыкасына Леонид Якобсонның хореографиясына па-де-де орындаймыз. Бұл мен үшін мүлде жаңа, жайдары, әдемі әрі қызықты, сонымен бірге күрделі әрі көз тартарлық қимылдарға толы нөмір. Ал «Мәңгілік көктем» деп аталатын екінші нөмір де Якобсонның хореографиясында, бұл мүсінші Роденнің жұмысының желісі бойынша миниатюра. Ол жастық шақ, бейқамдық және көңіліміздегі мәңгілік көктем жайлы, – деп атап өтті Анастасия Мильяченко.
Оның сахнадағы жұбы – Андрей Сорокин өз сөзінде Қазақстанның әрдайым дарындарға бай болғанын және қазір осынау дарындармен бүкіл әлемде өнерде ғана емес, басқа да салаларда тамсануға болатынын атап өтті.
– Менің бидегі жұбым – Анастасия Мильяченко екеуміз екі нөмір әкелеміз, олар бір-біріне мүлде ұқсамайды. «Классицизм» топтамасынан «Россини па-де-десі» классикалық па негізінде қойылған және онда па-де-де құрылымы: антре, адажио, вариациялар, кода бар. Ал «Мәңгілік көктем» нөмірі мүлде басқа «еркін» пластикада шығарылған және дуэт болып табылады. Осылайша, біз толық көлемде болмаса да, көрерменді мүлде басқа Якобсонмен таныстыра аламыз. Менің ойымша, Леонид Якобсон өз заманынан едәуір оза шапқан кемеңгер хореограф, сондықтан көптеген онжылдықтар өтсе де, оның хореографиясы маңыздылығын жоғалтпай келеді және көрерменге бұрынғыдай қызықты әрі сұранысқа ие болып қала беруде. «Жібек жолы» фестивалі өркендей берсін деп тілеймін! Әлем үшін осынша күрделі кезеңде, яғни соңғы жылдары көптеген елдер бірқатар себептермен бір-бірінен оқшауланып жатқан шақта шығармашылық кеңістік әрдайым ашық болсын және өз тәжірибесі мен ойларын бөлісетін жарқын жасампаздар мен шеберлердің дарқандығына толы болсын деген тілегім бар. Шығармашылық кеңістік қайнап, осылайша сіздердің керемет фестивальдеріңіз бен біздің өмірімізді жақсылыққа кенелте берсін, – деп пікірімен бөлісті Андрей Сорокин.
Дортмунд балетінің танымал бишісі Дарья Сузи қазақстандық көпшіліктің жылы қарсы алатыны жайлы көп естігенін, сондықтан біздің көрерменмен кездесуді тағатсыздана күтетінін айтты.
– Біз Хавьер Качейро Алеман екеуміз екі дуэт ұсынамыз: «Аққу көлінен» «Элегия» және «Чайковский» балетінен аттас дуэт, екеуі де П.И.Чайковскийдің музыкасына. Хореограф –Дортмунд балетінің директоры Ксин Пенг Ванг. «Жібек жолы» фестивалі аясында өнер көрсету біз үшін үлкен мәртебе. Менің ойымша, мұндай деңгейдегі фестиваль – бұл өнердің әккі табынушыларына тамаша сыйлық, – деді Дарья Сузи.
Сондай-ақ Гала-балеттің бірінші бөлімінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – әлемдік жұлдыз Бақтияр Адамжан, Мәдина Басбаева, Әнел Рүстемова, сонымен қатар халықаралық байқаулардың лауреаттары Олжас Тарланов, Шұғыла Әдепхан, Анастасия Заклинская, Айбар Тоқтар, Далер Запаров, Сұлтанбек Ғұмар, Диас Құрманғазы, Жәнібек Иманқұлов және тағы басқалары өнер көрсетеді.
Екінші бөлімге Иржи Килианның «Алты би» бірегей балеті көрік береді. Айта кету керек, бұл балет барлық театр алаңдарында көрсетілмейді, оны жоғары кәсіби деңгейді паш ететін труппалар ғана қоя алады. Килианның осы бір актілі балеті бүкіл әлемді күлуге және жылауға мәжбүр етеді. Карин партиясында – Аделина Төлепова. Пол – Олжас Тарланов, Каролина – Шұғыла Әдепхан, Йохан – Данияр Жұматаев, Лиза – Мөлдір Шәкімова, Патрик – Бақтияр Адамжан, Нэнси – Мәдина Кужамжарова, Урци – Айбар Тоқтар. Сондай-ақ балет әртістері мен «Астана Опера» симфониялық оркестрі.
Гала-балеттің премьералық бағдарламасының авторы – «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова.
Концерттің басталуы 19:00-де.