Мазмұнға өту

Жаңа үлгідегі көне ертегі

Қуанышпен аяқталатын ертегіні кім жақсы көрмейді? «Астана Опера» театры «Күлбике» балеттік спектаклінің қойылымын жүзеге асыруды қолға алды, бұған қоса оны үлкендерге де, балаларға да қызықты етіп жасамақ. Алайда жас ұрпақ мейірімсіз өгей шешесі үй қызметшісіне айналдырған бойжеткеннің хикаясына шындап үңілуі үшін басты кейіпкер фэшн-дизайнердің кейпіне енсе, ал ханзада ди-джей бейнесінде шығады. Мұның нәтижесі қандай болады, оны 8-9 қазанда премьерада білеміз.

 – Баршамызға белгілі, ертегілер адам баласын жақсылық пен өмірлік құндылықтарға  үйретеді. Мен көпшілікке таныс хикаяның жаңа психологиялық аспектісін көрсеткім келді. Ол бізде өз-өзіңе, ғажайыпқа, өмірдің құдіретіне деген сенім жайлы болады. Күлбике – бұл өгей шешесінің үйінде өз ательесі бар фэшн-дизайнер. Тағдырдың барлық тауқыметіне қарамастан, ол өз арманына қарай қанат самғайды. Ханзадаға келсек, оның бейнесін сомдау қатты жалықтырып жібереді, сондықтан біздің хикаяда оның сүйікті ісі пайда болады – ол музыка шығарумен айналысады. Себебі Ханзада ескі қоғамның заңдары мен ережелеріне бағынғысы келмейді, ескіліктің қамытын шешіп, тың дүние жасағысы келеді. Сонымен, Күлбике мен Ханзада музыкалық тақырыптары арқылы біз кезеңдер арасында «секіріп» жүреміз, сәнді костюмдермен рококо дәуірінен осы заманға өтеміз, сосын тағы кері ораламыз. Көкейде мынадай сұрақ туындайды: тарихи кезеңде кейбір элементтер заманауи болса қайтеді, мәселен, сол заманда бумбокс немесе полароидтық камера, немесе құлаққап қалай көрінер еді. Дәл осы дүниелер жаңа қадамдар, жағдайлар жасауға көмектеседі, – деді қоюшы хореограф Раймондо Ребек (Германия).

Сөз арасында айта кетейік, балет хореографиясы поп-би және брейк-данс элементтері бар неоклассика стилінде болмақ.

Жаңа қойылымда заманауи элементтер қосылғанына қарамастан, романтикалық ертегі спектаклінің дәстүрлері сақталады, онда вариациялар, бейнелі көрнекі сәттерді көрсететін вальске құрылған дивертисмент пен апофеоздар мол болады. Әлбетте, көпшілік ұнататын «Үлкен вальс» те сақталады, ол – ең жарқын Прокофьев вальстерінің бірі, салтанатты, көңілді, мелодиясының диапазоны кең.

Балеттің негізгі бөлігі Сергей Прокофьевтің музыкасына орындалады, және көрермендердің таңданысына орай, мұнда Джимми Дюрант (Jimmy Durant), Билли Рэй Сайрус (Billy Ray Cyrus), Джеймс Браун, Луи Армстронгтың әуендері естіледі.

– Қызықты сценография, костюмдер, музыка мен әртістердің шеберлігі нәтижесінде бәрі өте әдемі болатынына сенімдімін, – деп сөзін қорытындылады Раймондо Ребек.

Атап өту керек, премьера Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді. Әртістер өз партияларына қызығушылықпен дайындалуда. Күлбике – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Басбаева, Әйгерім Бекетаева және халықаралық байқаулардың лауреаты Шұғыла Әдепхан. Ханзаданың партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан, Далер Запаров, Айбар Тоқтар таныстырады. Патша – Бейбарыс Ақарыс, Бостан Қожабеков, Санжар Әубәкіров. Өгей шеше – Әсел Шайкенова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гаухар Усина, Анастасия Заклинская. Өгей әпке Түшкіргіш – Мөлдір Шәкімова, Аделина Төлепова, София Әділханова. Өгей әпке Тәтті құмар – Әнел Есқалиева, Жұлдыз Жұмажанова, Диана Есқалиева. Мейірімді періште – Сұлтанбек Ғұмар, Арман Уразов, Серік Нақыспеков және тағы басқалары.

Қойылымдық топқа өз ісінің нағыз кәсіби шеберлері енді: қоюшы хореограф – Раймондо Ребек, сценограф – Йоко Сеяма, олар біздің көрермендерге зор жетістікке ие болған «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балеті арқылы таныс. Әрлеуші композитор – Дэвидсон Джаконелло, қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин, жарық бойынша суретші – Тим Вацлавек, проекциялар бойынша суретші – Серджио Металли, костюмдер бойынша суретші – Франсуа-Ноэль Шерпин, қоюшы дирижердің ассистенті – Руслан Баймурзин. «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратова.

Спектакльдің басталуы 18:00-де. 

Published in Жаңалықтар