Мазмұнға өту

Astana Opera Халықаралық опера академиясының оқушылары беделді байқауға дайындалуда

Astana Opera опера академиясының тыңдаушылары қыркүйектің 5-11 аралығында Будапештте (Венгрия) өтетін Ева Мартонның V Халықаралық вокалистер байқауына қатысады. Дінмұхамед Көшкінбаев пен Гүлдана Алдадосованы әлемнің 29 елінен келген басқа 70 жас опера орындаушыларымен бірге кәсіби қазылар алқасының маңызды іріктеуі күтуде.   

– Біз қыз-жігіттерімізге зор үміт артамыз, – деп атап өтті ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев. – Жаңа бастап жүрген опера әншілері үшін байқауларға қатысу – даярлықтың міндетті элементі, себебі ол ең басты мәселеге – өзінің вокалдық қабілеттерін кемелдендіруге ден қоюға, табиғи дарыны мен оқуға қабілеттілігін паш етуге көмектеседі, әлемдік көрнекті өнер қайраткерлерімен, арт-менеджерлермен танысуға таптырмас мүмкіндік береді. Академия тыңдаушыларының арасында аталмыш байқаудың лауреаты атанып үлгерген дарынды әншіміз бар екенін атап өту керек, ол – Азат Мәлік.

Ева Мартонның Халықаралық байқауы Венгрияның жетекші жоғары оқу орны – Ференц Листтің музыка академиясы негізінде өткізілетінін және айтулы әлемдік байқау екенін айта кету маңызды. Оның негізін қалаушы – опера дивасы Ева Мартон жаңа бастап жүрген орындаушыларды іздеу мен оларға қолдау көрсетуге ерекше назар аударады.

Халықаралық опера академиясының оқушысы, Бибігүл Төлегенованың Х Халықаралық вокалистер байқауының лауреаты – Дінмұхамед Көшкінбаев жеңіске жетуге ынталы.

– Ева Мартонның байқауына қатысу әрқашан менің арманым болатын, – дейді ол. – Мен бұған жету үшін көп еңбектендім, үш ай уақыт бойы өткен дайындық кезінде бізге «Астана Опера» концертмейстері Зәру Жазықбаева көмектесті. Бұл менің осындай ауқымды әлемдік байқауға алғашқы қатысуым. Бүкіл дайындық үрдісі және оны күту маған үлкен рахат сыйлайды. Байқауға бұрын сахнада өнер көрсеткен туындыларды дайындаудамын және Ф.Листтің «Lasst mich ruhen» романсы ғана менің бағдарламамдағы жаңа туынды. Бір қарағанда, бұл қарапайым болып көрінеді, іс жүзінде өте күрделі. Байқауға қатысу – құнды тәжірибе, оның атмосферасына ену, бәрінің қалай ұйымдастырылғанын іштей көру қызықты. Ева Мартонның алдында өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе және мен өз күшіме сенемін.

– Мамыр айының соңында біз алдын ала іріктеуден өткенімізді білдік, бұл уақытта «Дон Жуан» операсының премьерасына белсенді дайындықтар жүріп жатқандықтан, байқауға дайындықты кейінге қалдыруға тура келді, – деді Халықаралық опера академиясының оқушысы Гүлдана Алдадосова. – Жалпы алғанда, біз 8 туындыны дайындаудамыз, олар дауыстың техникалық мүмкіндіктерін ескере отырып, оның ауқымын, шыдамдылығын, сипатын көрсету үшін таңдалған. Бірінші кезеңде барлық қатысушылар үшін Ференц Листтің шығармасын орындау міндетті болып табылады. Мен сондай-ақ Г.Ф.Гендельдің осы аттас операсынан Альцинаның ариясын, В.Беллинидің «Капулетти мен Монтекки» операсынан Джульеттаның ариясын, В.А.Моцарттың «Дон Жуан» операсынан Донна Аннаның ариясын, Н.Римский-Корсаковтың «Алтын әтеш» операсынан Шемахан патшайымының әнін дайындап жатырмын. Үшінші айналым үшін оркестрлік шығарма іріктелді, менің «есімхатыма» айналған – Ш.Гуноның «Ромео мен Джульетта» операсынан Джульеттаның вальсі.

Байқаудың соңғы кезеңі 10 қыркүйекте Венгрия Мемлекеттік опера оркестрінің қатысуымен өтеді. 

 Astana Opera халықаралық опера академиясы – бұл жас опера әншілерінің жоғары білікті мамандардан білім ала отырып, олардың шеберлік деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін бағдарлама екенін назарларыңызға саламыз. Бұл жоба халықаралық аренада өзін таныта білген «Астана Опера» театрының дамуындағы маңызды, іргелі негіз болу үшін ойластырылған.

Published in Жаңалықтар