Жазғы демалыстан оралған «Астана Опера» балет труппасы оныншы мерейтойлық маусымда зор шабытпен және шығармашылық күшпен ұлы өнер табынушыларын әлемдік хореография жауһарларымен қарсы алуға дайындалуда. Көпшілікке 16-17 қыркүйекте Борис Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» балеті ұсынылса, араға үш күн салып, яғни 20-21 қыркүйекте көрермендер Адольф Аданның «Корсар» спектакліне баға бере алады.
Таңдаулы бидегі махаббат демі
«Бақшасарай бұрқағының» оныншы мерейтойлық маусымның алғашқы балеттік спектаклі болуы кездейсоқтық емес: қыркүйекте музыка әлемі көрнекті хореограф Ростислав Захаровтың туғанына 115 жыл толуын кеңінен мерекелеуде. Оның «Бақшасарай бұрқағы» – драмалық балеттің үздік нұсқаларының бірі, оған А.Пушкиннің аттас поэмасы әдеби негіз болған. Захаровтың балетмейстерлік еңбегі батыс пен шығыс биі эстетикасының араласуында және қарама-қарсы қойылуында жаңашылдық болды – екі әлемнің әртүрлілігі мен бір-біріне ұқсамауы осымен айшықталды, балетмейстер мен композитор олардың арасына қорған орнатқандай еді, ол жерде бір әлемнен екіншісіне өткен жан тірі қалмайтындай көрінетін. Бір әлемнің нәзік лирикалылығы келесі бір әлемнің мықты жауынгерлік сезімдеріне қатты қарама-қарсы қойылды.
Гирей ханның тұтқындағы Марияға деген жауапсыз махаббаты жайлы аңыз – махаббат үшбұрышына түскен және, өкінішке қарай, одан шыға алмаған күрделі драмалық бейнелердің араласуының шексіз көрсетілімі. Сюжетте ұсынылған барлық кейіпкерлердің өмірі поляк князьдігіне татар ордасы басып кірген қайғылы сағатқа дейін жарқын бояуларға толы болатын. Гирей қанжардың соққысымен жас Вацлавты өлтіреді. Марияның сұлулығына, нәзіктігі мен жан дүниесіне басы кеткен хан оның алдында иіледі, ханның жүрегін махаббат жаулайды, сол сәттен бастап ол Мариядан басқа ешкімді ойлай алмайды… Алайда поляк қызы оған сүйіспеншілікпен жауап бермейді, өйткені ол үшін құлдықтағы өмір – өмір емес. Ханға құштар әрі оны сүйетін, Гирей үшін бәріне даяр, тіпті әміршісінің назарын қайтару үшін қарсыласын өлтіруге бар Зарема оған сезімін арнайды…
Бүгінде көрермендер аудиториясының әлемдік сахна жұлдызы, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова әртістердің жаңа буынына өте ұқыптап бере білген балеттің түпнұсқасын көруге мүмкіндіктері бар. Балет труппасының көркемдік жетекшісі орындаушылық шеберліктері жоғары деңгейдегі жас дарындардың әлеуетін ашып, оларға бірталай тәжірибені талап ететін күрделі драмалық партияларды сеніп тапсырады.
Сонымен, Вацлавтың рөлінде Рустам Чахалов дебют жасайды, әртіс өзіне күрделі бейнені үлкен сахнада сомдауға көмектесетін танымал балерина Мәдина Басбаевамен өнер көрсетеді. Ал 17 қыркүйекте бұл партияны Данияр Жұматаев таныстырады. Нұралидің рөлін әр күндері Серік Нақыспеков пен Қуат Кәрібаев орындайды. Гирей хан – Сұңғат Қыдырбай, Тұрлыхан Тойған, Мария – Мәдина Басбаева, Бақытгүл Испанова, Зарема – Әнел Рүстемова, Анастасия Заклинская.
Шытырманға бет бұрған
«Бақшасарай бұрқағы» балетіне Адольф Аданның «Корсар» спектаклінде ұсынылған теңіз қарақшылары тақырыбындағы қызықты хикая кереғар болады. Өз армандарына ілесе білген және махаббат жолында үлкен жанкештілік танытқан теңіз қарақшыларының бастан кешкендері ешкімді бейжай қалдырмайтынына әртістер сенімділіктерін білдіруде.
Екі спектакль де қызықты әрі өзінше бірегей, оларды көрнекті суретші Эцио Фриджерио мен «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапиноның қолынан шыққан жарқын костюмдер, сәнді декорация, күрделі реквизиттер бар керемет көркемдік рәсімдеу толықтырады.
Еске сала кетейік, қоюшы балетмейстер Алтынай Асылмұратованың ассистенттері Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Константин Заклинский мен Елена Шерстнева болып табылады.
20-21 қыркүйекте көпшілік түрлі орындаушылар құрамын бағалай алады. Сонымен, Медора партиясында танымал балерина Әйгерім Бекетаева өнер көрсетсе, келесі күні бұл рөлде келешегінен үлкен үміт күттіретін София Әділханова дебют жасайды. Конрад – Арман Уразов, Далер Запаров, Исаак Ланкедем – Айбар Тоқтар, Серік Нақыспеков, Бирбанто – Ильдар Шакирзянов, Сеид-паша – Рахметолла Науанов, Жанәділ Бейсембиев, Гюльнара – Мөлдір Шәкімова, Шұғыла Әдепхан, Құл Али – Бақтияр Адамжан, Еркін Рахматуллаев.
– Театр мерейтойлық маусымын ашып жатқандықтан, ол міндетті түрде жарқын әрі мазмұнды болады. Жоспарға әйгілі премьералар, гала-концерттер, сондай-ақ театр репертуарынан көпшілік ұнатқан спектакльдердің көрсетілімі енді. Біз жақын арада қымбатты көрермендермен қауышатынымызға қуаныштымыз, – деп пікірлерімен бөлісті әртістер.