Мазмұнға өту

Әлемдік жұлдыздар Eni-дің Қазақстандағы 30 жылдығы аясында елордада өнер көрсетеді

«Астана Опера» Eni-дің қолдауымен компанияның Қазақстанға келгеніне 30 жыл толуын мерекелеу аясында елордада асқақ өнердің екі шарасын өткізеді. Солардың бірі аңызға айналған опера әншісі Франческо Мели мен әйгілі сопрано Серена Гамберонидің 27 қарашадағы өнер көрсетуі болып табылады. Араға бір апта салып, яғни 5 желтоқсанда мереке симфониялық музыка концертімен жалғасын табады, бұл концерт біртуар италиялық композиторлар Эннио Морриконе мен Нино Ротаның көпшілік ұнататын туындыларынан құрылған, дирижер тұғырында – атақты маэстро, «Астана Опера» театрының арт-менеджері Джузеппе Акуавива. 

 Франческо Мели мен Серена Гамберонидің шығармашылық дуэті әлемнің көптеген елдерінде жұртшылықты қуантуда, дегенмен әртістер Қазақстанда алғаш рет өнер көрсетеді. Олардың әрқайсысы таңғалдыратын жеке мансабын жасады. 

Кәсіпқойлар Франческо Мелидің ірі шетелдік дебюттеріне оның Цюрих опера театрында, Париж ұлттық операсында, лондондық Барбикан-холлда, Лион Ұлттық операсында және басқа да театрлардағы өнер көрсетулерін жатқызады. 

Серена Гамберони әлемнің көптеген сахналарында жарқырады. Оны Турин, Болонья, Верона мен Пармадағы жанкүйерлері жақсы көреді және әрдайым тағатсыздана күтеді. Әнші Жапонияда бірнеше жеке концерт берген. 

– «Астана Опера» сахнасында осындай танымал әншілердің өнер көрсетуі – бұл шынымен ұлы өнердің үлкен мерекесі. Eni-дің елімізде мәдениеттің дамуына септігін тигізетін бұл бастамаларға қолдау білдіргені, және қазақстандық көпшілікті шетелдік біртуар солистермен таныстыратыны қуантарлық жайт. Соның нәтижесінде кереметті ұнататын жандар әйгілі шеберлердің ұлы шығармашылығын бағалай алады, – деп атап өтті «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров. 

 Гала-операның ауқымды бағдарламасына Дж.Верди, П.Масканьи, Дж.Пуччини, Дж.Россинидің италиялық опера классикасы жауһарларынан ең жарқын нөмірлер мен қазақстандық кемеңгер композиторлар А.Жұбанов, С.Мұхамеджанов, Е.Рахмадиев пен  тағы басқаларының музыкалық інжу-маржандары енді. Бұл кеште Серена Гамберони және Франческо Мелимен бірге атақты қазақстандық әншілер Азамат Жылтыркөзов, Гүлжанат Сапақова, Назым Сағынтай, Ұлпан Әубәкірова өз өнерлерін тарту етеді. 

Симфониялық музыканы ұнататын жандарға 5 желтоқсанда кемеңгер композиторлар Эннио Морриконе мен Нино Ротаның шығармаларынан құрылған концерттік бағдарлама ұсынылады, олар Федерико Феллини мен Лукино Висконтидің көптеген фильмдеріне, сондай-ақ Фрэнсис Форд Копполаның «Өкіл әкесіне» музыка жазу арқылы көпшілікке кеңінен танымал. Олардың жұмыстары «Оскар», «Алтын глобус», «Грэмми», BAFTA секілді жоғары марапаттармен және басқа да жүлделермен атап өтілген. 

Published in Жаңалықтар