Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі өнер саласында Umai ұлттық сыйлығын тағайындады. Бұл сыйлық – мәдени қауымдастықта сапаның ерекше белгісі, ал ұлттық дәрежесі оны Қазақстандағы ең беделді сыйлықтардың бірі етеді. Осыған орай сыйлық бүкіл еліміздің шығармашылық адамдарының қызығушылығын оятады деп күтілуде. Бұл туралы өз сұхбатында «Астана Опера» театрының режиссері Еренбақ Тойкенов айтып берді.
– Сіздің қоржыныңызда көптеген республикалық және халықаралық байқауларда алған марапаттар бар. Сіздің ойыңызша өнер адамдары үшін Umai ұлттық сыйлығының орны қандай болмақ?
– Шығармашылықпен айналысатын жандар үшін еңбектің лайықты бағаланғаны өте маңызды, өйткені лайықты марапат шабыттандырып, жаңа жетістіктерге жігерлендіреді. Осы ретте Umai ұлттық сыйлығы қазақстандық шығармашылық ұжымдардың, солистер мен басқа да мәдениет қайраткерлерінің жұмысына серпін әкеледі деп ойлаймын. Әсіресе оған өңірлерде, еліміздің шалғай елді-мекендерінде өз өнерлерімен көпшілікті қуантып, рухани азық сыйлап жүрген әріптестеріміздің қатысуы айрықша маңызды. Себебі кез келген байқаудың ең бірінші мақсаты – халыққа дарындарды көрсету, бұрын еш жерде аталмаған есімдерді ашу болып табылады. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің осындай марапатты тағайындап жатқанына ризамын, және де ол шын мәнінде лайықты адамдарға тапсырылатынына сенемін.
Байқаудан әркез адал бәсекелестіктің лебі еседі, ол қажет дүние, себебі өз қазанында қайнай берген жарамайды, пікір алмасу, білікті адамдардың, кәсіпқойлардың көзқарасы керек. Тағы бір атап өтерлік жайт, Umai – әмбебап сыйлық, онда барлығы егжей-тегжейлі ойластырылған, сондай-ақ театр өнері саласында істеп жүрген немесе хореографиямен, музыкалық-сахналық өнермен, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнермен айналысатын кез келген жан сыйлыққа үміткер бола алады. Сыйлық аясында Қазақстандағы Балалар жылына орай «Үздік балалар спектаклі үшін» арнайы жүлдесі қарастырылғаны қуантады.
– Оған қатысу жоспарыңызда бар ма?
– Конкурс ережесі бойынша қатысушыларды республикалық, өңірлік немесе жергілікті билік органдары, мәдениет ұйымдары, үкіметтік емес ұйымдар және қоғамдық бірлестіктер секілді белгілі бір мекемелер ұсына алады. Егер маған ұсыныс түсіп жатса, оған тек қуанамын. Өйткені қазір қолға алып жатқан үлкен жобаларым бар, олардың еліміздің мәдениет саласының дамуына айтарлықтай үлес қосатынына сенімдімін.
Менің білуімше, еліміздің мәдениет саласында мұндай ұлттық сыйлық бұрын-соңды болмаған, міне сондықтан Umai – өз алдына тарихи оқиға дер едім. Қорытындысы жарияланғаннан кейін шығармашылық көкжиегінде жаңа есімдер мен жаңа дарындардың жарқырайтынына сенімдімін.
Еске сала кетейік, Umai сыйлығы төрт негізгі номинация бойынша ұсынылған: «Театр өнері», «Музыкалық-орындаушылық өнер», «Хореографиялық өнер», «Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер», олардың әрқайсысында ең төменгі мөлшері 2 000 000 теңгеден, ең жоғарғысы 10 000 000 теңгеге дейінгі жекелеген сыйлықтар анықталған. Өтінімдерді қабылдау 9 желтоқсанға дейін жүзеге асырылады.