Әйгілі опера орындаушысы әрі вокал бойынша коуч Анна Вандидің (Италия) шеберлік сағаты Astana Opera Халықаралық опера академиясында қорытынды оқу жылын ашады. Жақын айларда жас әншілерді мазмұнды оқу бағдарламасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов, Жұпар Ғабдуллина, Талғат Мұсабаев секілді сұранысқа ие оқытушылар, сондай-ақ көрермендермен жаңа кездесулер күтеді.
Өз мансабының басында Анна Ванди Римдегі Театро дель Опера, Миландағы Ла Скала, Сан-Карло (Неаполь), Карло Феличе (Генуя) секілді әлемдік ірі театрларда түрлі вокалдық жанрларда өнер көрсетті. Алайда көп ұзамай өзін толығымен ұстаздыққа арнады, сол себепті Astana Opera Халықаралық опера академиясының шәкірттері үшін шеберлік сағаты өте пайдалы әрі қызықты болады деп күтілуде.
– Академия барокко репертуарына көбірек назар аударуды ұсынған болатын, біз опералардан ариялар мен речитативтер, ораториялар мен кантаталарды талдаймыз. Менің табиғи мінезім мен вокалдық тарихыма қарап, маған әнші ретінде де, оқытушы ретінде де ең сан алуан репертуармен жұмыс істеу бақыты бұйырды. Мен жуырда ғана Францияда шеберлік сағатымды аяқтадым және Пармадан Верди фестивалінен оралдым, сол себепті Астанада жас әртістермен кездесуге өте қуаныштымын. Репертуардың жақсы техникалық негізін салу, опера тілі мен музыка мәнерінің дұрыс дикциясын қою маңызды, – деп атап өтті Анна Ванди.
Халықаралық опера академиясының шәкірттеріне сабақ беретін басқа оқытушылар да оқу жылына арналған өз басымдықтарын айтып берді. Академия оқытушысы, профессор Азамат Жылтыркөзов енді бастап келе жатқан орындаушыларды үлкен сахнаға жан-жақты дайындауды өзінің басты міндеті ретінде көретінін атап өтті.
– Оқытуда болашақ опера әншілері үшін дұрыс репертуар таңдауға екпін жасалады. Техникалық мүмкіндіктерге, дауыстың қойылуына, барлық дауыс түрлерінің сапалы дыбысталуына айрықша назар аударамыз, – деді профессор.
«Астана Операның» жетекші солисі Жұпар Ғабдуллина жас әншілермен жұмыста оларға диапазон, тембрді жетілдіруге көмектесуді, музыкалық материалды дұрыс оқуға, түрлі музыкалық жанрларды композитордың стилін сақтап орындауға үйретуді өз міндеті деп біледі. Тыныс алуды жетілдіру мен бейнемен жұмыс істеудің де маңызы зор.
Академия тыңдаушылары үшін бірінші оқу жылы өте мазмұнды болды. Үздік отандық және шетелдік оқытушылардың дәрістері мен практикалық сабақтарына қатысумен қатар, енді бастап келе жатқан вокалистер байқауларда, оның ішінде халықаралық додаларда өз күштерін сынап көрді, сахнаны белсенді бағындырып, «Астана Операның» репертуарлық спектакльдерінде басты партияларды алды. Көрермендердің алдында жиі өнер көрсетіп, көпшіліктің эмоционалдық жауабын сезіну сахнаға төселуге көмектесті. Оқудың қорытынды кезеңі барлық алған білім мен шеберлікті бекітуге тиіс, бұл опера сахнасында тәжірибелік тұрғыда одан әрі жетілу үшін қажет.
Еске сала кетейік, Astana Opera Халықаралық опера академиясы жас вокалистерге «Астана Опера» театры қабырғасында өз шеберліктерін ұштауға мүмкіндік бере отыра, орындаушылық өнер деңгейін арттыру мақсатында құрылған болатын.
Ай сайын академия шәкірттері елордалық классикалық музыка табынушылары үшін жаңа концерт дайындайды. 31 қазанда батыс еуропа композиторларының шығармалары енген «Жан сыры» бағдарламасында жарқын орындаушылардың кезекті өнер көрсетуі орын алады. К.Байсейітова атындағы Камералық залда өтетін музыкалық кешке билеттер қазір сатылымда.