А.Жұбанов, Л.Хамидидің аңызға айналған «Абай» операсы 27-28 мамырда «Астана Опера» сахнасында орындалды. Спектакль басталар алдында театр ұжымы биыл елімізде 125 жылдық мерейтойы кеңінен атап өтіліп жатқан қазақ әдебиетінің ұлы классигі Мұхтар Әуезовке құрмет көрсетті. Қойылым аяқталғанда кемеңгер жазушы, «Абай» операсы либретто авторының рухына тағзым ретінде сахнаға әдемі раушан гүлдерге толы себет шығарылды.
М.Әуезовтің мерейтойына арналған көрме театр фойесінің сәнін келтірді. Онда көпшілік қойылымның шығу тарихымен танысып, сахна сыртында түсірілген сирек фотосуреттерді тамашалай алды. Спектакльді көруге шығармашылық зиялы қауым, музыкатанушылар мен абайтанушылар келді, олардың қатарында «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы-ректор, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Педагогикалық білім берудегі Халықаралық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Ерлан Сыдықов бар.
Ерлан Бәтташұлы спектакльге жоғары баға берді.
«Абай» – Қазақстанның опера өнерінің ең үздік жетістіктерінің бірі. Бұл ұлт мәдениетінің негізін қалаған үштік – жазушы М.Әуезовтің, композиторлар А.Жұбанов пен Л.Хамидидің ұлы сахналық және музыкалық шығармасы. Шоқтығы биік Мұхтар Әуезовтің «Абай» либреттосын сахналау үлкен жауапкершілікті жүктейтіні белгілі. Бұл ретте театр ұжымы өз міндетін жоғары деңгейде орындады. Тарихи қойылым арқылы өткенімізге үңіліп, қазақ халқының бай дәстүрлерін, тамаша режиссура мен әртістердің шебер орындауы арқылы сахнада паш етілді.
Музыканың тылсым тілінің табиғаты да туындының сәтті шығуына ықпалын тигізді. Операның көркемдік безендірілуін ерекше атап өтер едім. Сценографтар мен костюм бойынша суретшілердің, дизайнерлердің еңбегі көрініп тұр», – деп атап өтті ректор.
Сондай-ақ, профессор Ғабит Мүсіреповтің керемет сөздері ойға оралғанын атап өтті: «Тарихта ізі қалған дара тұлғалармен кездесудің киелі орны – театр».
«Бүгін ұлы Абайдың өр бейнесімен қауыштық. Тарихи тұлғаның ғибратты өмірі көз алдымызда қылаң бергендей болды. Сахнада дана Абайдың шексіз де, сан қырлы әлемі ашылды. Данышпан, дарынды, қайратты, күрескер, жалынды Абайдың бейнесі паш етілді», – деді Е.Сыдықов.
Еуразия университетінің ректоры өткеннен тағылым алу қажеттігін де атап өтті.
«Тарих қатпарларынан жеткен қазақ шығармаларында өміршеңдігін жоғалтпаған маңызды құндылықтар әспеттеледі. Шоғыры биік бүгінгі қойылымның негізінде ұлт тұтастығы, бірлік пен береке, ынтымақ пен келісім, ғылым мен білімге ұмтылыс жатыр. Ұлт мұратына айналған аталған маңызды құндылықтар арқасында өсуге және дамуға жол ашылатыны көрсетіледі. Бұл бүгінгі тәуелсіз еліміздің тарихымен терең үндесетіні анық», – деп қосты ол.
Осы операға либретто жазған Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің даралығы неде деген сұраққа Ерлан Бәтташұлы былай деп жауап берді:
«Әдебиетіміздің алыбына айналған қаламгер Мұхтар Әуезов – сан қырлы талант иесі. Ғұлама ғалым жер жаһанға Абай әлемін ашты, қазақ әдебиетінің мәртебесін жаңа сатыға көтерді. Оның қолынан туған күрделі шығармалар – үлкен еңбекқорлықтың, тынымсыз әрі терең ізденістің, сөзді маржандай теру шеберлігінің көрінісі. Бұл – заңғар жазушымыздың даралығын паш етеді».
