Мазмұнға өту

Қырғызстандықтар «Астана Опера» солисін зор қошеметпен қарсы алды

«Астана Опера» солисі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Серік Нақыспеков 23 қыркүйекте Қырғызстанның астанасы – Бішкек қаласында зор табыспен өнер көрсетті. А.Малдыбаев атындағы қырғыз ұлттық академиялық опера және балет театрында өткен Балет жұлдыздарының гала-кешінде қазақстандық әртіс көрермендерді өзінің кәсіби шеберлігімен және дарынымен тәнті етті.

Осы күздің «Астана Опера» үшін де, А.Малдыбаев атындағы қырғыз ұлттық академиялық опера және балет театры үшін де орны айрықша, өйткені қос театр да осы айда өздерінің мерейтойлық маусымдарын ашты.

Еліміздің өнерін шетелдерде таныстырып жүрген «Астана Опера» әртістері осымен оныншы жыл түрлі театрлық және концерттік алаңдарда жарқырап келеді. Соның тағы бір айғағы – дарынды солист Серік Нақыспековтің 80 жылдық тарихы бар әйгілі А.Малдыбаев атындағы қырғыз ұлттық академиялық опера және балет театрында өнер көрсетуі.

– Бұл менің Қырғызстанда алғаш рет өнер көрсетуім, ол жақта маған қатты ұнады. Жұлдыздардың керемет гала-кешінде Жапония, Өзбекстан және Қырғызстаннан әртістер қатысты. Мен олармен бұрыннан таныс болатынмын, олардың шақыртуымен маған театрдың сексенінші мерейтойлық маусымының ашылуы қарсаңында өнер көрсетудің сәті түсті. Мұндай ынтымақтастыққа қатты қуанышты екенімді жасырмаймын, себебі гастроль әртістердің шығармашылығына серпіліс береді және жаңа идеяларға жол ашады, – деп пікірімен бөлісті «Астана Опера» солисі Серік Нақыспеков.

Айта кету керек, Серіктің сахнадағы жұбы жапондық балерина болды, екеуі бірлесіп Риккардо Дригоның «Талисман» балетінен па-де-де биледі. Бішкек тұрғындары мен қонақтары нөмірді ду қол шапалақпен шығарып салды.

– «Талисман» балетінен па-де-де менің репертуарымда көптен бері бар. Бұл өте әдемі нөмір, қайталанбас мәнерге ие, секіретін, айналатын элементтер көп, динамикасы керемет. Соның бәрін көрерменге көрсетіп, дұрыс жасап шығу керек. Әйтпесе бір қалыпты билесең, нөмірдің ерекшелігі көрінбей қалады. Әрбір балеттің техникасы өзінше күрделі, бірақ театрдағы тәлімгерлеріміздің арқасында біз соның бәрін еңсерудеміз. Тағы бір айтатыным, Р.Дригоның «Талисман» балетінен па-де-де әлем бойынша театрсүйер қауым арасында өте танымал, ол барлық халықаралық балет байқауларының бағдарламасына және көптеген әлемдік балет труппаларының репертуарына енген. М.Петипа мен П.Гусевтің хореографиясы шынайы шеберлігі әрі мәнерлігімен өзгешеленеді, – дейді Серік Нақыспеков. 

Серік Нақыспековті әлемнің көптеген елдерінде таниды. Оның жарқын өнер көрсетулерінің бірі – Новосібір мен Киев театрларындағы А.Хачатурянның «Спартагы» және Н.А.Римский-Корсаковтың «Шехеразадасындағы» Алтын құл партиясы. Ол Венеция мен Қазанда өткен гала-балеттерде жарқырады, П.Чайковскийдің «Аққу көлінде», «Щелкунчигінде» Голландияда өнер көрсеткен, және барлық жерде оның дарынына ұлы өнер табынушылары қошеметтеп қол соққан. Ал жақын арада әртістің өнер көрсетуін Мәскеу, Қазан және Минскіде тамашалауға болады.

Published in Жаңалықтар