Мазмұнға өту

Әртістердің аңызға айналған операдағы дебюттері

Ұлттық өнер жауһары – Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсы 24-25 қыркүйекте «Астана Операда» дирижер Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен көпшілікке ұсынылды. Өнер көрсетудің түрлі күндері кейіпкерлер бейнесінде театр солистерінің жарқын дебюттері орын алды.

24 қыркүйекте Серіктің партиясында Артур Габдиев дебют жасаса, келесі күні бұл кейіпкерді өз интерпретациясында Рамзат Балакишиев ұсынды.

25 қыркүйекте Біржанның анасы Аналықтың трагедиялық бейнесінде сахнаға алғаш рет Салтанат Мұратбекова шықты, ал бір күн бұрын осы рөлде Гүлжанат Сапақова өнер көрсетті.

Astana Opera Халықаралық опера академиясының тыңдаушысы Әлихан Зейнолла мен Ерұлан Кәмел Естайдың бейнесінде дебют жасады.

М.Төлебаевтың «Біржан – Сарасы» – қазақ ұлттық классикасының нағыз игілігі екенін атап өту қажет. «Астана Операдағы» қойылым алдыңғылардың барлығынан қызықты әрі ауқымды болуымен ерекшеленеді. Ал көздің жауын алатын түрлі-түсті костюмдер мен декорациялар Мұқан Төлебаевтың жарқын, әдемі әрі әуезді музыкасына лайықты безендіру болды. Еліміздің табиғатының бай көрінісі тек декорацияларда ғана емес, сонымен қатар бейнепроекцияларда да жүзеге асырылған. Елордалық театрдың опера солистері, симфониялық оркестрі, хоры, балеті мен мимансының мінсіз өнер көрсетуі көпшіліктің зор таңданысын тудырды.

Халқының сүйіктілері, әншілер мен ақындар – композитор Біржан мен айтыскер Сараның бас партияларын Мейір Байнеш, Бейімбет Таңарықов, Бибігүл Жанұзақ, Жамиля Джаркимбаева керемет таныстырды. Жанботаның рөлін Талғат Мұсабаев пен Жанат Шыбықбаев шебер орындады, Алтынай бейнесінде сахнаға Мәдина Исламова мен Елена Ганжа шықты. Жиенқұл – Ержан Саипов, Расул Жармағамбетов, Қожағұл – Жандарбек Еркінбаев, Шыңғыс Расылхан.

Қоюшы дирижер – Абзал Мұхитдин, қоюшы режиссер – Асхат Маемиров, кеңесші режиссер – Михаил Панджавидзе, қоюшы суретшілер – Софья ТасмағамбетоваПавел Драгунов, бас хормейстер – Ержан Дәуітов, қоюшы хореограф – Мукарам Авахри, проекциялар бойынша дизайнер – Серджио Металли, жарық бойынша суретші – Якопо Пантани, қоюшы режиссердің ассистенті – Еренбақ Тойкенов, жауапты концертмейстерлер – Ирина Кургузкина, Зәру Жазықбаева. Опера труппасының директоры – Азамат Жылтыркөзов. 

Published in Жаңалықтар