Мазмұнға өту

Опера академиясының шәкірттері беделді байқаудың ақтық додасына өтті

Astana Opera опера академиясының тыңдаушылары Гүлдана Алдадосова мен Дінмұхамед Көшкінбаев Будапешт қаласында өткен Ева Мартонның V Халықаралық вокалистер байқауының финалистері атанды. Жас орындаушылар Венгрия мемлекеттік опера оркестрінің сүйемелдеуімен ғаламат гала-концертте өнер көрсету мәртебесіне ие болды.

Ең беделді әлемдік опера бәйгесі Будапештте 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келеді, ол әлемнің түрлі елдерінен дарынды жас әншілерді анықтау және қолдауға бағытталған.

– Біздің осындай дәрежедегі байқауға қатысуымыздың өзін жеңіс деп қабылдауға болады, – деді Халықаралық опера академиясының шәкірті Гүлдана Алдадосова. – Сондықтан ақтық додаға өтіп, Ференц Лист Академиясы Үлкен залының тарихи сахнасында өнер көрсету мүмкіндігі – тағдырдың нағыз сыйы. Мен Ш.Гуноның «Ромео мен Джульетта» операсынан Джульеттаның вальсін және В.Беллинидің «Пуритане» операсынан Эльвираның ариясын орындадым.

Еске сала кетейік, «Астана Опера» труппасы дүние жүзіне танымал маэстро Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен Ференц Лист Академиясы сахнасында гастроль аясында зор жетістікпен өнер көрсеткен болатын.

Халықаралық опера академиясынан барған екінші қатысушы, Бибігүл Төлегенованың Х Халықаралық вокалистер байқауының лауреаты Дінмұхамед Көшкінбаев финалда П.Чайковскийдің аттас операсынан Онегиннің «Сіз маған жаздыңыз…» речитативімен және Г.Доницеттидің «Лючия ди Ламмермур» операсынан Энриконың ариясымен өнер көрсетті.

– Байқау бағдарламасы аясында сахнаға әрбір шығу жауапкершілікті талап етті және біз үшін нағыз емтихан болды, – деді енді бастап келе жатқан опера әншісі. – Вокал сайысы аясында беделді қазылар алқасының өкілдері – әлемдік музыкалық қауымдастықта мойындалған өз ісінің нағыз кәсіби шеберлерімен танысудың сәті туды. Айрықша салтанатты жағдай, Будапештке әлемнің түрлі елдерінен келген кіл мықтылар, жарыстық болса да, үздік музыкалық туындылармен безендірілген жанға жайлы атмосфера, өзімізді ғана емес, сонымен қатар өз академиямызды және елімізді таныстырғанымызға кеудедегі мақтаныш сезімі: Ева Мартон байқауына қатысудан осындай әсер алдық. Әлбетте, жеңімпаз атанбағанымыз үшін күйініш сезімі бар, алайда бірінші үштікке енген әншілердің жоғары кәсіби деңгейі ешқандай күмән туғызбайды.

Байқау бірнеше кезеңде өтті. Бірінші айналымға өту үшін өз өнер көрсетулерінен бейнежазба жолдап, іріктеу кезеңінен өту керек болды. Жалпы алғанда 38 елден 132 әнші Ева Мартонның V Халықаралық байқауына қатысуға өтінім берген, оның ішінен 50 қатысушы жеңімпаз атағына таласты. Финалистер қатарына 12-сі енді. Олардың барлығы көрермендердің қатысуымен өткен гала-концерт қатысушылары атанды.

Бас жүлдеге ресейлік тенор Андрей Данилов ие болды, ол Берлин операда еңбек етеді. Сондай-ақ оған «Астана Опера» театрының ағымдағы немесе алдағы маусымындағы репертуарлық қойылымдарына шақырылған солист ретінде қатысуға мүмкіндік беретін «Астана Опера» дебюті» арнайы жүлдесі табыс етілді.

Айта кету керек, байқаудың бас шабыт берушісі, сондай-ақ қазылар алқасының төрайымы Ева Мартон опера додасы қатысушыларының дайындығын жоғары бағалады. «Бұл ерекше дауыстардың ақтық мәресі болды, біз ғажайыпты тыңдадық», – деп атап өтті опера ханымы.

Еске салайық, Astana Opera Халықаралық опера академиясы – бұл енді бастап келе жатқан опера орындаушыларына бүкіл әлемнен үздік оқытушылардың қолдауымен өз шеберліктерін жетілдіруге көмектесетін оқу алаңы. «Астана Опера» базасында жүзеге асырылатын жобаның опера сахнасы үшін жоғары кәсіби мамандарды даярлауда маңызы зор.

Published in Жаңалықтар