Мұқан Төлебаевтың аңызға айналған «Біржан – Сара» операсы 12 қарашада «Жібек жолы» халықаралық музыкалық фестивалін ашып берді. Біржан партиясын әлемдік опера жұлдызы, Татарстанның Халық әртісі, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Ахмед Агади орындады. «Астана Опера» Симфониялық оркестрі, хоры, солистері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қоюшы дирижер, маэстро Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен өнер көрсетті.
Фестивальдің ашылуында мәдениет пен өнер әлемінде танымал тұлғалар болды. Қонақтар қызыл кілеммен жүріп өтіп, журналистердің көптеген сұрақтарына жауап берді. Мәлім болғандай, «Жібек жолы» 6 желтоқсанға дейін созылып, бүкіл әлемнен опера және балет жұлдыздарын жинайды.
Сонымен, елордалық көпшілік фестивальді ашқан орындаушылардың бірінші жұлдызды құрамын қошеметпен қарсы алды. Сараның партиясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өте әдемі сопрано иесі Айгүл Ниязова жарқырады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев Жанботаның партиясын жарқын орындауымен көпшілікті әсерге бөледі, вокалды әрі драмалық тұрғыда күрделі партия Аналықтың шексіз аналық махаббатын Гүлжанат Сапақова жеткізе білді. Қызғаншақ Алтынайдың бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай сапалы аша білді. Өз партияларын Ержан Саипов (Жиенқұл), Шыңғыс Расылхан (Қожағұл), Рамзат Балакишиев (Серік), Талғат Аллабиринов (Естай) керемет сомдады.
Кеш бойы көпшілік Біржан партиясын орындаған үздік тенор Ахмед Агадиден көз алмады. Музыка сыншылары оның техникасы мол, өте көркем әрі қозғалмалы дауыс иесі екенін сан мәрте атап өткен болатын. Еске сала кетейік, әнші көптеген атақты опера сахналарында өнер көрсетеді, Ресей Үлкен театры, Амстердам операсы, Дания Корольдік операсы, Будапешт операсы, Страсбург операсы, Буэнос-Айрестегі Театро Колон спектакльдеріне қатысты және басқа да танымал алаңдарда ән шырқады. Айта кетейік, әйгілі тенор «Астана Операның» алғашқы маусымын ашқан болатын.
– «Астана Опера» театрының негізі қаланған сәттен бері, міне, 10 жыл өтті, оның ашылуына қатысу мен үшін зор мән-маңызға ие. Сол кезде мен вокалды-драмалық тұрғыда күрделі партия Біржанды орындадым, бұл кейіпкердің бейнесін сомдау оңай емес. Әлбетте, бұл рөлді орындауға мені тағы шақырады деп күттім, және «Біржан – Сара» тамаша қойылымы «Жібек жолы» фестивалін ашқанына өте қуаныштымын, – деді әнші.
– Біржан – бұл айрықша рөл, маған оны орындау ұсынылғанда мен қуана келісіп, оған дайындалуды, жұмыс істеуді, жаңа интонациялар іздеуді бастадым. Өйткені жай сахнаға шығып, ән салуды ғана қалаған жоқпын, осы хикаяны жан дүниемнен өткізгім келді. Тыңдармандар кейіпкерімнің уайымын бөлісіп, менімен бірге қуанып, мұңайғанын қаладым. Мақсатым көрермендердің жүрегіне жету, оларды қалыс қалдырмау болды. Бір ай көлемінде мен концертмейстермен тыңғылықты дайындалып, әсерлі, екпінді үн шығару үшін дауыстағы интонацияларды жетілдірдім, партия өте ырғақты жазылған: онда жүрек пен ойдың тереңдігі бар.
Ахмед Агади бұл кейіпкерді, ең әуелі, өзі әнші болғаны, ән мен сөзін жазғаны үшін ұнататынын атап өтті.
– Оның тұтас шығармашылығы махаббат пен әділдікке арналған. Ол заманда да қазіргі кездегідей әділетсіздік болған: байлар қарапайым халыққа күн көрсетпеген, Біржан бұл жайлы өз өлеңдері мен әндері арқылы үнемі тіке айтып отырған. Ол батыл әрі ержүрек адам болған, ал, өздеріңіз білетіндей, шындықты айтқан адамды ешкім жақтырмайды. Операда Қазақстан табиғатына бөлек тақырып арналған. Менің кейіпкерім өз Отанының әсемдігін, оның ғажап орындары – Сарыарқа, Көкшетауды әнге қосқан. Айта кетейін, мен Қазақстанда дүниеге келдім, мұнда өлкелер шынымен де әдемі, адамдар ізетті әрі ақжарқын, халқы қонақжай. Сондықтан операда барлығы бар: махаббат та, күрес те, ол осылар үшін ажал құшты.
Әңгіме соңында атақты әнші «Жібек жолы» фестивалінің ұзағынан болуын, бүкіл әлемнен әртістер жинауын тіледі.
– Мұнда естен кетпес қызықты спектакльдер өте берсін, көрермендер оларды жоғары бағаласын. «Жібек жолының» ғұмыры ұзақ болып, бұл фестиваль жайлы бүкіл әлемде айтылсын деп тілеймін.