Мазмұнға өту

«Щелкунчик» балетіндегі жаңа ханзадалар

Қаңтардың басында «Астана Опера» театрында П.Чайковскийдің әйгілі «Щелкунчик» балетінде Щелкунчик-Ханзада басты партиясында дарынды әртістердің жарқын дебюттері орын алады. Спектакльдің бірегейлігі қойылымды заманымыздың көрнекті балетмейстері, КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Юрий Григоровичтің жүзеге асыруында болып табылады. 

Әлемдік хореография жауһарының балалар аудиториясына бейімделген нұсқасы көрермендерге таңғы сағаттарда ұсынылады, спектакльдердің басталуы 12.00-де.

6 қаңтарда сахнаға алғаш рет Диас Құрманғазы шығады, әртіс балет солисі Анастасия Заклинскаямен (Мари) бірге өнер көрсетеді. 

7 қаңтарда Рустам Чахаловтың дебюті орын алады, Маридің бейнесін театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Өнербаева сомдайды. 

8 қаңтарда Щелкунчик-Ханзада бейнесінің өз интерпретациясын көпшілікке алғаш рет Данияр Жұматаев таныстырады, Мари – театр солисі Шұғыла Әдепхан. 

Дроссельмейер – жетекші солист Олжас Тарланов, Ильдар Шакирзянов. 

«Астана Опера» симфониялық оркестрі дирижер Арман Оразғалиевтың жетекшілігімен өнер көрсетеді. Қойылымға театрдың балет әртістері, хоры, мимансы және балалар хоры қатысады. Балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова. 

Либреттосын Юрий Григорович Эрнст Теодор Амадей Гофманның ертегісі бойынша (Мариус Петипаның сценарийін қолдана отыра) жазған. Сценография мен костюмдер авторы – КСРО халық суретшісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Симон Вирсаладзе. «Астана Операда» спектакльдің премьерасы 2014 жылы 25 желтоқсанда өтті. 

Сондай-ақ бұл күндері «Щелкунчик» спектаклінің ересектер аудиториясына арналған кешкі көрсетілімдері де өтеді. Басты партияларда қазақстандық және әлемдік балет жұлдыздары өнер көрсетеді. Мари – театр солисі Шұғыла Әдепхан (6 қаңтар), балеттің жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Өнербаева (7 қаңтар), Әйгерім Бекетаева (8 қаңтар). Щелкунчик-Ханзада – театрдың жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Еркін Рахматуллаев (6-7 қаңтар), Бақтияр Адамжан (8 қаңтар). Дроссельмейер – жетекші солист Олжас Тарланов, Ильдар Шакирзянов. 

Published in Жаңалықтар