«Астана Опера» театры өзінің ауқымды шығармашылық қызметінен бөлек, қайырымдылық акцияларына да белсенді қатысады. Жаңа жыл қарсаңында театр еріктілері ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі балалар мен әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары үшін «Ғажайып орнасын» акциясын өткізді. Еріктілер балаларға тәтті сыйлықтар, ойыншықтар мен жемістер салынған себеттер тарту етті.
«Астана Опера» еріктілер қозғалысының көшбасшысы Айжан Құрманғалиева мұндай қайырымдылық акцияларын өткізуді әлдеқашан дәстүрге айналдырған, осы ретте еріктілер тобын театр өз қамқорлығына алған отбасылар әрдайым тағатсыздана күтеді.
– Жаңа жыл – күнтізбеміздегі ең жарқын мерекелердің бірі, оны күтпейтін, жаңа жылда жаңа жетістіктерден үміттенбейтін жан жоқ шығар. Халқымызда: «Қуантсаң, баланы қуант» деген сөз бар, расымен балалардың күлімдеген жүздерін көру – бәріміз үшін үлкен бақыт! Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың қолында, сондықтан оларға ұдайы көңіл бөліп, олар үшін қуанып, керемет бастамаларына қолдау білдіріп отыруымыз керек, – деді «Астана Опера» директорының орынбасары Айжан Құрманғалиева. – Барлық балаларға бақытты балалық шақ, мықты денсаулық тілей отыра, оқуда озат болыңдар, еліміздің отансүйгіш азаматтары мен азаматшалары болып өсіңдер дегім келеді! Жаңа жыл барлықтарыңызға құтты болсын!
«Астана Операның» әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары мен мүмкіндігі шектеулі балаларды акциялармен ғана емес, қайырымдылық концерттерімен де ұзақ жылдан бері қолдап келе жатқанын атап өту керек. Мәселен, биыл 2 сәуір – Бүкіләлемдік аутизм жайлы ақпарат тарату күні Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Астана Операда» қайырымдылық концерті өтті, оның басты қатысушылары күрделі медициналық диагноздары бар музыкалық дарынды балалар болды.
Сондай-ақ жазда еліміздің өңірлерінен жүздеген оқушы театрдың «Халық» Қайырымдылық Қорымен бірлесіп ұйымдастырған «Театр сабақтарына» қатысты. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Жаңа жыл мерекесінің алдында театр еріктілері балаларға керемет тосынсый жасап үлгерді. Бұл біреуге әдеттегі шаруа секілді көрінуі мүмкін, алайда балалар үшін бұл естен кетпес қуанышты күн болды.