Мазмұнға өту

Туфли түріндегі Күлбике күймесі, гироскутер үстіндегі әртістер, «Астана Опера» немен таңғалдырады

«Астана Операдағы» «Күлбике» балетінің премьерасына дейін аз ғана уақыт қалды: 8-9 қазанда елорда тұрғындары мен қонақтары спектакльді мүлде жаңа дайындықта және интерпретацияда тамашалай алады. Жапондық сценограф Йоко Сеяма шын мәнінде соңғы үлгідегі қойылымның кейбір құпияларын ашып берді. Спектакльге жетекші театр сыншылары баға беруді жоспарлап отыр.

– «Күлбике» балетінің сценографиясымен жұмыс істеу кезінде сізді не шабыттандырды?

– Рух берген басты нәрсе қоюшы хореографтың Күлбикенің өзін қалай жарыққа шығаратыны, сәнгер болуды армандайтыны туралы идеясы болды. Бірінші актіде ол үйді жинап қана қоймай, сонымен бірге өзінің киім үлгілерімен де айналысады. Ол кір жуып жатқанда тауып алған ескі-құсқыдан киім үлгілерін жасайды, яғни ол өз топтамасына материалды өз бетінше табады. Ал екінші актіде бал кешінде сән көрсетілімі болады.

– Бізге бұл қойылымның құпиясын аздап айта отырсаңыз?

– Мен сән әлемінде немесе сән туралы армандайтын қыздар үшін ненің маңызды екені жайлы көп ойландым, және, әлбетте, қыздар үшін биік өкшелі туфли маңызды деп айтар едім. Маған таңғалдырарлық биік өкшесі және қызыл табаны бар танымал қайықша туфлилер туралы ой келді. Күлбикенің күймеде бал кешіне барған сапарынан әйгілі сахна көпшілікке белгілі. Сол себепті мен биік өкшелі үлкен туфли түріндегі ерекше күйме жасап шығардым, бұл сән нышаны іспетті. Дәл осы сән жайлы арманы оны сауық кешіне ертіп әкеледі. Бұл менің дизайнымның тұжырымдамасының айрықша шабыттанған бөлігі деп ойлаймын.

Екінші жағынан, бізде Ханзада бар, оның өмірі Күлбикенің өміріне кереғар. Басты кейіпкер кедей, ал Ханзада корольдік қаны бар ауқатты отбасында дүниеге келді. Және мұндай атмосфера оны қатты жалықтырып жібереді, сондықтан ол өзін музыкант ретінде таныту жайлы шешімге келеді. Оның жарқыраған алтын материалдан жасалған музыкалық құралдары, мәселен, дыбыс бағанасы, немесе магнитофоны секілді, мұнда барлығы алтын әрі жарқыраған. Сондықтан мұның поп стиль және көше стилінің атмосферасы болуы әбден мүмкін, бірақ соған қарамастан бәрі патшанікіндей болып қала береді. Оның атақты жас ретіндегі бейнесін қалжың ретінде қабылдауға болады, алайда ол оның сондай жағдайлар арқылы өсуді көксеуіне қатысты айтылған әзіл. Спектакльде орын алатын тағы бір қызықты жайт – бұл кейіпкер Мейірімді періштенің гироскутерді тізгіндеуі.

– Спектакльдің түстік палитрасы қандай?

– Мен қыша реңктерін, көзге неғұрлым жағымды, жайлы, үйдің жылулығын беретін түстерді қолданамын, бірінші актіде барқытты көп пайдаланамын. Бірақ барқыт мен үшін Күлбикенің көңіл-күйінің атмосферасын тудыратын ағынды мата сияқты маңызды емес. Екінші актіде менде жалбызды жасыл реңктер көп, бұл корольдік атмосфераны көрсету үшін қажет. Сондықтан қышадан кенет корольдік жалбызды жасылға ауысу болады.

– Қойылымның фильмді еске салатыны мәлім. Театр әртістерінің жанды орындауында спектакльді фильм түрінде көрсету қаншалықты қиын?

– Тап осы жағдайда әңгіме көрермендерге «Күлбике» балетінің қойылымын ұсынатын қарт жұбайлар жайлы болып отыр. Олар сахнаға бірінші шығып, өздерінің өткен өмірлерін, қалыптасу жолдарын көру үшін бейне таспасы бар теледидарды қосады. Бұл хикаяда өрбитін жайттарды сол екеуі бақылайды. Бұл жолы Раймондо Ребекке осынау қойылымда өмірдің мақсаты мен арманын көрсету айрықша маңызды болды. Біз сюжеттегі оқиғаларға фильм тамашалағандай қарап отырамыз, соңында жүректе ізгі, жақсы және қуанышты сезімдер пайда болады.

– Бұл хикаяның басты кейіпкері – дизайнер қыз, құдды сіз секілді, бұл жұмысыңызға қандай да бір жеке дүниелер қоса ма?

– Өте дұрыс аңғарылған, дегенмен, шынымды айтсам, тұжырымдаманы әзірлегенде мен бұл туралы еш ойламаппын. Дарынды жастар өздерін қалай танытуды білмей, кедергілерге жиі тап болып жатады. Оларда ептілік, қандай да бір маман болуға деген ішкі мақсат бар, күш-қуаттары тасып тұр, бірақ олар өздерін қалай жүзеге асыруды білмейді. «Күлбикенің» бірінші актісі тура осыны бейнелейді, қиыншылықпен күресті, өз майданында табысқа қол жеткізуге деген жігерді көрсетеді. Және екінші актіде, ақыр аяғында, оның өз шығармашылығын көрсетуге мүмкіндігі туады. Дәл осы сәтте мен үшін сондай мүмкіндік «Күлбике» балетінің қойылымы болып табылады. Дизайнерлер, барлық шығармашылық мамандықтардың өкілдері үшін көпшілікке өз қиялымыздың жемісін көрсетуге мүмкіндіктің болуы өте маңызды! 

Published in Жаңалықтар