«Астана Операда» ұлттық өнер классиктерінің, сондай-ақ қазіргі Қазақстанның танымал өнер қайраткерлерінің мерейлі даталарына арналған концерт тыңдарманның назарына ұсынылады. Елордалық театрдың опера жұлдыздары 22 маусымда К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында Композиторлар одағымен және Қазақстан вокалистер одағымен бірлесіп ұйымдастырылған «Ұлыларға тағзым» мазмұнды музыкалық кешінде өнер көрсетеді.
– Ұжымымыздың екі республикалық қоғамдық ұйыммен бірлесіп жасаған вокалдық музыка концерті орындаушылық өнер шеберлері, ұлы әртістер – Күләш Байсейітова мен Жамал Омарованың 110 жылдықтары, Роза Бағланованың 100 жылдығы қарсаңында олардың рухтарына құрмет көрсету болып табылады. Олар отандық вокал мектебін, ән шығармашылығымызды күллі әлемге әйгілеп, көптеген айтулы марапаттарға лайық деп танылды, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов.
– Сондай-ақ біз ұлттық композиторлық мектептің майталмандары – туғанына 105 жыл толатын Бақытжан Байқадамовтың рухын және Ғазиза Жұбанова, Дүнгенбай Ботбаев пен Кенжебек Күмісбековті 95, Еркеғали Рахмадиевті 90 және Мыңжасар Маңғытаевты 85 жылдықтары қарсаңында құрметпен еске алғымыз келеді. Бұл мәдениет қайраткерлері Қазақстанның музыкалық шығармашылығын халықаралық кеңістікте насихаттады. Атақты жазушылар мен драматургтер, опералық шығармаларға либретто жазған авторлар – Мұхтар Әуезовтің 125 және Ғабит Мүсіреповтің 120 жылдық мерейтойларын атап өтеміз. Биыл танымал режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің туғанына 90 жыл және Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл толады, – деді Азамат Жылтыркөзов. – Сонымен қатар, біз қазақстандық классикалық өнердің дамуына үлкен үлес қосқан, қазір ортамызда жүрген кемеңгерлердің мерейлі даталарын атап өтеміз, бұл біртуар әнші Ғафис Есімовтің 75 жылдығы мен белгілі заманауи композиторлар – Жоламан Тұрсынбаевтың, Владимир Стригоцкий-Пак пен Айтқали Жайымовтың 75, Донеділ Қажымовтың 70 және Серікжан Әбдінұровтың 60 жылдықтары.
Елордалық театрдың опера труппасының директоры ретіндегі қызметінен бөлек, Азамат Жылтыркөзовтің қазақстандық классикалық сахнаның жетекші баритондарының бірі екенін айта кету керек. Оның К.Байсейітова атындағы театрда алғашқы партиясы Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсындағы Омар болды. Спектакльдер кезінде классик композитордың өзі залда отырып, әншінің орындауына әркез жоғары баға беретін. Жас санатындағы айырмашылыққа қарамастан, автор мен солист арасында берік достық орнаған еді. Вокалистің қызметтік тізімінде заманауи композитор әрі күйші Айтқали Жайымовтың «Сұлтан Бейбарыс» операсы концерттік қойылымының басты партиясындағы өнер көрсетуі бар. Азамат Жылтыркөзов Ғазиза Жұбанованың шығармаларын, атап айтсақ «Жыр жазамын жүрегімнен» әйгілі романсы мен басқа да әндерді, романстар мен опералардан арияларды зор махаббатпен орындайды. – Бойымда вокалдық өнерге деген үлкен сүйіспеншілік сонау балғын шағымда оянды. Әжем мені ауылымызға арнайы келіп, жеке концерт берген Роза Бағланованың орындауын тыңдауға алып барды. Ұлы әншінің жанды дауыста айтқан әні менің бала қиялыма ұмытылмастай әсер етіп, осылайша мен қалай болғанда да өмірімді әнге арнаймын деп шештім. Күләш Байсейітова, Ермек Серкебаев ән айтқан жазбаларды құмарлана тыңдап, теледидардан Бибігүл Төлегенованың музыкалық кештерін жиі көретінмін, – деп пікірімен бөлісті әртіс.
«Ұлыларға тағзым» концерті аясында «Астана Опера» театрының жарқын солистері осынау кеште мерейтойлары атап өтілетін қазақстандық композиторлардың вокалдық туындыларымен өнер көрсетеді. Сондай-ақ жарқын бағдарламаға басқа тілдердегі шығармалар да енді, олар осы концерт атаулы даталарына арналған орындаушылардың репертуарынан алынды.
