Елордалық театр репертуарын жуырда ғана толықтырған Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» операсы 5 маусымда «Астана Опера» сахнасында зор жетістікпен қойылды. Бұл кеште ержүрек батыр Алпамыс пен қаһарлы Тайшық ханның басты партияларында елордалық сахнаға алғаш рет театрдың жетекші солистері Талғат Ғалеев пен Евгений Чайников шықты.
– Юрий Александров біздің сахнамызда «Алпамыс» операсын өзінің ой-қиялымен өте қызықты етіп ұсынды. Осы керемет режиссермен жұмыс істеуге көбі ұмтылады, себебі ол спектакльде солистерге ғана басымдық бермейді, сонымен қатар ол бұқарамен белсенді жұмыс жүргізіп, хор мен миманс әртістерінің әрбіреуіне міндет қояды. Қойылым жайлы айтсақ, бұл қазақ батыры туралы эпос, спектакль барысында кейіпкерімнің мінез-құлқы дами түседі. Алпамыс өз отаны, халқы үшін ерлік істерге барады, ол сонысымен маған жақын. Вокалдық жағынан қарағанда партия күрделі, ол классикалық орындауға келіңкіремейді, дегенмен жаңа дүние болғаннан кейін, өзіне елітіп әкетеді. Осы партияда сахнаға шыққан сайын оған көп жарқын бояулар қосуыма тура келеді деп ойлаймын. Бүгін көрермендер менің өнерімді өте жақсы қабылдады, демек кейіпкердің бейнесін көрсету, тыңдарманға жүрекке жылы тиетін махаббат хикаясын жеткізу қолымнан келді. Бізге, әртістерге қошеметтерін арнап, «Бәрекелді» деп дауыстаған көрермендерге өте ризамын, бұл айтып жеткізуге келмейтін қуат алмасу болды, – деп атап өтті «Астана Операның» жетекші солисі Талғат Ғалеев.
– Бұл мен үшін Тайшық ханның партиясында көптен күткен дебютім болды. Ол ерекше кейіпкер, сондықтан менің алдымда көптеген міндеттер тұрды, ең алдымен, көрермендерді өзіме сендіру, оларға белгілі бір әсер сыйлау үшін жақсы актерлік шеберлікті көрсету маңызды болды. Сол үшін көп дайындалдым, тілдік және музыкалық материалды меңгеру үстінде нәтижелі жұмыс істедім, дыбыс шығаруды жетілдірдім. Менің ойымша, Юрий Александровтың жарқын қойылымында Тайшық хан бейнелі болып шықты. Бұл ұлттық репертуардағы жуан дауыспен орындалатын партиялардың ішінде ең маңызды рөлдердің бірі екенін айта кетуіміз керек, оның мен орындайтын партиялардың қатарын толықтырғанына шынымен қуаныштымын, – деді «Астана Операның» жетекші солисі Евгений Чайников өнер көрсетуден кейін пікірімен бөлісе отыра.
«Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен өткен операның басқа да кейіпкерлерін театрдың опера труппасының жетекші солистері мен солистері орындады. Асқан сұлу Гүлбаршынды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жамиля Джаркимбаева таныстырса, Жер-Ана бейнесін Татьяна Вицинская сомдады. Қарагөздің рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова жарқын өнер көрсетті, Мыстан партиясында Гүлжанат Сапақова, Қараман бейнесінде Бейімбет Таңарықов сахнаға шықты. Жырау – Хайдар Мұстапин, Кейқуат – Әлихан Зейнолла, Ұлтан – Ерұлан Кәмел, Тазша – Бейбіт Баянбаев. Осынау кеште «Астана Опера» хоры керемет ән шырқады.
Операға арқау болған батырлық эпос ержүрек батыр Алпамыс жайлы, оның өз халқының бақыты мен бостандығы үшін күресі туралы баяндайды. Батыл жауынгер қатыгез Тайшық ханға және жауыз Мыстанға қарсы шығады, осы күресте жомарт Жер-Ана оған көмегін созып, шайқас басталар алдында қылыш береді. Оқиғада романтикалық желі де бар – бұл батырдың ғашығы нәзік, асқақ, қайсар және адал қыз Гүлбаршынмен қарым-қатынасы. Алпамысты айбарлы ханның қызы Қарагөз де жақсы көреді, ол бекзат әрі ержүрек батырға көмектесу үшін озбыр әкесіне қарсы шығады. Соңында жақсылық зұлымдықты жеңіп, көпшілік қуанышқа кенеліп, хикая кесек оймен өз мәресіне жетеді.
Ұлттық классика жауһары – Кәукен Кенжетаевтың либреттосына көрнекті қазақстандық композитор Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» операсы көпшілік көрермен «Астана Операда» сүйіп тамашалайтын спектакльдердің біріне айналды. Елорда тұрғындары мен қонақтары қоюшы режиссер Ресейдің Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Юрий Александровтың бірегей ойын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгуновтың қызықты декорациялары мен әдемі костюмдерін жоғары бағалады. Ирина Вторникованың сәулелі партитурасы мен италиялық дизайнер Серджио Металли жасаған бейнепроекциялардың ерекше ойыны көрермендерді зор әсерде қалдырды.
Танымал қойылымға айдың басында келе алмаған классикалық өнерсүйер қауым оны 21 маусымда рақаттана тамашалауға мүмкіндік алады. Алпамыс пен Тайшық ханның партияларында тағы да Талғат Ғалеев пен Евгений Чайников өнер көрсетеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова Гүлбаршынды өз интерпретациясымен ұсынса, Жер-Ананың рөлін Татьяна Вицинская, ал Карагөзді Әсем Сембина сомдайды. Мыстан – Гүлжанат Сапақова, Қараман – Ерұлан Кәмел, Жырау – Хайдар Мұстапин, Кейқуат – Абылай Бекен, Ұлтан – Рамзат Балакишиев, Тазша – Аян Жаймағанбетов.
«Астана Опера» Симфониялық оркестрін спектакльдің қоюшы дирижері Абзал Мұхитдин басқарады. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, кеңесші – Найля Рахмадиева. Қоюшы балетмейстерлер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Тұрсынбек Нұрқалиев пен Ғалия Бөрібаева, жобаның техникалық жетекшісі – Виктор Караре, опера труппасының директоры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов, сахналық пластика – Николай Коршунов.