Өткен жұма күні еліміздің бас театры – «Астана Опера» өзінің IХ маусымын аяқтады. Оның таңғалдыратын қорытындысына ұзақ тамсануға болады: Қазақстан бойынша 10 гастроль, әртістердің марапаттары, фестивальдегі аталымдар таңдай қақтырды, шығармашылық ұжым көрермендерді үш әйгілі премьералық спектакльмен қуантты. Ал 9 қыркүйекте ашылатын жаңа маусымда театр негізі қалануының 10 жылдығын жарқыратып атап өтеді.
Өтіп бара жатқан маусым барлық әртістер үшін өнімді болды. Үлкен зал мен Күләш Байсейітова атындағы Камералық залда репертуарлық спектакльдер мен концерттер бұрын-соңды болмаған саналуандықта берілді: ай сайын көрермендерге афишадағы 25 түрлі қойылымның арасынан таңдау жасау ұсынылды.
Премьералар – Т.Кочактың «Ақшақар мен жеті ергежейлі» балеті, Е.Рахмадиевтің «Алпамыс» батырлық операсы көпшіліктің зор қызығушылығына ие болды, ол осынау 30 жылда елордалық сахнада алғаш рет мүлде жаңа интерпретацияда ұсынылды, сондай-ақ Иржи Килианның «Алты би» премьералық комедиялық балеті көрермендердің көңілінен шықты.
Гастрольдік өмір: IХ маусым «Астана Опера» сахнасында қазақстандық театрлар мен шетелдік әртістердің кезек-кезек болған гастрольдерімен есте қалды – мұнда Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының ұжымы жарқырады, сондай-ақ елордалық жұртшылық Шымкент опера және балет театры мен Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының әртістеріне қол соқты. Театрда пианист Джузеппе Джулотта, Ла Скала театрының бірінші скрипкасы Лаура Марцадори, бандонеоншы Марио Стефано Пьетродарки (Италия) гастрольдік сапармен болды.
«Астана Операның» өз ұжымы туралы айтсақ, ол маусымның ортасына қарай, яғни шектеу шараларына байланысты жағдай жақсарғанда гастрольге белсенді шыға бастады. Балет труппасы Алматыда екі рет өнер көрсетті, одан кейін әртістер Түркістан мен Шымкенттің көрермендеріне өз өнерлерін тарту етті, опера труппасы мен симфониялық оркестр Павлодар, Екібастұз, Қарағанды, Рудный, Ақтөбе және Петропавлға саяхатты аяқтады. Соның нәтижесінде қазақстандықтар елордалық театр шығармашылығымен жақынырақ таныса алды, және көрермендер аудиториясы өзі үшін классикалық өнерді жаңаша ашты.
Лайықты марапаттар: Қарқынды гастрольдік қызметтен бөлек, әртістер туған сахналарында көп еңбек етіп, өздерінің сүйікті көрермендері үшін сиқыр мен ғажайып жасады, ұлы өнермен кездесу қуанышын сыйлады.
Олардың еңбектері қашанда ескерусіз қалмай, марапаттар өз иегерлерін тауып жатады. Музыкалық кеңесші, пианист Раушан Бескембирова мен жетекші концертмейстер Долорес Үмбетәлиева Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алды, «Астана Опера» дирижері Руслан Баймурзин «Құрмет» орденінің кавалері атанды. Бұдан бөлек, театрдың көптеген қызметкерлеріне «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі берілді. А.Аданның «Жизель» қойылымындағы рөлі үшін жетекші солист Әйгерім Бекетаева «Үздік балет әртісі» аталымында, Жамиля Джаркимбаева Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Жібек ариясын орындағаны үшін «Үздік солист» аталымында «ТеатрALL» халықаралық фестивалінің бірінші сыйлық иегерлері атанды. «Жаңа есім – Үміт» аталымындағы сыйлықты опера солисі Шыңғыс Расылхан еншіледі. Бұл фестивальде «Қыз Жібек» спектаклінің көркемдік безендірілуі «Үздік сценография» деп танылды, қоюшы суретшілер – Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов.
