Мазмұнға өту

Қарағандылық әртістер «Астана Операда» қонақта

«Астана Операда» 7-14 тамыз аралығында Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының гастролі өтеді. Биыл 50 жылдық мерейтойын атап өтетін Мельпомена ордасы елордалық көрермендерге мюзикл, оперетта, сондай-ақ музыкалық ертегілер ұсынады. Барлық спектакльдер, оның ішінде балаларға арналған қойылымдар симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді, оркестрге дирижерлік етуге Николай Макаревич (Минск қаласы, Беларусь Республикасы) шақырылды. 

– Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрынан әріптестерімізді біздің сахнамызда қарсы алатынымызға қуаныштымыз, бізді олармен бірнеше жылдан бері жылы қарым-қатынас байланыстырады, олардың табысты өнер көрсетулеріне тілектеспіз, – деп атап өтті «Астана Опера» МОБТ директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров. – Әртістер үшін гастроль – маңызды әрі күтілетін оқиға, әрбір орындау қашанда толқулы әрі жауапты. Сонымен бірге көрермен өзі жақсы көретін труппамен тағы кездесуге немесе жаңа шығармашылықпен танысуға, бәлкім, өзі үшін музыкалық комедия секілді жаңа театрлық жанрды ашуға бірегей мүмкіндік алады. Жас көрермендерге көңіл бөлгендері үшін қарағандылық әріптестерге айрықша алғыс білдіргім келеді: Президент «Балалар жылы» деп жариялаған жылы олар өскелең ұрпаққа арнап бірден үш спектакль дайындады.

1973 жылы негізі қаланған Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры Қазақстанда өз мәнерінде жұмыс істеп келе жатқан жалғыз өнер ордасы болып табылады. Қызмет етіп келе жатқалы бері ол гастрольмен алыс-жақын шетелдің 200-ден астам қаласында гастрольмен болып, көрермендердің ыстық ықыластарына бөленді.

– Біз гастрольді жаңа қойылымнан – Владимир Баскиннің «Кентервиль қамалының елесі» мюзиклінен бастаймыз, оның премьерасы 2021 жылы желтоқсанда өткен болатын. Көпшілікке Максим Дунаевскийдің «Алқызыл желкендер» қойылымы ұсынылады. Мюзиклдерді Санкт-Петербургтен атақты режиссер, «Золотая маска» сыйлығының лауреаты Сусанна Цирюк қойды. Классиканы ұнататындарға Имре Кальманның танымал әрі көпшілік ұнататын «Цирк ханшайымы» опереттасы ұсынылады, оның режиссері ретінде ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Юрий Александров өнер көрсетті, сценография мен костюмдер – Вячеслав Окунев. Кішкентай көрермендер де біздің назарымыздан тыс қалған жоқ: біз оларға арнап «Киелі Самұрық құс» (композитор Әліби Әбдінұров), «Ұшатын кеме» және «Алтын балық» музыкалық ертегілерін апара жатырмыз, – деді Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Ибраев. 

– Бұл театрдың елордадағы бірінші гастролі емес. Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры «Астана Операның» ғажайып сахнасында 2019 жылы алғаш рет өнер көрсеткен болатын. Гастроль зор табыспен өтті, әрбір спектакльде аншлаг болды, әлбетте, бұған қатты қуандық, – деп атап өтті Амантай Ибраев. – Театрдың мерейтойлық 50-маусымы Отанымыздың елордасына гастрольмен басталатыны біз үшін зор маңызға ие, және біз оның тұрғындары мен қала қонақтарының алдында тағы да «Астана Опера» сахнасында өнер көрсетеміз, бұл театр труппасы үшін өте мәртебелі әрі абыройлы іс.

Сондай-ақ қарағандылық театр директоры әртістер өздерінің елордалық табынушыларымен кездесуді асыға күтіп жүргенін және сүйікті көрермендерін бұл жолы да қуантып, ұмытылмас әсер сыйлау үшін бар күштерін салатынын атап өтті.

Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры әртістерінің өнер көрсетуі елордалық театр өнеріне табынушыларды осы жазда «Астана Опера» сахнасында күтетін жалғыз гастроль емес. 27-28 тамызда мұнда Түркістан музыкалық драма театрының труппасы да өнер көрсетеді. 

Published in Жаңалықтар