«Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжанның өнер көрсетулерінің географиясы жылдан жылға кеңеюде. Осы жаздың өзінде оны әлемнің бірқатар елдерінде күтуде. Отандасымыздың қатысуымен маусымда Миланда 8 Гала-концерт өтті, енді әртіс Италияның басқа да қалаларының, сондай-ақ Франция мен Австралия көрермендерін таңғалдыруға дайындалуда.
Әлемнің танымал хореографтары өздерінің балеттік бағдарламаларына Қазақстанның №1 бишісі – Бақтияр Адамжанның нөмірлерін құлшына қосуда, ал заманауи әрі классикалық өнер табынушылары оның өнер көрсетуіне баруды армандайды. Атажұртта ғана емес, шетелде де зор танымалдылыққа ие жетекші солист үшін биылғы жаз маңызды оқиғалармен басталды.
Сонымен, 17-28 маусым аралығында ол Миландағы Арчимбольди италиялық театрында «Роберто Болле және достары» атты заманымыздың біртуар бишісінің гала-балет кештерінде жарқын өнер көрсетті. Сан-Франциско және Мариин театрларының жетекші балет солистерімен бірге көрермендердің назарына Л.Минкустың «Дон Кихот» және А.Аданның «Корсар» балеттерінен үзінді ұсынды.
– Роберто Боллемен осыдан бес жыл бұрын маэстро Луиджи Бониноның арқасында таныстық. Луиджи біздің театрға Ролан Петидің хореографиясында «Париж Құдай анасының соборы» спектаклін қоюға келген болатын, сонда біз гала-концертке қатар дайындалдық. Маэстро дайындық залына кіріп, жаттығуымызды бейнеге жазып алды. Кейіннен сол бейнені Роберто Боллеге көрсетіп, «Қазақстанда осындай балет әртісі бар, ол сенің «Роберто Болле және достары» атты гала-концертіңде міндетті түрде өнер көрсетуі керек, бұл бәріміз үшін үлкен жаңалық болады» деп, мені сырттай таныстырған. Кейін Роберто Болле маған әлеуметтік желі арқылы шығып, концертке шақырту жолдады. Екеуміздің таныстығымыз осылай басталды, – деді Бақтияр Адамжан.
Сол уақыттан бері Роберто Болле отандасымыздың қатысуынсыз бірде-бір концерт өткізген емес, екеуінің арасындағы шығармашылық достық жылдан жылға нығая түсуде. Айта кету керек, Роберто Болленің гала-концерттеріне шақырту алу – бұл әртістің жоғары шеберлігінің дәлелі.
– Оның гала-концертінде өзіңді көрсетпесең, тиісті дәрежеңді сақтап тұрмасаң, ол ынтымақтастықты тоқтатады, себебі оның бағдарламалары жоғары сапасымен ерекшеленеді, Роберто өз көрермендерін құрметтейді. Маған деген ілтипаты, шақырғаны және Италияның беделді сахналарында өнер көрсетуге жағдай жасағаны үшін оған өте ризамын, – деп атап өтті Бақтияр Адамжан.
«Астана Опера» премьерінің Италияға сапары мұнымен аяқталмайды: 21-22 шілдеде екі күн қатарынан Бақтияр Адамжан Рим опера театрында «Париж Құдай анасының соборы» спектаклінде өнер көрсетеді. Мұнда балет жұлдызы италиялық сахнада Квазимодо басты партиясында жарқырайды.
Сондай-ақ осы айда Бақтияр Адамжанды испаниялық көрермендер де күтеді. Әртіс Аликанте қаласының бас театрында өтетін «STARS GALA» гала-балетінде өнер көрсетеді. Айта кетейік, бұл гала-концертте жыл сайын бүкіл әлемнен нағыз кәсіпқойлар бас қосады. Биыл гала-балетте «Астана Операның» жетекші солисімен бірге бір сахнада Мариин, Үлкен, Михайлов театрларының, Берлин, Вена мемлекеттік балетінің, Нидерланды Ұлттық балетінің, сондай-ақ басқа да әйгілі театрлардың үздік әртістері өнерлерін паш етеді. Әртістер балет өнерін терең түсінетін әрі жоғары бағалайтын испаниялық жұртшылыққа ұмытылмас әсер сыйлайды. Мұнда Бақтияр Риккардо Дригоның «Талисман» балетінен па-де-де және Цезарь Пунидің «Эсмеральда» балетінен «Диана және Актеон» па-де-десін ұсынуға дайындалуда.
Бақтияр Адамжанның әлем бойынша гастрольдік өнер көрсетулері тамызда Австралияда жалғасады. Еске сала кетейік, Бақтияр Ballet International Gala әлемдік шоуында өзінің мінсіз техникасын көрсеткен болатын, ол қаңтар-ақпан айларында аталмыш елде өтіп, Жасыл құрлықтың көрермендерін тамсандырған еді. Енді міне, араға бірнеше ай салып, «Астана Операның» жетекші солисі мен оның сахнадағы жұбы – Шұғыла Әдепхан өздерінің австралиялық жанкүйерлерін тағы қуантады.
Қазақстандық әртісті Канн қаласында да (Франция) күтеді, онда Бақтияр Адамжанды 13-15 қазанда көруге болады.
Әлемнің түкпір-түкпірінде өтетін балет кештері мен спектакльдерге Бақтияр Адамжанды шақыру оның әлемнің үздік бишілерінің қатарында екенін тағы бір дәлелдей түседі. Бұл «Астана Операның» және барша еліміздің беделін халықаралық аренада арттыратыны сөзсіз.