Арнайы жобалар: Сондай-ақ тоғызыншы театрлық маусым бірегей балеттік, опералық және симфониялық жобаларға толы болды. Балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова әрқайсысы оның алдындағысын қайталамайтын 20-дан астам гала-кеш жасады. Бұл концерттер көпшілікке жаңа есімдерді ашты, өйткені оған труппа құрамын жуырда толықтырған, бірақ өздері жайлы батыл жар салған талантты жас әртістер қатысты. Театрдың бас дирижері Алан Бөрібаев көпшіліктің назарына көрермендер аудиториясының ыстық ықыласына бөленген бірқатар жаңа жобалар ұсынды. Айта кету керек, оның жетекшілік етуіндегі Г.Малердің №8 симфониясының ғаламат орындауы бұрынғыша «өмір сүруде», мыңнан астам музыканттың қатысуымен өткен бұл концерттің жазбасы үш ай бойы 40 миллион аудиториясы бар «Меццо» француз телеарнасынан көрсетілді.
«Астана Операның» Достар клубының ашылуы маңызды оқиға болды, енді оған барлық қалаған жандар мүшелікке қабылданып, өнерге жақын бола алады. Сонымен қатар, театр ребрендинг жүргізді: логотип, сайтты жаңартып, сайттың нашар көретін жандарға арналған нұсқасын жасады. Театрдың тағы бір маңызды жобасы – Astana Opera Халықаралық опера академиясы. Биыл академия алғашқы оқу жылын тамамдап, шәкірттер көптеген жетістіктерге жетті: бірқатар концерттер мен В.А.Моцарттың «Дон Жуан» операсының премьерасын өткізді. Болашақ опера әншілері Франческо Медда, Анатолий Гусев және басқа да атақты маэстролар секілді жоғары білікті мамандардан білім ала отыра, шеберлік деңгейлерін арттырды. Көп кешікпей академия «Астана Опера» театрының беделін әлемдік деңгейдегі мәдениет орталығы ретінде нығайтады деп санауға барлық негіз бар.
«Астана Опера» сандар тілімен: Жалпы, әлемдік мәдени кеңістікте театр беделін қалыптастыру бойынша жұмыс ұдайы жүргізіледі, оның бағыттарының бірі әртістердің халықаралық байқауларға қатысуы болып табылады. Сонымен, өткен жылдың қыркүйегінен бастап биылғы маусымға дейін «Астана Опера» солистері халықаралық байқаулар мен фестивальдерге қатысып, әлемнің көптеген елдерінде театрдың даңқын асырды. Олардың қатарында Жапония, Италия, Австралия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да елдер бар. «Россия-К» телеарнасының тікелей эфирінде трансляцияланған «Нано-Опера» халықаралық жас режиссерлер байқауындағы жарқын жеңісті театрға Еренбақ Тойкенов алып келді, ол байқауда беделді екінші орынды иеленді.
«Астана Опера» 207-ден астам шара өткізді, ал театрдың спектакльдері мен концерттеріне 61 127 адам келді. Театр фойесінде аңызға айналған өнер қайраткерлері, театр әртістері мен спектакльдердің қоюшыларына арналған 45-ке жуық көрме өтті. Өткен кезеңде жетекші қазақстандық БАҚ-тарда 7 мыңға жуық жарияланым жарық көрді.
Айтулы күндер: Келесі бір сандар мерейтойлық даталарда көрініс тапты, театрлық маусым мерейтойларға толы болды, Үлкен зал мен Күләш Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында Ғазиза Жұбанованың 95 жылдығына орай «Жұбановтар әлемі», Роза Бағланованың 100 жылдығына орай «Асыл арман» тамаша концерттері, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсы, сондай-ақ Күләш Байсейітованың 110 жылдығына орай «Қазақтың бұлбұлы» және атақты композиторлар, орындаушылар мен жазушылардың мерейтойлық даталарына арналған «Ұлыларға тағзым» концерттері өтті.
