23 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтарын «Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы Камералық залы сахнасында «Қыркүйектің кереметі» деген романтикалық атпен концерт күтеді. Елордалық асқақ өнер жанкүйерлерінің назарына көрнекті неміс композиторларының сирек орындалатын аспаптық триолары ұсынылмақ.
Жарқын бағдарламада – Карл Райнекенің Гобой, валторна және фортепианоға арналған триосы және Роберт Канның Кларнет, виолончель және фортепианоға арналған триосы. «Астана Опера» оркестрінің әртістері, халықаралық байқаулардың лауреаттары – кларнетші Алмаз Тоқпанов, гобойшы Дария Тұрабекова, валторнашы Марат Қонысбаев, виолончельші Курванжан Ахатов және пианиношы Эльмира Сұлтанғазина ансамбльдік орындаушылықтың нағыз шеберлігін паш етеді.
Операның жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязованың мінсіз өнер көрсетуі көрермен қауымның көңіліне қуаныш ұялатпақ, танымал сопрано дауысты әншінің орындауында әйгілі австриялық композитор Франц Шуберттің Вильгельм Мюллердің сөзіне жазылған «Жартастағы бақташы» әні шырқалады.
Осы айда К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында мазмұнды репетуар ұсынылмақ. Сөйтіп, 2 қыркүйек күні тыңдармандар назарына домбырашы, күйші әрі әнші Мүгілсін Ахметқызының (Аққыз) 125 жылдығына және домбырашы, композитор, күйші, Қазақстанның Халық әртісі Мағауия Хамзиннің 95 жылдығына арналған «Күй ғұмыр» концерті ұсынылмақ. Музыкалық кеш Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік филармонияның «Сарыарқа» фольклорлық ансамблінің ХХV концерт маусымын ашады, ұжымның көркемдік жетекшісі – халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Тоғжан Жахин. Мерейтойлық концерт аясында Мүгілсін Ахметқызының «Қосбасар», «Жетім қыз», «Қайран елім», Мағауия Хамзиннің «Ғарышкерлер вальсі», «Белгісіз солдат», «Жайлау» шығармалары т.б. орындалады.
Концерт қонақтары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев жетекшілік ететін Ғ.Жұбанова атандағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті Арман Жайымов пен Қуат Шілдебаевтың өңдеуіндегі Тәттімбет пен Төлеген Момбековтің күйлерін орындайды. Осы кеште тыңдармандарға өз шығармашылығын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай, Қалкен Қасымов, Болат Тәкішев, Марат Нүкеев, Қайрат Айтбаев, Ерболат Сапуанов, Рүстем Нұркенов, Амангелді Садуов тарту етеді.
Сена өзенінің жағалауына музыкалық саяхат көрермендерге 18 қыркүйекте ұсынылады. «Француз романтикасы» концертін халықаралық байқаулардың лауреаттары, театр оркестрінің әртістері – скрипкашы Әнел Шәкірова, виолончельші Курванжан Ахатов және пианистер Анара Камельинова мен Бекзат Ахмеров ұсынады. Осы кеште К.Сен-Санстың Виолончель мен фортепианоға арналған №1 сонатасы, С.Франктың Скрипка мен фортепианоға арналған сонатасы, Г.Форенің Виолончель мен фортепианоға арналған «Элегиясы» және М.Равельдің Скрипка мен фортепианоға арналған рапсодиясы «Сыған қызы» шырқалады.
Осы ай Доменико Чимарозаның «Жасырын неке» спектаклімен аяқталады. Жалын шашқан күлдіргі опера 28 және 29 қыркүйекте «Piccolo» театры жобасы аясында өтеді. Опера-буффаға мінсіз сай келетін сюжет қызықты оқиғалар мен күлкілі жағдайларға толы, олардан кейін, әлбетте, бақытты финал орын алады.
«Астана Операдағы» спектакль премьерасы өткен жылдың қыркүйек-қазан айларында IX театр маусымында үлкен жетістікпен өтті. Қоюшы дирижер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің, көркемдік жетекші және қоюшы режиссер Алла Симонишвилидің (Италия) шығармашылық үйлесімі көрермендердің зор қошеметін тудырды. Әсерлі костюмдер мен декорацияларды Италиядан келген театр дизайнері Манана Гуниа жасады. Хореограф – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалия Бөрібаева, опера труппасының директоры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Азамат Жылтыркөзов, жобаның техникалық директоры – Виктор Караре, қоюшы дирижердің ассистенті – «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзин.