Көрнекті италиялық композитор Джакомо Пуччинидің әйгілі «Богема» операсы театрдың арт-менеджері, маэстро Джузеппе Акуавиваның жетекшілігімен 1-2 шілдеде «Астана Операда» тыңдармандарға ұсынылды. Ақын Рудольф партиясында 1 шілдеде елордалық сахнаға алғаш рет қазақстандық опера әншісі-тенор Артур Габдиев шықты. Сондай-ақ бұл күндері тағы бір тенор Руслан Советтің ойыншықтар сатушысы Парпиньоль бейнесінде дебюті орын алды. Суретші Марсель партиясында 2 шілдеде баритон Азат Мәлік дебют жасады.
Екі күнде де спектакльдер шынымен де премьералық орындауларға толы болды. Ал бұл қойылымда сахнаға бірнеше рет шыққан әртістер де кейіпкерлер бейнелерінің өз интерпретацияларын ұсынды. Сонымен, Рудольф партиясын 2 шілдеде Саян Исин, Марсель партиясын 1 шілдеде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев орындады.
Тігінші қыз Мими бейнесінде жаңа қойылымда алғаш рет өнер көрсеткен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова жарқырады. Әнші Мюзетта рөлін Мәдина Исламова мен Елена Ганжа сомдады. Коллен – Болат Есімханов, Шыңғыс Расылхан, Шонар – Ержан Саипов, Альциндор – Дінмұхамед Көшкінбаев, Бенуа – Талғат Ғалеев, Жандарбек Еркінбаев, Кеден сержанты – Нұрлыбек Қосбармақов, Самат Жарылқасынов.
Париждің Латын кварталында кішкентай мансардада тұратын кедей жас зиялылардың өмірі туралы италиялық опера әлемдегі ең көп орындалатын опералардың біріне айналды. Спектакль барысы Рождество қарсаңында өрбиді. Қатты жоқшылыққа қарамастан, кейіпкерлердің өмірінде шынайы махаббат пен достық, шаттық пен қуаныш бар, олардың тағдырында өнер айтарлықтай рөл атқарады. Сюжетте айырылысу мен адалдық, ауыр дерт пен қайғылы қаза тақырыптары да қозғалады.
Елордалық көпшілік «Богема» спектаклінің соны, қызықты қойылымына жоғары баға берді, оның авторы қоюшы режиссер Андреа Бернард болды. Сондай-ақ көрермендерді қоюшы сценограф Эцио Фриджерионың ауқымды декорациялары, «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапиноның жарқын, қанық түсті костюмдері, Серджио Металлидің қараған жанның назарын баурап алатын бейнепроекциялары мен Винченцо Рапонидің сәулелі партитурасы таңғалдырды. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, қоюшы режиссердің ассистенттері – Еренбақ Тойкенов, Текла Гуччи, балалар студиясының хормейстерлері – Алтынғаным Ахметова, Әйгерім Макибаева, жауапты концертмейстерлер – Жаңыл Рахымбекова, Зәру Жазықбаева. Опера труппасының директоры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері профессор Азамат Жылтыркөзов.
Сондай-ақ, бұл күндері театрдың басты фойесінде Астана күніне орай өткен суретшілер мен мүсіншілер жұмыстары көрмесінің ашылуы болды. 1 шілдеде бастау алған экспозиция 6 шілдеде аяқталады. Әділбек Шайкамалов пен Наира Туманянның кескіндемелері, Олжас Бекеновтың мүсіндері, сондай-ақ «Астана Операның» жарқын қойылымдарынан түрлі-түсті костюмдер көрерменнің назарын жаулап алды.