Балалар жылы: Театр мерейтойлық даталарын атап өткен композиторлардың көбі өздерінің шығармашылықтарын балаларға арнаған. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды – Балалар жылы деп жариялағаны белгілі. Осы ретте «Астана Операда» көптеген керемет жобалар өтіп, тағы біразы жүзеге асырылуға дайындалуда. Сонымен, қаңтарда Театрлық қолөнер студиясының ашылуы болды, бұдан бөлек «Астана Опера» Балалар студиясының екі бөлімі – «Хор» және «Балет» өзінің белсенді жұмысын жалғастыруда. Қалыптасқан әртістермен қатар, опералық спектакльдерге, Күләш Байсейітова атындағы Камералық залдағы концерттерге балалар қатысады. Наурыздағы афишаға «Балаларға арналған классикалық музыка апталығы» алғашқы фестивалі көрік берді. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен бірлесіп қолға алынған «Театр сабағы» жобасы өте танымал болғанын атап өту қажет. Енді оған қала оқушылары ғана емес, облыс және ауыл мектептерінің балалары да келуге тырысады.
Игі істер: Сондай-ақ елордалық балалардың қайырымдылық негізде көрмелерге келуге мүмкіндіктері болды, соның ішінде мұндай көрме аутизмі бар балаларға арналып ұйымдастырылған болатын. Жалпы, қайырымдылық жобаларына 760 адам келді. Бұдан бөлек, «Астана Опера» қалалық әкімдікпен бірлесіп, «Мәдени Ел» қайырымдылық жобасын жүзеге асырды. «ABAQUS-DARYN»-ның қызықты бағдарламалары, «Сиқырлы ысқы», «Балаларға арналған классика» топтамасынан концерт – К.Сен-Санстың «Жануарлар карнавалы», «Астана кештерi» фестивалі аясында композитор Пьер Тиллуаның шығармашылық кеші, Viva Mozart! көшпелі қайырымдылық концерті көпшілікті бейжай қалдырмады.
Мәдени деңгейді, эстетикалық тәрбиені арттыру және ағартушылық мақсатында театр спектакльдер мен концерттерге Ұлттық гвардияның әскери қызметшілерін, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерін шақырды.
ҰОС ардагерлері, қарттар мен тұрмысы төмен отбасылар да назардан тыс қалмады, оларға арнап «Астана Опера» еріктілері мерекелік даталарға орай азық-түлік себеттері мен сыйлықтар әзірледі.
Алда бұдан да зор жетістіктер күтеді
Әлбетте, игі істер, мазмұнды жобалар мен гастрольдік қызмет жаңа маусымда да жалғасын табады. Әлемдік БАҚ Х мерейтойлық маусымның ашылуы жайлы әлдеқашан хабарлап қойды.
– Оның жарқын оқиғалармен атап өтілетіні белгілі – «Астана Опера» қазақстандық және шетелдік опера және балет жұлдыздары қатысатын «Жібек жолы» халықаралық фестивалін өткізеді, сондай-ақ оны әлемдік театр сыншылары тамашалайды. Мерейтойлық маусымды театр әлемдік опера сахнасының жұлдызы, «Грэмми» сыйлығының лауреаты сопрано Суми Чоның (Корея) қатысуымен өтетін концерт ашады, ЮНЕСКО-ның Суми Чоны «Бейбітшілік әртісі» ретінде таңдағанын атап өтуіміз қажет. Бұдан бөлек, шығармашылық ұжым алда болатын премьералар – Раймондо Ребектің қойылымында Сергей Прокофьевтің «Күлбике» заманауи балетіне, сондай-ақ Юрий Александровтың қойылымында Балнұр Қыдырбектің «Қалқаман – Мамыр» опера-балетіне және Жолан Дәстеновтың музыкасына режиссер Еренбақ Тойкеновтың қойылымында «Қаңбақ шал» балалар операсына (!) дайындалуда, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» директоры Ғалым Ахмедьяров.
Маусым жабылғанда театр көрерменмен қоштаспайды, оларды «Астана Опера» сахнасында қарағандылық және түркістандық театрлардың гастрольдік өнер көрсетулері, сондай-ақ Күләш Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында «Музыкалық демалыс» қызықты концерттері күтеді.