Қазақстанның жетекші шығармашылық ұжымдары 13 қыркүйекте VII Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі аясында «Астана Опера» сахнасында өнер көрсетті. «Бірлігіміз – әралуандықта» мазмұнды бағдарламасында түрлі мәдениеттер колориті көрініс тауып, кеш қонақтарының зор қызығушылығы мен таңданысын тудырды.
Залдағы атмосфера ерекше, көрермендер орындарына әлемнің көптеген елдерінен келген мәртебелі меймандар жайғасқан, оларға ұлы классика дәстүрлеріне сүйене отырып жасалған елордалық театрдың сәулетті интерьері ерекше әсер қалдырды. Жарық өшті… Дирижер тұғырына «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзин көтерілді.
Шақырылған керемет әртістер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрболат Арзамас, халықаралық байқаулардың лауреаты Жақсыкелді Маясаров, П.И.Чайковский атындағы халықаралық байқаудың лауреаты Ақбике Алғи залдағы көпшіліктің қошеметіне ие болды. Жарқын әрі дарынды скрипкашы Ақбике Алғидің орындауындағы Джон Уильямстың «Шиндлер тізімі» кинофильмінен «Жоғалған жұмақ» шығармасы тыңдармандардың жүрегін елжіретті. Композитордың Холокост кезінде мыңнан астам польшалық еврейлерді өлімнен құтқарған Оскар Шиндлер жайлы осы фильмге музыка жазғаны үшін «Оскар» мен «Грэмми» сыйлықтарын алғаны белгілі.
Концерттің музыкалық және қойылымдық бөліктерімен қатар, оның көркемдік құраушы жағын да айрықша атап өту қажет. Сахна көрнекті италиялық сценограф Эцио Фриджерионың сызбалары бойынша жасалған бірегей бағаналармен жабдықталды. Ал түрлі-түсті көріністердің бейне сүйемелденуі көрермендерге таңғаларлық әсер сыйлады.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, солистер Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзақ, театрдың хоры мен симфониялық оркестрі А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсынан «Тойбастар» жарқын нөмірін орындап, «Астана Опера» труппасының шығармашылық мүмкіндіктері мен жоғары орындаушылық деңгейді көрсетті.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жамиля Джаркимбаева хор және оркестр әртістерімен бірге Дж.Каччинидің тыңдармандар мен музыканттардың мәңгілік шабыт көзіне айналған «Ave Maria» нөмірімен өнер көрсетті. «Бикеш тоғайда серуен құрды» поляк халық әні кештің сәнін келтірді, бұл әнмен тыңдармандардың алдына халықаралық байқаулардың лауреаты Елена Ганжа мен фольклорлық ансамбль шықты. «Астана Опера» хоры театрдың бас хормейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтің жетекшілігімен өнер көрсетті, хордың үздік аталып жүргені өзіне әбден лайық. П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан «Шаруалар хорының» шебер орындалуы шын мәнінде таңғалдырды. «Астана Опера» балалар хоры да ересек әріптестерінен қалыспады, бұл кеште ол өзінің төл белгісіне айналған А.Жұбановтың «Ақ көгершін» нөмірін таныстырды. Қолдарына бутафорлық көгершіндерді ұстаған балалар сондай әсерлі көрінді, құдды бір тұтас әлемдегі бейбітшілікті бейнелеп тұрғандай болды.
«Күй шашу» попурриін орындаған домбырашылар ансамблі, М.Абдудың «Aqrab El Nas»-ын ұсынған «Астана сазы» ансамблі мен оркестрі, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрболат Арзамас айрықша ұлттық колоритті бере білді.
Ду қол шапалақпен бір өнер көрсетуден кейін келесісі жалғасып жатты: музыкалық тақырыптар калейдоскопына Мемлекеттік республикалық академиялық корей театрының орындауындағы «Самбук» хореографиялық композициясы көрік берді. «Астана Балет» театры «Арулар шеруі» әйгілі нөмірін ұсынды. Ал құрамында 60 дарынды әртіс бар бес би ұжымы – «Мәңгілік ел», «Әдемі-ау», «Контраст», «Вайнах», корей театрының ансамблі көпшілікті «Бірлігіміз – әралуандықта» хореографиялық композициясымен таңғалдырды, осынау кеште бұл композиция рухани бірігудің, бейбітшілік пен келісімнің өзіндік символына айналды.
Кеш соңында көпшілікті тосынсый күтіп тұрды. Тыңдармандар «Бәрекелді» деген дауыстармен танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің ауқымды әрі ғаламат өнер көрсетуін қарсы алды, әнші музыкасын өзі жазған «The story of one sky» әнін ұсынды.
Еске сала кетейік, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі 2003 жылы қыркүйекте шақырылған болатын, ал енді, міне, 20 жылға жуық уақыт бойы ол халықаралық диалогтың бірегей құрамдас бөлігі болып келеді.