Мазмұнға өту

Биік өкшедегі топ

«Астана Операға» келген әрбір адам ең алдымен театр залдарында бейімделуге көмектесіп, кеште сахнада өнер көрсететін әртістердің есімдері бар бағдарламаны ұсына алатын осынау қонақжай маман иелеріне, немесе ел аузында айтылып жүрген көз тартарлық «биік өкшедегі топқа» жүгінетіні анық. Біз «Астана Операның» көрермендерге қызмет көрсету департаментінің күлімкөз қыздарының дағдылы жұмыс күндерінің бірі қалай өтетіні жайлы әңгімелеуді жөн санадық.

Көрермендер үшін театрдың кіреберісінен бастап, залға дейінгі жайлы атмосфераны қалыптастыратын театрдың осы бөлімінің әкімшілері мен мамандары екені даусыз. Тоғыз маусым бойы олар мол тәжірибе жинады. Күлімкөз аруларға қарап, адамдар: «Бұл жұмыстың не қиындығы бар? Олар жай ғана билет тексереді» деп ойлауы мүмкін. Алайда, шын мәнісінде, қыздар сахна мен көрерменді байланыстырушы буын болып табылады. Олардың: «Көрермендер жиналды, бастауға болады» деген нұсқауынсыз шымылдық ашылмайды.

Гардероб қызметкерлері, швейцарлар, көрермендерге қызмет көрсету департаментінің мамандары – бұлар театрдың штаттан тыс қызметкерлері, олар «Астана Операға» шара басталардан 1,5-2 сағат бұрын келеді. Осы уақыт ішінде олар шаштарын сәндеп жинап, макияж жасап, бірыңғай үлгідегі киімдерін киіп және концерт немесе спектакль туралы ақпаратты қайталап үлгерулері керек. Одан әрі ең жауапты сәт – көрермендермен кездеседі. «Қозғалысты реттеуші» ретінде қыздар көрермендер залының белгілі бір секторына жол көрсетіп, қай қабатқа өту керектігін айтады. Әр маман өзіне бекітілген секторға жауап беріп, қонақтардың билетте көрсетілген орынға дұрыс жайғасуын қадағалайды.

Мұндай жұмыс студенттерге ыңғайлы екенін айта кеткеніміз жөн. Бұл мамандық арнайы дипломды қажет етпесе де, оның өз шарттары бар. Үміткердің қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуіне, сырт келбетінің сымбатты болуына баса мән беріледі. Ал ең бастысы бұл жұмысқа мінездері байсалды жастар лайық. Себебі театр ұлы өнер мен мәдениеттің ордасы, бұл жерде дау-жанжалға орын жоқ.

Шара кезінде көрермендердің назары басқада болуы мүмкін: біреуі спектакльдің ұнаған сәтін фотоға немесе бейнеге түсіргісі келеді, сондай кездерде күлімкөз қыздар олай жасауға болмайтынын сыпайы түрде ескертеді, ал егер залда біреу жөтеліп жатса, әкімшілер су әкеліп береді. Қысқасы, қойылым барысында мамандарға жүктелетін міндет көп.

Кейде көрермендер театрға көңіл күйлері түсіп келуі мүмкін: біреуі адасып, кіретін есікті таба алмай қалады, ал сосын гардеробтың нөмірін жолғалтса, онда тіпті ызаланып, ашуға булықты дей беріңіз. Көрермендерге қызмет көрсету департаментінің қыздары мұндай сәттерге сан мәрте куә болған және кез келген мәселені мәдениетті түрде шеше білген.

Хостес-әкімшілер жоғарыда аталған гардероб қызметкерлері мен швейцарлардың жұмысын да қадағалайды. Олардың көбі «Астана Операдағы» еңбек жолдарын сонау  университетте оқып жүрген кездерінде кіреберісте билет тексеруден бастаған. Бүгінде олар қонақтарға арнап үш тілде экскурсиялар ұйымдастырып, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен бірлескен жоба аясында мектептердің жоғары сынып оқушылары үшін «Театр сабақтарын» өткізеді.

– Жазда шетелдіктер жиі келеді, біз оларға арнап театр ішінде экскурсиялар ұйымдастырамыз. Карантиндік шектеу шаралары алынғаннан кейін, көрермендер «Астана Операның»  барлық залдарын, мәрмәр ертегісі – фойе мен жайлы театр музейін тамашалай  алады. Адамдардың көрмеге қойылған жәдігерлерге асқан қызығушылықпен қарайтынын жиі байқаймыз. Кейде мынадай жағдай да болады, «Астана Операға» алғаш келген қонақтар ғимаратты ғана қарап шыққылары келеді. Ал сосын олар қойылымдар жайлы мәлімет сұрай бастайды, біз  опералар, балеттер, концерттік бағдарламалар жайлы толық айтып беруге, бүкіл репертуарымызды қамтуға  тырысамыз. Көрермендер қызығушылық танытып, кешкілік қойылымдарға келіп жатады, тіпті спектакльдерге өзге қалалардан келетіндер болады. Бұдан бөлек, біз елордаға делегация құрамында ат басын бұратын  беделді ресми тұлғаларды қарсы аламыз. Әрбір сапар бағдарламасына «Астана Опера» театрына бару енгізілген, осы ретте біз қонақтарды ең жоғары деңгейде қарсы алуға тырысамыз, – дейді әкімшілер.

Театрға келу тәртібіне сәйкес, қонақтар әртістер мен залда отырған көрермендерге кедергі келтірмес үшін үшінші қоңыраудан кейін партерге өте алмайды.

– Адамдар билеттерін жиі жоғалтып жатады, бірақ сондай кездерде де біз оларға қол ұшын беруге тырысамыз, серіктес компанияға хабарласып, телефон нөмірін айтамыз, сосын біздің әріптестер көрерменге билеттің электрондық нұсқасын жолдайды. Театрда кейбір қойылымдарға жас шектеулері бар екенін айта кету керек. Көбі мұны білмей, кішкентай балаларын ересектерге арналған спектакльдерге ертіп әкеледі, немесе 10-12 жастағы балаларын билетсіз өткізгілері келеді. Сондай сәттерде біз оларға келу тәртібін биязы түрде түсіндіріп, сондай-ақ театрымызда балаларға арналған басқа бағдарламалар барын айтамыз, – дейді көрермендерге қызмет көрсету департаментінің қызметкерлері. Олардың айтуынша, кейде қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар ғимаратқа өздігінен кіруге қиналады екен, сондай жағдайларда оларды мамандар даладан қарсы алып,  қойылым біткенде таксиге дейін шығарып салады.

Жұмыс күнінің соңына қарай, әсіресе кешкі қойылым өте қарқынды өтсе, бәрінің шаршайтыны анық. Мақаламыздың кейіпкерлерін не жігерлендіреді деп ойлайсыздар? Әлбетте, жандарына келіп, ұлы өнер әлеміне «бастаушы» болғандары үшін алғыс  білдіретін көрермендер.  

Published in Жаңалықтар