Осы арада айта кету керек, Балалар жылында К.Байсейітова атындағы Камералық залдың маусым айына арналған репертуарын Халықаралық балаларды қорғау күні «Астана Опера» Балалар театр студиясының жыл сайынғы концерті ашады. 1 маусымда «Балалар театрға шақырады» бағдарламасында балалар студиясы балет және хор бөлімдерінің жас әртістері сахнаға шығады.
4 маусымда Балалар жылына арналған іс-шаралар аясында дәстүрге айналған «Өнерлі жастар тартуы» концерті өтеді. Бұл өнер көрсету Қазақ ұлттық өнер университеті дарынды балаларға арналған мектебі оқушыларының шығармашылық жұмысының өзіндік қорытындысы болмақ. Оқу жылы ішінде олар жоғары нәтижелерге қол жеткізеді, атап айтсақ түрлі халықаралық байқауларда лауреат атанып, республика бойынша және шетелдерге гастрольге шығады, ал ішіндегі ең еңбекқор шәкірттер еліміздің біртуар музыканттары мен әртістері өнер көрсететін «Астана Опера» сахнасына шығуға мүмкіндік алады.
Сондай-ақ осы айда театр ересек тыңдармандарды да алуан-түрлі концерттік бағдарламамен таныстырады. Сонымен, 6 маусымда көрермендердің назарына «Екеуіне ортақ Бах» музыкалық кеші ұсынылады. И.С.Бахтың Оркестр мен скрипкаға арналған №1 және №2 концерттері, сонымен қатар Оркестр мен екі скрипкаға арналған концерт «Астана Опера» Камералық оркестрінің және солистер – АҚШ-тан келген скрипкашы Владимир Дё мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, оркестрдің бірінші скрипкасы Бағдат Әбілхановтың орындауында тыңдарманның құлағына жетеді.
8 маусымда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Құттыбадамованың жетекшілігімен Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы Камералық хорының орындауында Sounds of World хор музыкасының концерті өтеді. Музыкалық кешке солистер – Astana Opera Халықаралық опера академиясының шәкірттері Гүлдана Алдадосова, Эльмира Шпекпаева, Әлихан Зейнолла, Валерий Селиванов та қатысады.
10 маусымда құрамында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының солисі, скрипкашы Еркебұлан Сапарбаев, ALMATY AYENDERI республика сарайының әртістері, виолончельші Эльдар Айтбеков пен пианист Асқар Құлшәріпов бар «Ренессанс» триосы көрермендердің назарына «Үш аспаптың құдіреті» концертін ұсынады. Кеш осы ұжымды құрған қазақстандық скрипкашы әрі композитор Әшім Ұнайбековтың рухына арналады. Сонымен қатар концертте құрамында флейташы Хадиша Елібаева, кларнетші Татьяна Штогрина, гобойшы Жәңгір Қосымбаев және фаготшы Владимир Ардашев бар елордалық үрлемелі аспаптар квартеті өнер көрсетеді.
12 маусымда «Астана Опера» оркестрінің әртістері Александр Тараскин, Балжан Сапарова, Әлима Әбеуова, Аида Әбдіқадырова және Жанбота Балғабеков FLUTE FICTIONS («Флейтаға арналған фантазия») концертінде өнерлерін паш етеді. Музыканттардың орындауында ХIХ–ХХI ғасырлардағы батыс еуропалық композиторлардың флейтаға арнап жазған әуендері мен қазақ авторы Ақмарал Қажығалиеваның туындысы шырқалады. Фортепиано партиясында – Салтанат Ақбасова, Дана Әбдіқадырова, Гүлжанат Жанатаева.
«Қазақквартет шақырады» топтамасынан «Гайдн, Шуберт, Құрманғазы» концерті 17 маусымда өтеді. Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаевтың жетекшілігімен Е.Үсеновтың өңдеуіндегі Құрманғазының ішекті аспаптар квартетіне арналған күйін және Й.Гайдн мен Ф.Шуберттің шығармаларын орындайды.
26 маусымда «Қарама-қайшы музыка» концерті бағдарламасында барокко дәуірінің камералық шығармалары мен ХХ ғасыр композиторларының туындылары таныстырылады. Сахнаға «Астана Опера» оркестрінің әртістері скрипкашы Эльмира Жармұхамедова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, гобойшы Дамиля Махпирова, фаготшы Әсет Нелдібаев және пианист Саида Үсенәлиева шығады.