«Астана Опера» Түркістан мен Шымкенттегі гастролін аяқтады. Елордалық театрдың балет труппасы мұнда алғаш рет өнер көрсеткендіктен, саяхатқа деген қызығушылық зор болды. Төрт күн, яғни 4, 5, 7 және 8 маусым түркістандық және шымкенттік көрермендер үшін ұлы өнер салтанатына айналды.
– Біздің киелі қаламызға келіп, осындай керемет кеш ұйымдастырғаны үшін «Астана Опера» театрына өте ризамын. Спектакль, музыка, алған әсеріміз де бәрі тамаша болды. Балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова мен әртістердің өте жақсы дайындалғандары көрініп тұр. «Шехеразада» балеті мен гала-бағдарламаны тамашалай отыра, қазақ балет өнерінің жоғары деңгейде екеніне тағы бір мәрте көзім жетті. Ұжымға шығармашылық табыс тілеймін, әртістер қазақ елінің өнерін асқақтата берсін, – деді PhD доктор Бағила Мұстафаева.
– Маған бүгінгі қойылым өте қатты ұнады, әсіресе нағыз ХХ ғасыр жауһары – махаббат жайлы балет – «Шехеразаданы» тамашалау қызықты болды, труппа керемет, – деді Сауран ауданының тұрғыны Әйгерім Нарымбетова.
Түркістан облысының тұрғыны Әлия Бердіқұлованың да елордалық әртістердің көрсеткен өнеріне көңілі толды. – Қаламызға келгендердің барлығына алғыс айтамын, сіздер бізге ұмытылмас әсер, ғажап көңіл күй сыйладыңыздар. Гала-балет бағдарламасы тамаша құрылған, әртістер өте шебер, әсіресе «Қилы заман» нөмірін орындаған солист Сұлтанбек Ғұмар бидің мағынасын әр қимылымен, ишаратпен бере білді. «Астана Операның» кордебалеті де керемет.
Әлемдік балет жұлдызы, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова «Астана Операда» классикалық әрі заманауи хореографиялық репертуарды жетілдіруімен қатар, өзінің бірегей авторлық гала-бағдарламаларымен де танымал. Осы маусымның өзінде ол елордалық театрсүйер қауымға шамамен жиырма шақты тамаша Гала-кештер ұсынды. Түркістан мен Шымкент жұртшылығы үшін де Алтынай Асылмұратова артық болмаса, кем дайындалмады.
Сонымен, балет труппасының көркемдік жетекшісі бағдарламаға енген бір актілі балеттерден бөлек, 4 күн бойы Түркістан мен Шымкенттің тұрғындарын және қонақтарын концерттік нөмірлердің шебер таңдап алынған, балет сахнасының жұлдыздары мен келешегі зор жас әртістердің басын қосқан калейдоскопымен таңғалдырды. Тамаша ұстаз өз шәкірттері – бишілердің жаңа буынының қабілеттерін дамыту, келешекте олардың Қазақстанның хореография өнерінің саңлақтар тобын толықтыруы үшін бар күшін салуда.
Сондай-ақ ұжым Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында XX ғасыр жауһары – Н.А.Римский-Корсаковтың музыкасына кемеңгер хореограф М.Фокиннің «Шехеразада» балетін ұсынды. Шымкенттегі «Түркістан» концерт залының сахнасында өнер көрсетулерді Ф.Шопеннің музыкасына М.Фокиннің романтикалық балет жауһары – «Шопениана» ашты.
Түркістан мен Шымкенттің журналистері гастрольге бұрын-соңды болмаған қызығушылық танытты: залда аталған қалаларда мәдениет тақырыбына жазып жүрген тілшілер көптеп жиналды, олар өнер көрсетулердің бірде-бірін қалдырмай, құрамдарын салыстырды. БАҚ әрбір солисттің өзгешелігі мен актерлік шеберлігін атап өтіп, орындаудың түрлі қырларын жариялады. Ешкім айтылмай және байқалмай қалмады: Әйгерім Бекетаева, Мәдина Басбаева мен Әнел Рүстемованың таңғаларлық әсемдігі тілге тиек етілді. Ерлер балетінің қуатын Еркін Рахматуллаев, Олжас Тарланов, Серік Нақыспеков паш етті.
Бәрі бірауыздан «Шопенианадағы» кордебалетті үздік әрі теңдессіз деп атады, сондай-ақ «Астана Опера» премьері Бақтияр Адамжанның «Шехеразада» балеті мен гала-бағдарламадағы өнер көрсетуі жұртшылықты баурап алды. Оның сахнадағы жұбы Анастасия Заклинскаяның өз кейіпкерінің мінезін терең сезінетіні әрі жеткізетіні атап өтіліп, оны көрермен кербез сұлудың бейнесімен салыстырды.
Ал көрермендерге келсек, олар барлық гастрольдік бағдарламаны шаттана қабылдады. Д.Шостаковичтің музыкасына «Ескі фотосурет» премьералық нөмірі кезінде зал орындаушылар Нұрай Нұрсафина мен Александр Корниловке ду қол шапалақтарымен алғыстарын жаудырды. «Бақшасарай бұрқағы» балетінен алынған Татар биі (Қуат Кәрібаев пен балет әртістері), «Баядерка» балетінен Үндіс биі (Еркежан Жүнісова, Жәнібек Ахмедиев, Бостан Қожабеков пен балет әртістері) «Бәрекелді» деген дауыстармен сүйемелденді, ал балет кеші аяқталғанда көрермендер залдан кеткілері келмей, сахнадағы әртістерге ұзақ қол шапалақтап тұрды.
Осылайша, «Астана Операның» жазғы гастролі мәдени шаралардың бірі ғана болып қоймай, барлық өңір үшін маңызды оқиғаға айналып, елордалық театрдың балет труппасының кәсіби деңгейінің жоғары екенін дәлелдеді.