Ұлы суреткер сондай көркем шығармалар жазумен қатар, ұлттық драматургияның дамуына да зор үлес қосты: ол 20-дан астам әртүрлі пьесаларды дүниеге әкелді. Ең бастысы, өшпес туынды «Абай» операсына либретто жазған жазушы әрі драматург қазақтың философ ақынының есімін классикалық музыкада да мәңгі есте қалдырды.
Қазақтың маңдайына біткен дара тұлғаның бай мұрасын сақтау, өміршең еңбектерін зерделеу, әдебиетіміздің қымбат қазынасын кейінгі толқын өкілдері арасында әспеттеу – жауапты міндет.
Еуразия ұлттық университетінің студенттері де операны тыңдауға келді, ректор жастарды ұлы өнерге баулудың маңыздылығын атап өтті.
«Ғылым мен мәдениет – барлық дүниенің алтын алқасы». Қазақтың кемеңгер жазушысы Мұхтар Әуезовтің ғасыр қойнауынан жеткен бұл дана сөзі мәні мен маңыздылығын жоғалтпайтыны хақ. Мәдениет пен өнер – тәрбиенің негізі. Кемел тұлға қалыптасуы үшін рухани қазынадан сусындау қажет. Оның тірегіне айналған мәдени ордаларға жастардың қызығушылық танытатыны қуантады. Еуразия ұлттық университеті бұл бағытта кешенді және жүйелі жұмыстар жүргізеді. Жастардың патриоттық сезімдерін, мәдени-эстетикалық деңгейлерін арттыруға тағылымы мол іс-шаралар ұйымдастырылады.
Университет қабырғасында «Кәусар» мәдени танымдық бірлестігі, «Шаңырақ» театры, «Самұрық» би мектебі, «Дала сазы» ұлт-аспаптар оркестрі бар. Мұның бәрі жастарды жоғары өнерге баулуға, эстетикалық тәрбие алуларына оңтайлы жағдай туғызуға бағытталған.
Қойылымды тамашалаған Еуразия ұлттық университетінің студенттері де спектакль жайлы жақсы пікірлерін білдірді, көбі өздері үшін ұлы өнердің есігін ашты.
«Абай – қазақтың ұлы ақыны, барша әлем мойындаған ірі тұлға. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде қаншама білім жатыр, оны оқып өскен адам толыққанды тұлға болып қалыптасады, жетіледі. Данышпан ақын «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» дейді, яғни әр адам қайталанбас тұлға, оның өмірі басқалардан ерекшеленіп тұруы керек. Біз өзімізден кейін жақсы із қалдыру үшін білімімізді жетілдіруіміз қажет. Осы қойылымға шақырған университетіміздің басшылығына ризашылығымды білдіремін, – деді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Экономика» факультетінің 2-курс студенті Қуаныш Сүйініш.
Еске сала кетейік, 27-28 мамырда әр күндері операны солистердің екі құрамы орындады.
Абайдың партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жанат Шыбықбаев пен Азамат Жылтыркөзов, Айдарды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейір Байнеш таныстырды, Назым Сағынтай Ажардың партиясында дебют жасады, келесі күні бұл бейнені «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова сомдады, Әзім – Рамзат Балакишиев пен Бейімбет Таңарықов, Жиренше – Талғат Ғалеев, Қарлығаш – Салтанат Мұратбекова мен Татьяна Вицинская, Көкбай – Ержан Саипов, Сырттан – Болат Есімханов пен Шыңғыс Расылхан, Нарымбет – Ерұлан Кәмел, Местің бейнесінде Хайдар Мұстапин мен Нұрлыбек Қосбармақов сахнаға шықты.
«Астана Опера» Симфониялық оркестрі мен хоры театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев пен дирижер, «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен өнер көрсетті.