22 шілде мен 6 тамызда К.Байсейітова атындағы Камералық залда «Астана Операдағы» музыкалық демалыс» дәстүрге айналған жазғы концерттері өтеді. Елордалық театрда дарынды қазақстандық әртістер, халықаралық байқаулардың лауреаттары – республикамыздың жетекші шығармашылық жоғары оқу орындары мен шетелдің беделді білім ордаларында оқитын студенттер өнер көрсетеді.
– «Астана Операдағы» музыкалық демалыс» – тыңдармандардың сүйікті жобаларының бірі. Әр жаз сайын біздің дарынды жастар үйлеріне туған қазақстандық көрермендермен қауышсам, отандастарыма өз шығармашылық өсуім мен жетістіктерімді көрсетсем деген үлкен тілекпен келеді. Көптеген жас әртістер бұл жобаны күтеді және оған қуана қатысады, қатысқысы келетіндердің саны көп болғандықтан, біз тіпті екі концерт жасадық. Осы орайда барлық музыканттардың жоғары көркемдік деңгейді көрсетіп, сахнаға қуана шығатындарын және әркез түрлі бағдарламаларды таныстыратындарын атап өту маңызды, олар көпшілікті қызықты дүниелермен, мәселен бұрын Қазақстанда орындалмаған шығармалармен таңғалдырғылары келеді. Бұл – қуантарлық жайт. Көрермендер бұл концерттерді расымен күтеді, себебі олар жас болса да, алдарына биік мақсаттар қоятын және оған қол жеткізетін жоғары кәсіби әртістер өнер көрсететінін біледі. Бірақ ең бастысы – жастардың ішкі отансүйгіштік қасиеттері терең, еліміздің мәдениеті мен өнерінің келешегі солардың қолында, – деді әдеби-музыкалық жұмыс департаментінің директоры, К.Байсейітова атындағы Камералық зал жетекшісі Маржан Жәкенова.
Концерт қатысушылары – түрлі музыкалық жоғары оқу орындары: П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы, Н.Жиганов атындағы Қазан мемлекеттік консерваториясы, Вано Сараджишвили атындағы Тбилиси мемлекеттік консерваториясы, Филадельфиядағы Темпл университеті (АҚШ), Conservatorio della Svizzera Italiana (Швейцария), Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясы, Брюссель Корольдік консерваториясының (Бельгия) және басқа да білім ордаларының студенттері. Барлық жастар өз елдерін шетелдік алаңдарда таныстыра отыра, белсенді концерттік қызметпен айналысады.
Бірінші кеште вокалистер Азиза Омарова, Лаура Кулекешева, скрипкашылар Жанара Махмұтова, Аделина Мұхамедиярова, Диана Аблаева, виолончельші Айболат Әбдібақас, пианистер Томирис Бектұрова, Камила Кахирманова, Томирис Али, флейташы Камиля Исмағұлова өнер көрсетеді.
Екінші концертке скрипкашылар Эльнура Русланбекқызы, Диана Мақажан, виолончельші Ильхам Аимбетов, пианистер Клим Пак, Ильяс Узбеков, Батырхан Сүлеймен, флейташы Жаннет Тұяқова қатысады.
Жоба аясында Д.Скарлатти, П.Чайковский, Л.ван Бетховен, В.Цыбин, Г.Венявский, К.Хачатурян, Ф.Шопен, Н.Рота, М.Равель, Н.Капустиннің және басқа да композиторлардың шығармалары орындалады.